Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауындағы аграрлық секторды жедел дамытуға байланысты қағидаларын ауылдағы ағайындармен бірге ҚазҰАУ-дың үлкен ұжымы да ерекше ынта-ықыласпен қабылдады. Әрі еліміздің өткен онжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық дамуындағы жетістіктері және әлемдік аренада беделі өскендігі мақтаныш сезімін ұялатты. Қазақстанның ішкі және сыртқы саясаттағы жетістіктерін Мемлекет басшысының көреген саясатымен, табанды ерік-жігерімен байланыстырамыз.
Биылғы Жолдау – еліміздің бәсекелестікке қабілеттілігін арттырудың өзіндік стратегиялық жоспары, сондай-ақ әрбір қазақстандықтың алдағы онжылдыққа деген үмітін үкілеп, әлеуметтік-экономикалық дамуымыздың даңғыл жолға түсуіне сенімін нығайтады. Ондағы қойылған міндеттер, сондай-ақ ұсынылған шаралардың іске асырылатынының күмәнсіздігі олардың ғылыми тұрғыдан негізделгендігінде. Елбасы таяудағы онжылдықта тұрлаулы да теңдестірілген даму, жедел әртараптандыру және ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру есебінен жүзеге асатынын қадап айтты. Жоба тек жұмыс арқылы ғана емес қадағалау арқылы да жүзеге асады. Сондықтан алдағы он жылғы дамудың басты құжатында әр өңірдегі әрбір индустриялық жоба жергілікті биліктің ғана емес, сонымен бірге жұртшылықтың да айрықша бақылауына алынуы керектігін ескертеді. Сөз жоқ, әртараптандырудың басты маңызды сегменті агроөнеркәсіптік кешенді дамыту екендігі рас. Жолдауда оны дамытудың үш бағыты көрсетілген. Оның біріншісі – еңбек өнімділігін арттыру. Екіншісі – елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Үшіншісі – елдің экспорттық әлеуетін іске асыру. Жолдауда бұл мақсаттарды іске асырудың жолдары мен тетіктері көрсетілген. Экономиканың тұрақты өсуінің кілті әлемдік тәжірибе көрсеткеніндей, индустрияландыруды жеделдетуде, инфрақұрылымды дамытуда, адам капиталының бәсекелестік қабілетін арттыруда екені мәлім. Бұл үшін жаңа инновацияларды енгізудің маңызы зор. Елбасы сондықтан агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға байланысты 2014 жылға қарай агроөнеркәсіптік кешенде өнімділікті кем дегенде екі есеге арттыру, сол мерзімде ішкі рыноктың 80 пайыздан астамын отандық тағам өнімдері құрауына қол жеткізу, еліміздің экспорттық әлеуетін іске асыру міндеттерін алға қойып отыр.
Осы аталған бағыттардағы жұмыстың нәтижелі болуында еліміздегі ұлттық инновациялық жүйенің тиімді және ұтымды қызметін қалыптастырудың рөлі ерекше көрсетілген. Осы тұрғыдан келгенде, ғылыми әлеуеті орасан біздің Қазақ аграрлық университетінің орны айырықша дер едім. Университет білікті ғылымдар шоғырланған, ғылыми-зерттеудің лекті нәтижелеріне ие, еліміздің аграрлық секторында шетелдік инновациялық технологияларды бейімдеу тәжірибесі жинақталған ұжым ретінде ұлттық инновациялық жүйедегі жетекші орталықтардың бірі. Жолдау міндеттері тұрғысынан қарағанда агроөнеркәсіптік кешенді дамытуда біздің ғалымдардың араласпайтын саласы жоқтың қасы.
Университетте 700-ден астам ғылым докторы мен кандидаты қызмет атқарады. Олардың аграрлық салаға көмегі шешуші сипатқа ие. Оқу орнында ҚР ҰҒА Аграрлық ғылымдар бөлімшесі орналасқан. Оның құрамында 38 академик зерттеу жұмыстарына жетекшілік жасап отыр. Іс жүзінде олардың әрқайсысының қалыптасқан ғылыми мектебі бар. Мұнымен қатар университетімізде 3 ғылыми-зерттеу институты, 3 ғылыми-зерттеу орталығы нәтижелі зерттеу жұмыстарымен шұғылданады. Соларда іргелі және қолданбалы бағыттар бойынша ондаған тақырыптарда ғылыми зерттеулер жүргізілуде.
Жолдауда Елбасы тапсырмасы бойынша Үкімет жедел индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы мен елді индустрияландырудың егжей-тегжейлі картасын әзірлегені айтылды. Яғни, алдағы таяу жылдарда нені, қайда және қашан салатындығымыздың толық іс-қимыл жоспары бар деген сөз. Ел экономикасы үшін аса маңызды шақта кім ғылыми көмек сұрар екен деп қарап отыратын уақыт па?! Университет басшылығы мәселенің өткірлігіне байланысты ойласа келе индустриялық-инновациялық бағыттардың нақты нысандарына, қолға алына бастаған жобалардың атқарушы әкімшілеріне сол сала мен оның инновациялық ұмтылыстарын жетік білетін ғалымдарды жіберуді жөн көрді. Олар барған жерлерінде жұмыстың ғылыми негізде ұйымдастырылуына, ең үздік инновациялық жаңалықтарды енгізуге тегін көмектесетін болады. Мақсат – мәселеге ғылыми тұрғыдан келудің артықшылықтарына көз жеткіздіру. Жоба басшылары біздің ғалымдардың нақты пайдалы екендігіне көз жеткізген кезде жұмыс әрі қарай келісім-шарт негізінде жалғасатын болады.
