Бұл қор корпоративті басқарудың әлемдік дәрежесіне сай құрылып отыр. Оның талаптары бойынша компаниялардың қайырымдылық бағыттағы істері ашық, жауапты және есеп беретіндей тетіктер құру арқылы әлеуметтік және қайырымдылық жобаларды қаржыландырудағы жұмыстарды ретке келтіріп отырады.
“Самұрық-Қазына-Астана” қоры спортты қолдау мен оны дамыту, елімізде үлкен жетістіктерге жетіп жүрген спорт түрлері мен бұқаралық спорт түрлерін дамыту секілді мәселелерге мамандандырылатын болады. Сонымен бірге оның спортшылар мен бапкерлерді дайындап, жоғары дәрежедегі спорт мамандарын елге тарту жұмысымен де айналысуы көзделіп отыр.
Жақында корпоративті қордың қамқоршылар кеңесінің шешімімен оның бас директоры болып Дәулет Тұрлыханов тағайындалды. Бұған дейін Парламент Мәжілісінің депутаты, Туризм және спорт агенттігінің төрағасы, Спорт істері жөніндегі комитет төрағасы қызметтерін атқарған Дәулет Болатұлы кезінде 10 жылдан астам уақыт бойы КСРО-ның грек-рим күресі жөнінен ұлттық құрамасының сапында Кеңес Одағының жеті дүркін чемпионы, Олимпия ойындарының жүлдегері, әлем чемпионы, әлем кубогының иегері, Азия және құрлықтық басқа да ойындардың бірнеше дүркін чемпионы болған. Ол КСРО-ның еңбегі сіңген спорт шебері. Қазақстанның және Қырғызстанның еңбек сіңірген бапкері. Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткер. Профессор, педагогика ғылымдарының кандидаты деген дәрежесі бар. Сондай-ақ ол халықаралық бокс федерациясы бюросының мүшесі.
Дастан КЕНЖАЛИН.
БЕЙЖІҢДЕГІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФОРУМ
Қытай астанасында “Жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыс және кәсіподақтардың рөлі” деген тақырыпта халықаралық форум болып өтті, деп хабарлады ҚР Кәсіподақтар федерациясының баспасөз қызметі.
Форумға Африка, Азия, Еуропа, Латын Америкасы ұлттық кәсіподақтарының өкілдері мен кейбір өңірлік және халықаралық кәсіподақтар ұйымдарының басшылығы қатысты. Форумға қатысушылар кәсіподақтардың рөлі, олардың халықаралық ынтымақтастықтағы қызметін күшейту және дағдарыс салдарын еңсерудің, жұмысшыларды әлеуметтік-экономикалық қорғаудың жолдарын талқылады.
Форумда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сиязбек Мұқашев сөз сөйледі. Ол форумның қорытынды құжатына ұсыныс енгізді. Сөйтіп, дағдарыстан кейінгі кезеңде кәсіподақтар өздерінің үш негізгі міндеттерін айқындады. Олар: тауарлар мен қызмет көрсетулерге одан әрі бағаның өсуіне жол бермеу, жұмысшылардың еңбекақысын тұрақтандыру және жұмыс күшін барынша қамтуға тырысу.
КӘСІПОДАҚТАР “СОСНОВЫЙ БОРҒА” КЕЛДІ
Көктем айының алғашқы күндерінде Қазақстан кәсіподақтарының барлығы Арақарағай орманындағы “Сосновый бор” санаторийіне жиналды. Мұнда наурыздың 4-іне дейін Қазақстан кәсіподақтары федерациясының төрағасы Сиязбек Мұқашевтың жетекшілігімен “Қазіргі жағдайдағы акционерлік қоғам мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері қызметінің өзекті мәселелері. 2015 жылға дейінгі кезеңге арналған санаторий-курорт, туристік және қонақ үй кешендерін дамыту бағдарламасын дайындау” атты семинар-кеңес өтуде.
Бұл жиынға еліміздің барлық шалғайындағы кәсіподақтарға қарасты сауықтыру орындарының жетекшілері, олардың медицина жөніндегі орынбасарлары, тәжірибелі дәрігерлер қатысуда. Жиналғандар сауықтыру-демалыс орындарында медициналық қызметтің сапасын көтеру, емдеудің озық әдістерін енгізу және қаржы-шаруашылық қызметтер жөнінде терең талқылап, пікір алмасатын болады. Сонымен қатар семинар-кеңесте “Кәсіподақтарға қарасты сауықтыру орындары мен қонақ үйлерінің көшбасшылары” атты байқау-көрме өтеді.
Д.ӘУБӘКІРОВ, “Сосновый бор” ЖШС директоры. Қостанай.
Бәрекелді!
БІЛІКТІ ӘКІМ ЖЕКЕ БЛОГПЕН ДЕ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ
Жамбыл облысы әкімдігінің ресми сайтында (www.zhambyl.kz) облыс әкімі Қанат Бозымбаевтың жеке блогы жұмыс істей бастады.
