20 интеллектуалды мектепке оқушылар конкурспен қабылданады. Бірінші сыныпқа психологиялық-педагогикалық диагностика негізінде сынақ жүргізілетін болса, 2-11 сыныптарға іріктеу конкурсы негізгі пәндер бойынша білімді кешенді тестілеу, бейін, пәндерді үйрену қабілетін анықтауда жазбаша тексеру жұмысын алу, тілдерді білу деңгейін анықтау бойынша жүргізіледі.
Елдің іргесін бекітіп, кеткен есесін бірте-бірте қайтаруға қол жеткізген тәуелсіздіктің тамырын бұдан былайғы кезеңде тереңге байлайтын, алтын арқауын үзбей бодандықтың қасіретін тұңғиыққа батырып, бостандықтың шарапатын танытатын ұлы жолды ұрпақтан ұрпаққа жалғау ісі алдыңғы толқынның мойнына жүктелген. Ой өлшемдері уланбаған жаңа заман жастарының бұл жұмыста орны ерекше болатынын Елбасы ерте аңғарып, олардың білім, білігін жетілдіруге ден қойды. Сөйтіп, 1993 жылы “Болашақ” халықаралық бағдарламасын өмірге әкелді. Сол бағдарлама аясында мыңдаған жас әлемнің мықты деген жоғары оқу орындарында білім жетілдірді. Қазір жүздеген түлек қырандай түлеп, Елбасына қолқанат болып жүр.
Алғыр да алымды, талантты ұл-қызды қарғадайынан қамқорлыққа алып, мектептен білім нәріне қандырып, топшысын бекітіп, топты жарып шығу жолындағы тағы бір игілікті іске Мемлекет басшысы ұйытқы болды. Ол тұңғыш Президенттің 20 интеллектуалды мектебі еді.
Бұл білім ордаларының табысты жұмысы туралы Президент өзінің биылғы Жолдауында ерекше атап өткені белгілі. Аталмыш мектептер экономиканың маңызды салаларында және ел ғылымында қабілетті менеджерлер дайындауды көздейді. Осы білім ұяларының даму бағыттарына келсек, біріншіден, дүниежүзілік сапа және білімнің өтімділігі, екіншіден, дара білім және қабілеттілерді баулу, үшіншіден, жаратылыстану – математикалық бағыттардағы пәндерді тереңдетіп оқыту арқылы бейінді білім беруді қалыптастыру. Төртіншіден, үш тілді білу үлгісін іске асыру, бесіншіден, жаңа ақпараттық-коммуникациялық технологияларды енгізу болып табылады. Барлық мектептер физика-математикалық және химия-биологиялық бағыттарда сабақ жүргізетінін еске сала кетсек дейміз. Мұндай мектептердің біріншісі өткен жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Астанада ашылса, одан кейін Семей және Көкшетау қалаларында іске қосылды. Ал биыл Астана, Өскемен қалаларында химия-биологиялық бағыттағы және Талдықорған қаласында физика-математика мектептері өз есігін үміткерлерге ашатын болады. 2012 жылы 20 интеллектуалды мектеп түгелдей дерлік жұмыс істеу мәселесі жоспарланып отыр.
Біз осы интеллектуалды мектептердің қазіргі тірлік-тынысы, алда атқаратын бағыт-бағдарлары қандай деген сұрақтарымызды Үкіметтің арнайы қаулысымен құрылған “Өркен” АҚ төрайымы Күләш Шәмшидиноваға қойғанымызда ол былай деп әңгіме желісін өрбітті.
– Біз қазір ізденіс үстіндеміз. Оның біріншісі – қандай мазмұнда білім береміз, екіншісі – бізде қандай маман жұмыс істеуі керек, үшіншісі – материалдық-техникалық база қалай болуы қажет. Ал осылардан туындайтын мәселелер баршылық. Оларды атап айтар болсам, интеллектуалдық мектепті қалай қалыптастырамыз, уақыт өлшеміне сай білім беру мен тәрбиені қатар алып жүрудің жолдары қандай және жаңа мектеп талабына сай өзімізде жинақталған тәжірибені әлемдік үрдіспен ұштастыру, тәрбиені тәлімді ете отырып, әр оқушыны отаншылдық рухта ел мүддесін санасына сіңіре отырып жүргізу – осы сияқты жұмыстар бар. Сондықтан “Біздерде мынандай бар, мынандай бар” (С.Торайғыров) деуден гөрі, сондай күнге жетудің жолын қарастыру үстіндеміз. Данышпан Абай: “Сен де бір кірпіш дүниеге, Кетігін тап та бар, қалан”, – десе, Алаш арысы Міржақып Дулатов: “Мектептің мақсаты – жалғыз құрғақ білім үйрету емес, біліммен қоса, жақсы тәрбиені қоса беру”, – депті. Шынында, білім мен тәрбиені қатар үйретіп, әр жасты қатарынан оздыру, сөйтіп еліне қызмет етуге баулу біз үшін қарыз әрі парыз деп білемін.