Елімізде тұтастай экономика бойынша бір қызметкерге жылына 17 мың доллардың өндірілген өнімі келсе, дамыған елдерде бұл көрсеткіш ең кемі 90 мың долларды құрайды. Онда ауыл шаруашылығында бір жұмыс істеуші жылына 50-60 мың доллардың өнімін өндірсе, бізде шамамен бұл 3 мың долларға жетер-жетпес қана. Айырмашылық жер мен көктей. “Қорытынды түсінікті, – дейді Елбасы осыған орай өз Жолдауында, – бізге жағдайды түзету – өнімділікті арттырып, инновацияларды ендіру керек”.
Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ауылшаруашылық мәшинесі құрылысының металдар технологиясы, агроэкология, мал шаруашылығы, егіншілік саласында әлемдік стандарттарға жауап беретін ізденістер баршылық. Бізде құрылған зертхана нано деңгейінде зерттеу жүргізуге, сондай-ақ университет ғалымдарына тағам өнімдері мен ауыл шарушылықтарында ГМО құрамын анықтаудың жаңа экспресс әдістерін жасауға мүмкіндік береді.
Университет инновациялық жаңалықтары мол жапон компанияларымен тығыз байланыс орнатты. “SHІMADZU” компаниясы өкілдерінің қатысуымен ғылыми-практикалық семинар өткізіліп, онда осы компания шығаратын құрал-жабдықтардың тұсаукесері жасалды. Алдағы уақытта 50 пайыздық жеңілдікпен осы құрал-жабдықтар бізге берілетін болды. Ол біздегі экологиялық орталықтың нысаналы жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Жапонияның “Іntеractіve Corporatіon” компаниясымен ынтымақтастық нәтижесінде университеттің агробиоинженерлік нанозертханасының жұмыстарына арналған бүгінгі күн талабына сай екі электронды микроскоп қондырғысы орнатылды. Үкіметтің 200 млн. теңгелік грантына алынған бұл зертхананың ғылым жолындағы ізденістерге соны серпін берері сөзсіз. Тараптар арасында алдағы уақытта өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл тек университет үшін ғана емес бүкіл еліміздің агрокешені үшін маңызды қадамдар.
Ғалымдардың үлкен тобы академик Р.Елешевтің жетекшілігімен құнарлы топырақтың маңызды көрсеткіштерін реттейтін агрохимиялық және агротехникалық тәсілдерді кешенді пайдалануда, профессор Т. Нұрғасеновтың жетекшілігімен күріштің ауыспалы егісінен шыққан жерді рекультивациялау тәсілін ұтымды тәсілмен алмастыруда, жеміс-көкөніс кафедрасының қызметкерлері (профессор С.Н.Олейченко жетекшілігімен) агробиоәртүрлілік жемісті дақылдар мен жүзімнің жабық тамыр жүйесімен қысқы ұластыруды қолданумен алма мен алмұрт көшеттерін өсіруде, инженерлік салада Ж. Садықовтың жетекшілігімен энергияны үнемдеуде инновациялық технологиялар және ауылшаруашылық дақылдарын өсіру үшін техникалық жабдықтар энергия көздерін дәстүрлі емес жолымен қалпына келтіру базасында үлкен жұмыстар атқарылуда. Мемлекеттік сынақтан сәтті өткен, тәжірибелі-өнеркәсіптік партиялар шығарылымы ұсынған “Қазақстандық-1” тәжірибелі-өнеркәсіптік комбайнының үлгісі дайындалды. Сондай-ақ ғалымдарымыз еліміздегі су тапшылығына орай тамшылата суарудың жаңа жүйесін жасады. Университетте Ш. Дәленов, Т. Садықұлов, К.Дүйсенбаев, А.Егеубаев тәрізді профессорлардың жетекшілігімен мал шаруашылығы саласында ірі ғылыми жұмыстар жүргізілуде. Республиканың асыл тұқымды шаруа қожалықтарында жүргізілген зерттеулердің нәтижелері басқа шаруашылықтарда іске асырылған мал басының жоғары өнімділігін арттыруға мүмкіндік берді. Республикадағы мал басының жалпы жоғары генетикалық әлеуетіндегі асыл тұқымды малдардың үлесі артты.
Фермерлік өндіріс саласының қызметкерлерін даярлау мен кәсіби қайта даярлауда университетте 1996 жылы жоғары фермер мектебі ашылған болатын. Сол жылдардан бері 10 мыңнан астам фермер білімдерін жетілдіре алды. Фермерлерді оқытуда бүгінгі таңда қашықтықтан оқыту сияқты әдіс-тәсілдер қолданылады.
Осы келтірілген жағдайлар барлық мүдделі тараптардың өзара байланысын күшейту қажеттілігін анықтайды, Елбасының халыққа Жолдауында айтылған міндеттерді табысты жүзеге асырудың кепілі болып табылады. Университет ұжымы да жоғары халықаралық талаптарға және әлемнің жетекші университеттерінің рейтингіне енуге ұмтыла отырып жоғары білім сапасын қамтамасыз ету үшін барлық күш-жігерін жұмсайды.
Тілектес ЕСПОЛОВ, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА академигі