Сенбі, 13 қазан 2012 7:11
Астанада еліміздің және ТМД аумағындағы мемлекеттердің неврологтарының қатысуымен «Эпилепсия және ұстамалы ахуал» деген тақырыпта форум өтуде. Оны ұйымдастырушылар – ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, Ресей Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі, Нейрохирургия ұлттық ғылыми орталығы, Ресейдің эпилепсияға қарсы ұлттық лигасы, Неврологтардың жалпыресейлік қоғамы халыққа көрсетілетін медициналық көмек сапасын жақсартуды, қоғамды жеткілікті дәрежеде ақпараттандыруды мақсат тұтып отыр.
Сенбі, 13 қазан 2012 7:11
Астанада еліміздің және ТМД аумағындағы мемлекеттердің неврологтарының қатысуымен «Эпилепсия және ұстамалы ахуал» деген тақырыпта форум өтуде. Оны ұйымдастырушылар – ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, Ресей Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі, Нейрохирургия ұлттық ғылыми орталығы, Ресейдің эпилепсияға қарсы ұлттық лигасы, Неврологтардың жалпыресейлік қоғамы халыққа көрсетілетін медициналық көмек сапасын жақсартуды, қоғамды жеткілікті дәрежеде ақпараттандыруды мақсат тұтып отыр.
Қазақ ұстамасы бар, талып қалатын аурулардың бәрін ақыл-есі кемдікке саяды. Медицина тілімен айтқанда эпилепсияңыз осы. Бұл дерт туралы қоғамда күні бүгінге дейін «жазмыштан озмыш жоқ» деген пікір қалыптасқан. Яғни, науқасты жазылмайды деп есептейді. Ал медицина мамандары бұл аурудың жазылатынын, тіпті соңғы жылдары оны емдеудің жаңа тәсілдері табылып жатқанын алға тартады. Кешегі форумда да негізгі әңгіме осы эпилепсияның төңірегінде болды. Оны қандай препараттармен емдеген жөн, қандай оталар жақсы нәтиже береді, ерте диагностикалаудың маңызы қаншалықты, т.б. сауалдар бойынша баяндамалар жасалды.Жиында еліміздің штаттан тыс бас невролог-эпилептологы А.Елубаева ресми дерек бойынша Қазақстанда 36 мың адам осы аурумен ауыратынын алға тартты. Бұл санның 60 пайызы балаларға тиесілі болса, қалғаны үлкендердің үлесінде екен. Ресми дерек деуіміздің де мәні бар. Өйткені, осыдан тура екі жыл бұрын «SVS Nevro» қоғамдық бірлестігінің дәрігер ғалымдары эпилепсияға қатысты арнайы семинар өткізіп, сол отырыста бұл дертпен ауыратындардың саны 300 мыңнан көп екендігі айтылған болатын. Әрине, оның өзі нақты дерек емес. Өйткені, қоғамда жоғарыда айтып өткеніміздей ауру туралы қасаң, біржақты көзқарас әбден орнығып алған. Сондықтан өзінің ауруын әшкерелемей-ақ, оқшау өмір сүріп жатқандар да аз болмаса керек.Бұл дертке өз заманында Гиппократ, Ибн-Синалар анықтама жазған. Техника мен технология дамыған заманның мамандары да осы ауруды зерттеу барысында түрлі анықтамалар беруде, себептерін көрсетуде. Көпшілік мамандар оның тұқым қуалайтынын, одан қалса ата-анасының екеуі бірдей алкогольді тұтынған жағдайда одан туған бала эпилепсияға шалдығатынын, басқа да ми жарақатын алған жағдайларда эпилепсия туындайтынын айтады. Қорқыныштысы, эпилепсия адам миының бар жасушасының жұмысын бірте-бірте бұзып, өлтіріп, жарамсыз күйге түсіреді екен. Соның салдарынан адамның ақыл-ойы тежеліп, психикалық ауытқуларға ұшырайды, оның соңы өліме соқтыратын жағдайлар да жиі кездеседі. Кешегі форумда мамандар нақты айтқанда эпилепсияны өлімге дейін апармай, ерте бастан емдеу, емдегенде де жай бір-екі курстық ем емес, ыждаһаттылықпен 5-10 жыл бойы емдеп, тәннің дерттен тазарғанына көз жеткізу керектігі туралы ойларын айтты.Соңғы жылдары елімізде эпилепсияны хирургиялық емдеу бағдарламасы жұмыс істеуде. Өткен жылдан бері елордадағы Нейрохирургия ұлттық ғылыми орталығында осы дерттің ең ауыр түрлеріне, қарапайым тілмен айтқанда, дәрі-дәрмекпен жазу мүмкіндігі болмағанда, ота жасау қолға алынған. Орталық басшысы С.Ақшолақов жиын барысында 11 адамға сәтті ота жасалғанын баяндады. Алдағы уақытта да бұл орталық ауыр дертке шалдыққан науқастарға көмек қолын созуға даяр. Себебі, елімізде әзірге эпилепсияға ота жасап жатқан жалғыз мекеме осы Нейрохирургия ұлттық ғылыми орталығы.Жиында сөз алған Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы С.Мусинов неврология және эпилептология саласын дамыту үшін мемлекет тарапынан көмек жасалып жатқанын жеткізді. «Қазақстан – эпилепсияға шалдыққан ауруларды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ететін мемлекеттердің қатарында», – деген жауапты хатшы жылдан-жылға дәл осы салада жекеменшік және мемлекеттік секторлардың бірдей жұмыс істеп, соның дәлелі ретінде жыл сайын жекеменшік клиникалар мен орталықтар, мемлекеттік бөлімшелер мен кабинеттер ашылып жатқанын, бұл өз кезегінде науқастарға таңдау жасауға зор мүмкіндік беретінін баяндады.Осы жерде елімізде эпилепсияға қарсы күрес бұқаралық сипат ала бастағанын айта кетсек артық болмас. Соның нәтижесінде бұл дертке қатысты мәселелерді талқылау, халыққа түсіндіру, жеткілікті ақпаратпен қамтамасыз ету өрісі біршама кеңейді. Сөйтіп, пациенттер мен дәрігерлердің эпилепсиямен күрес қозғалысы – «SVS Nevro» үкіметтік емес ұйымы, «Қазақстанның эпилепсияға қарсы ұлттық лигасы» деген сияқты бірлестіктер пайда болды. Бұлардың мақсаты эпилепсияға қарсы халықаралық лигаға кіретін ұйымдармен бірігу, қоғамда науқас жандардың құқын қорғау, солардың мүддесі үшін жұмыс істеу десек, кешегі жиында осы аталған бірлестіктер атынан сөйлеген өкілдер қоғамның эпилепсияға деген көзқарасын өзгерту қажеттігін баса айтты.Осындай кең ауқымда өткізіліп отырған жиын екі күнге созылмақ. Осы күндерде ТМД мемлекеттерінің мамандары бір-бірімен тәжірибе алмасып, эпилептология саласының озық жетістіктерін іске асыру мүмкіндіктерін талқылайтын болады.
Айгүл СЕЙІЛОВА,«Егемен Қазақстан».