Өткен жылдың қорытындысы бойынша өңірде білім беру, денсаулық сақтау, Тұрғын–үй коммуналдық шаруашылық көлік салалары сандық жүйеге көшірілді.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, цифрландыру аясында облыс кәсіпорындары құны 5 млрд теңге тұратын 11 жобаны іске асырған. Жобаларды іске асыру барысында өнімдердің құнын төмендету, Отандық өнімді тұтынуды сараптау және бақылау қолға алынды.
Қазіргі уақытта электр энергиясын есепке алудың коммерциялық жүйесін, әртүрлі басқару жүйелерін, GPS, атмосфералық және коммутациялық қатты күш беруден қорғайтын құрылғыларды және тағы да басқалары автоматтандырылған сандық жүйеде жұмыс жасауда.
Мысалы, бұл мақсат - «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ, «Каустик» АҚ, «Майқайыңалтын» АҚ, «ERG Service» АҚ-ның филиалы – Машинақұрастыру зауыты, «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС, «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ, «Қазақстан алюминийі» АҚ және «Проммашкомплект» ЖШС-да сәтті жүргізілуде.
Биыл кәсіпкерлікті қолдау картасының 3 жобасын іске асыру жоспарлануда. Ақсудағы «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ-на қарасты №5 энергоблок қайта жаңғыртылмақ.
Сондай-ақ, құм блоктарын шығаратын өндіріс орны ашылмақ. Кәсіпорындар технологиялық жаңғырту және цифрландыру бойынша жұмыстарды қолға алуда.
Өңіріміздегі ірі өндіріс орындары 2025 жылға дейін технологиялық тұрғыдан жаңғыруға, цифрландыру элементтерін енгізумен аяқталуы мерзімдері әртүрлі 40 жобаны іске асырмақ.
Мысалы, облыс орталығындағы «Мұнай-химия зауыты» ЖШС жабдықтарға қызмет көрсету және жөндеудің автоматтандырылған жүйесіне көшпек. Еңбек өнімділігін арттырып, өндірістік шығындарды біршама азайтады.
Биыл өңірде диспетчерлік және авариялық-құтқару қызметтерін, географиялық ақпараттық жүйелерді, қоғамдық көлікте электронды билеттерді сату жүйесі енгізіледі.
Сонымен қатар, жол қозғалысы ережелерін бұзушылықты фото және бейне жазбалар арқылы тіркеу және бейне-аналитиканы жедел басқару үшін арнайы орталық құру жоспарлануда.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
ПАВЛОДАР