Биылғы Жолдауда Елбасы: “...қазірдің өзінде табысты жұмыс істеп жатқан “Интеллектуалдық мектептер” секілді жобалар ерекше басымдылыққа ие болмақ”, – дей келіп, “...отандық білім беру жүйесінің флагманы болып, осы заманғы оқу бағдарламаларын кейіннен оларды бүкіл республика бойынша енгізетіндей етіп әзірлеу мен байқап көру жөніндегі басты алаңға айналуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасау қажет”, – деген еді.
Енді осы мектептердегі нақты жұмыстардың орындалу барысы туралы айтсақ, осы күндері Елбасы жүктеген міндет үдесінен шығу жолында интеллектуалды мектептердің стратегиялық мақсаттары, білім бағдарламалары, қызмет бағыттары, ішкі құрылымдары, сыртқы байланыстары жан-жақты үйлестірілу үстінде. Әлемдік білім деңгейіне кірігу үшін өзімізде бармен шектеліп қалмай, оны заманауи жақсы жетістіктермен ұштастырудың пайдасы қашанда зор. Әрине, әлемдік білім үрдісінен жақсы нәтижелерді алғанда өзіміздегіні шет қалдыру деген ешқашан да болмайды. Біз бәрін қатар қарастыра отырып, интеллектуалды мектептердегі пәндерді оқытудың дұрыс жолын таңдауға ден қойдық. Қазақстандық және халықаралық білім беру бағдарламаларына кіріктірілген оқу бізде үш деңгейде жүргізіледі. Олар – бастауыш мектеп – негізгі мектеп – жоғары мектеп. Интеллектуалды мектептерде тек қана білім үйретіп қана қоймай, оқушының білімді жүйелі алуының, бойына сіңіріп, ақылмен пайдалануын орнықтыруымыз керек. Әрбір оқушы алдымен жаза, оқи алатын, одан соң түсініп, түсінгенін еркін жеткізе алатын, қажетін өзі таба білетін, тақырыпты талдайтын болуы тиіс. Бұл қалай жүзеге асады деген сұрақ туа қалса, берер жауабым, атам қазақ қыранды қалай баулыса, адам тағдыры сеніп тапсырылған біз де сол дәстүрді қолданып, заман талабына қарай үйретуіміз керек. Білім құзіреті білім берумен қатар, тәрбиеге де тәуелді. Тәрбиесіз берген білім құмға құйған сумен тең деген Әл-Фараби бабамыз. Ендеше, білім берумен тәрбиені ұштастыра жүргізгенде ғана нәтижелі болады. Біз сол тәрбиені елдік тұрғыда беруіміз қажет. Оқу үш тілде жүргізіледі дейміз. Қадап айтарым, өзге тілдер мемлекеттік тілге ешқашан көлеңкесін түсірмейді. Кейде тәрбиелік пәндер қатарына тарих, тіл, әдебиетті жатқызатынымыз бар. Ақиқатына келсек, мектепте жүретін әр пәннің өз рөлі, берер тағылымы, тәрбиесі бөлек-бөлек. Мысалы, тереңдетіп білім беріп жатқан физика-математика, химия-биология пәндерінің де тәрбиелік мәні зор. Тіпті денешынықтыру пәнінен алар қаншама жақсылықтар бар. Оны оқушының санасына жеткізу мұғалімнің қабілетіне тікелей байланысты. Айталық, бастауыш – орта – жоғары білім – үшеуі бірін бірі толықтырып отыруы керек. Онсыз білім де, тәрбие де өз нәтижесін бере қоймайды. Тағы бір қадап еске саларым, барлық пән иелері тәуелсіз ел азаматын дайындайтынын әркез естен шығармауы тиіс. Осы күні талапты балаға жағдай жасап, олимпиадаға дайындау керек деген ұғым бар. Олимпиадаға қатысатын оқушы ондай нәтижеге мұғалімнің күнделікті берген білімі бойынша қол жеткізуі тиіс. Сонда ғана ұстаздың еңбегі көрінеді. Біз осыны үрдіске айналдырсақ қана білім сапасы артады. Егер бірер баланы топтан жырып алып күндіз-түні оқытып, ол жүлде алып келсе, оның нәтижесін кімнің қанжығасына байлаймыз? Бірнеше жыл оқытқан мұғалімдердің бе, болмаса ол оқыған мектептің бе? Сондықтан біздің мектепте оқыған балалардың қай-қайсысы да ондай жеке дара дайындықтан өтпей-ақ білім сайысында жүлделі орындардан көрінуі тиіс. Бұл тұрғыдан келгенде оқушысы мектептегі алған біліммен қатар, әлгіндей жарыстарда озып келген жүйріктердің мұғалімдеріне өзгелерге қарағанда, жақсы мүмкіндіктер жасау, айлығын өсіру, қосымша ақы төлеу мәселелері жолға қойылады. Жалпы, оқушыны бөлектемей, ортаға тәрбиелеу ісін де жандандырсақ деген ниетіміз бар. Мәселен, білім ұяларында әртүрлі командалар жұмыс істейді. Сол командалардың көшбасшылары немесе басқа бір мүшесі кетсе бұл команданың тірлігі құлдырайды, құриды деген ойдан аулақ болу жағын бірінші кезекте ойластырғанымыз ләзім. Себебі, береке-бірлікке, ынтымаққа ұйыту мектептен бастап орнығуы тиіс. Әлгі команданың әр мүшесі мен басқа жаққа ауыссам, қасымдағы досым жалғап кетеді деген ұғым көңілінде бекем тұруы қажет. Әрине, менің бұл пікірлерім орындалмайтындай көрінуі мүмкін. Білім беру, тәрбие үйрету үстінде оқушыларды сондай қоғамсыздыққа, қайырымдылыққа үйретудің пайдасы мол. Жекелеу өзімшілдікке мен ғана білемдікке ұрындырады, – дейді төрайым.