Оның ерекшелігі сол кез келген адам облыс әкімі атқарып жатқан жұмыстарға байланысты соңғы жаңалықтарды ғана біліп қоймай, блог “қонақтарының” сұрақтарымен және оларға қайтарылған жауаптармен де таныса алады. Сонымен бірге, облыс басшысына өздерін толғандырған сауалдар мен ұсыныстарды жеткізуге де мүмкіндіктері бар.
Блогқа хабарласқан Шу ауданының тұрғыны “енді облыс басшысы халыққа, халық облыс басшысына жақындай түсті” деп ризалығын білдірсе, Жуалы ауданының тұрғыны Е.Манашев облыстағы ауыл шаруашылығы саласын дамыту жайындағы ой-пікірлерін айтыпты. Тараздық С.Аманбеков облыс орталығындағы құрылысы 30 жылдан бері бітпей тұрған қонақ үй мен қала сыртындағы Шалғай Қарасуға барар жолдағы аспалы көпір құрылысының да кезінде аяқсыз қалғанын жеткізіпті.
Бүгінде интернет пен электронды пошта қызметі халық арасында көп пайдаланыла бастады. Сондықтан жамбылдықтар облыс әкімінің өз блогындағы: “Мен өзімнің жеке блогымда сіздермен кездескеніме қуаныштымын. Бүгін, ақпараттық технология дамыған кезде біз, жергілікті атқарушы билік, осы аймақтағы әрбір тұрғынның әлемдік ақпараттық кеңістікке шығуына барлық жағдайды жасайтын боламыз. Облыс әкімдігінің ресми сайтының көмегі арқылы, біздің аймақтағы қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайымен танысатын боласыздар. Осы блогтың көмегімен сіздер менімен тікелей байланысқа шығып, өз сұрақтарыңызды айтып, ойларыңызбен бөлісе аласыздар. Кез келген өтініш назардан тыс қалмайды. Бұл блогтың бірыңғай ақпараттық алаңға айналатыны және қызықты да тиімді болатына сенемін”, деген жүрекжарды сөзін оқып, “бәрекелді, бұл да жөн екен” деп отыр.
Облыс әкімінің оңды бастамасы енді аудандар мен қала әкімдері тарапынан да қолдау тапса, нұр үстіне нұр болар еді.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ. Жамбыл облысы.
“ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРНЫНЫҢ ҮЗДІК ОҚЫТУШЫСЫ”
мемлекеттік грантын биыл 200 адам алды
Соңғы бес жыл көлемінде Үкімет үздік оқытушыларды қолдау мақсатында қомақты қаражат бөліп келеді. Аталмыш грантты жеңіп алған ұстаздар мамандықтарына қатысты келелі мақсаттарын жүзеге асыра алады. Сонымен, Қазақстан Үкіметінің 2005 жылғы 24 тамыздағы қаулысына сәйкес “Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы” мемлекеттік грантын тапсыру игі дәстүрге айналып отыр.
Бұрынғы грант иелерін де арнайы комиссия анықтаған. Еліміздің ең жаңашыл да ізденімпаз, шәкірт тәрбиелеуге шығармашылық тұрғыда қарайтын оқытушыларды анықтауға Парламент Мәжілісі депутаттары, министрліктер мен мекемелер, білім беру саласының жетекші мамандары ғалымдар араласып, төрелік айтқан.
Жыл сайын бұл атақты алуға талпынып, тынбай іздене бастаған оқытушылардың қатары көбейіп келе жатқанын аңғару қиын емес. Биылғы “жоо оқу орнының үздік оқытушысы” байқауына 93 жоғары оқу орнынан 840 үміткер құжат тапсырса, 2005 жылы – 431 адам, 2006 жылы – 902 адам, 2007 жылы – 828 адам, өткен жылы 955 адам бағын сынаған екен.
Дегенмен, байқауға қатысып, бағын сынағылары келгендер көбейгенімен, байқаудың да ережелері күрделене түсуде.
Сонымен “жоо үздік оқытушысы” атағына кімдер лайықты? Ең алдымен үздік оқытушы қолданбалы ғылыми-зерттеулермен, халықаралық ғылыми жобаларға қатысуы, үйренушілердің ғылыми жұмысына (соның ішінде студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жұмыстарына жетекшілік жасау), оқулықтар мен оқу құралдарына, оқу-әдістемелік кешендер әзірлеу мен басып шығаруға қатысуы, заманауи педагогикалық технологияларды енгізу және пайдалануы, студенттердің оқытушыны педагогикалық шеберлігін бағалауы, үміткердің тәжірибеден шетелде өтуді жоспарлауы сияқты жетістіктері арқылы бағаланады.
Өткен сенбі күні Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев еліміздің 200 үздік оқытушысына мелекеттік грантын табыстады.
Айнаш ЕСАЛИ, Алматы.