Акционерлік қоғам басшысының сөзіне қарағанда, білім беру, тәрбие үйрету – бәрі де оқушыға, ата-анаға түсінікті болуы тиіс екен. Әсіресе, оқудағы жетістікті бағалау, басқару жүйесін оқшауламай, жұртқа түсінікті етіп жүргізу, әр істе маманның пікірін ескеріп отыру жайы туралы ой қозғалған ол тереңдетіп оқытылатын пәндермен қатар білім стандартына сай барлық сабақтар бірге жүретінін, бұл оқушының күні ертең кез келген жоғары оқу орнына түсуіне мүмкіндік болатынын алға тартты.
– Математика-физика, химия-биология бағыты деп мектептер арасын алшақтатудың жөні жоқ. Барлық пән біріне бірі байланысты, жалғас оқытылады. Сөзім жалаң шықпас үшін дәйек келтірейін, нанотехнология, биотехнология математика мен физикасыз жүзеге аса ма? Сол себепті біз пәндерді қарама-қарсы қоюдан әрқашан аулақ болуымыз керек. Біздің интеллектуалды мектепті бітірген талапкер отандық, сондай-ақ шетелдердің жоғары дәрежедегі оқу орындарына өз қалауымен түсуге мүмкіндік алады, – деген Күләш Нағатайқызы, – интеллектуалды мектептердегі білім өзге білім ұяларына қарағанда, ауқымды жүргізіледі. Жоғары оқу орындарының төменгі курстарында оқытылатын пәндердің кейбір тарау-тармақтары қамтылады. Соның бағдарламасын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен, Қ.Сәтбаев атындағы техникалық білім ордасымен, Жаңа халықаралық университетпен бірлікте жасап жатырмыз. Біздің түлектердің бір ерекшелігі – өзге мектептердегідей емес, жоғары оқу орнында өтетін кейбір бағдарламаларды білім ұямызда оқып қояды. Ал білім сапасының қай дәрежеде екенін анықтап отыру үшін әр екі жыл сайын мониторинг жүргізіп отырамыз.
20 интеллектуалды мектепке оқушылар конкурспен қабылданады. Бірінші сыныпқа психологиялық-педагогикалық диагностика негізінде сынақ жүргізілетін болса, 2-11 сыныптарға іріктеу конкурсы негізгі пәндер бойынша білімді кешенді тестілеу, бейін, пәндерді үйрену қабілетін анықтауда жазбаша тексеру жұмысын алу, тілдерді білу деңгейін анықтау бойынша жүргізіледі. Мектептердегі қандай жұмыс болса да, оның ішінде қаржыландыру да бар ашық болатынын назарға сала кетуді жөн санаймын.
Басты мақсатымыз, мұғалім – оқушы – ата-ана – басшылық арасындағы түсінбеушілікті атымен болдырмау. Осы күнгі білім ұяларында ата-аналар комитеті деген бар. Бірақ оның билігі көп жағдайда жоқ. Біз бұл істі тәуелсіз жүргізуге, мектеп басшылығына да, акционерлік қоғамға да тәуелді емес қамқоршылар кеңесін құруды жоспарладық. Қамқоршылар кеңесінің құрамында 19 адам болса, оның 12-сін сыныптың, мектептің ата-аналар комитеті, 6-ын педагогикалық кеңес, 1 адамды “Өркен” АҚ ұсынады. Олардың сауатты шығарған шешімін біз орындауға тиістіміз. Бұл арада біз ата-ананың рөлін, беделін, жауапкершілігін арттыра отырып, ұжымдық жұмысты орнықтыруды мақсат еттік.
АҚ жетекшісі бұдан кейін интеллектуалды мектептердің 7-11 сынып оқушылары тұңғыш Президенттің “Өркен” білім беру грантын тағайындау ережесіне сәйкес іріктеу кезінде грант алатынын, оны жыл сайын өтетін тестілеу кезінде дәлелдеу арқылы оқуын жалғастыратынын, білім орындарына мұғалім қабылдау жайы туралы да өз байламын ортаға салды. Педагогикалық қызметкерлерді іріктеу шарты мектептің ерекшелігіне сай жүргізіледі екен. Оның ең бастысы, конкурсқа қатысуға ниет білдірген мұғалімнің арнайы кәсіби білімі, ұжыммен жұмыс істеу қабілеті, инновациялық қызметке дайындығы, пәндік білімін кешенді қолдану, шығармашылықпен жұмыс істей алуы қазіргі заманның ақпаратты-коммуникативтік технологияларын жетік меңгеруі, қазақ, орыс, ағылшын және өзге де тілдерді жетік меңгеруі басты көрсеткіш болмақ.
– Мұғалім – мектептің тірегі дейміз. Тірек қашанда мықты болу керек. Сол үшін интеллектуалды мектепте сабақ беретін болашақ мамандарды жоғары оқу орындарында қалыптастыруды қолға алдық. Бұл тұрғыда Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық университетімен жұмыс істеп жатырмыз. Үшінші курс студенттерінен арнайы топ жасақталып, оларға біздің талап деңгейінде білім беріледі. Тәжірибеден интеллектуалды мектептерде өз қалаған мамандығы бойынша өтетін болады. Олар жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін арнайы конкурс арқылы қабылданатынын да айта кетсем деймін. Сол секілді, ағылшын тіліне қажет мамандар мен магистратура туралы Британдық кеңеспен келісім жасап жатырмыз. Болашақта солардың көмегіне сүйене отырып, білікті оқытушылар әзірленетін болады. Жоғарыда да айттым, мұғалімнің жалақысы еңбегіне қарай төленеді. Талапқа сай сабақ беріп жүріп, өз білімін жетілдірген, шығармашылықпен жұмыс істеген, өзге де пайдалы істермен айналысқан оқытушыларға жағдай кеңінен жасалады. Мұғалімдер 2 жылда бір рет аттестациядан өтеді. Қазір кейбір азаматтар ағылшын тілінен беретін мамандар бар ма, деген сұрақты алдымызға жиі тартады. Іздегенге ондай мамандардың болатынын көріп жүрміз. Егер табылмаған жағдайда оқушының оқу тіліне қарай бұрынғыша пәндер оқытыла береді. Біздегі басты талап, оқушы білім үйренумен қатар, білім ала білуі керек. Алған білімін жеткізе алуы тиіс. Оқығанын түсініп айта алатын болуы қажет. Бұл күнделікті үрдіске айналғанда ғана оқушының алған білімі баянды болады. Кешенді білім дегеніміз осы.
Тағы бір мәселе, интеллектуалды мектепдердің оқу ғимараты қалай болу керек, материалдық-техникалық базасы қалай жүзеге асады – осыны да қарастырып жатырмыз. Мектеп ғимараты барлық жағынан тиімді, энергия көздері бойынша үнемді болуы қажет. Станиславский бір сөзінде, театрда киім ілгіштің өзі бос тұрмауы керек дегені бар еді. Сол сияқты, бұл мектептерде басы артық, анда-санда бір қолданатын, одан кейін есігінен құлпы үзілмейтін бос орындар болмауы тиіс деп ойлаймын. Тіпті, асханада оқушылардың тамақтануының өзіндік үлгісін қалыптастыру жағы да назардан тыс қалып отырған жоқ. Мұның бәрі де балаға жағдай жасау, мұғалімге мүмкіндік беру, ата-ананың діттеген жерінен шығу үшін қарастырылып жатқан жұмыстар.
Жоғарыда Елбасы Жолдауындағы үлгі болу керек деген сөзін дәйекке келтіргендегі бір мақсат, осындай үрдісті интеллектуалды білім ұяларында қалыптастыру бойынша Отанымыздағы барлық мектептерге сондай жағдайды енгізу арқылы біркелкі білім беру жүйесін орнықтырсақ деген ниеттен туған еді. Мұнда да ұлтымыздың ақыны Абай: “Ондай болмақ қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз” демейтін бе еді, – деп Күләш Шәмшидинова сөз аяғын түйіндеді.
Сүлеймен МӘМЕТ.