Қорғаныс министрлігінде әскери қызметшілер мен әскери зейнеткерлерді баспанамен қамтамасыз етуге қатысты тұрғын үй заңнамасындағы жаңа қағидаларды түсіндіру мақсатында жұмыс тобы құрылды.
Елбасы – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысының тапсырмасына сай енгізілген өзгерістерге сәйкес мемлекет ипотекалық заемдар бойынша әскери қызметшілердің міндеттемелерін өз мойнына алады. Әзірленген модельге сай 2018 жылғы қаңтардан бастап Қарулы Күштердің әскери қызметшілері екінші деңгейдегі банктердің әртүрлі бағдарламалары аясында жеңілдігі бар ипотекалық несиені (заемды) пайдаланып және оны көрсетілген төлемдер арқылы өтей отырып, Қазақстанның кез келген өңірінде жекеменшік баспана алуға мүмкіндік беретін тұрғын үй төлемдерінің жүзеге асырылуын қарастыратын заманауи жүйеге көшірілді. Осыған орай, жаңа тұрғын үй заңнамасын түсіндіру, оның бұрыс түсіндірілуін болдырмау, әскери қызметшілер мен әскери зейнеткерлердің өздерінің құқықтарының қорғалуын қадағалау мақсатында әскери прокуратура өкілдерімен бірлескен жұмыс тобы Аягөз, Сарыөзек, Жаркент, Қапшағай, Шеңгелді, Жетіген, Алматы, Гвардейск, Тараз, Луговой, Шымкент және Арыс гарнизондарына аттанды.
Жаңа тұрғын үй заңнамасының нормаларына сәйкес күнтізбелік есептеуде 2013 жылғы 1 қаңтарда еңбек өтілі 10 жылдан асатын, бірақ 20 жылдан кем әскери зейнеткерлер барлық мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік ұйымдардың жұмысшылары сияқты қалдық баға бойынша тұрып жатқан баспаналарын жекешелендіруге құқылы. Алайда, осы адамдардың бір бөлігі тұрып жатқан баспаналарын жекешелендіре алмайды. Себебі ол үй-жайлар жабық әскери қалашықтарда орналасқан және жекешелендіруге жатпайды. Сондықтан аталған санат үшін мемлекеттік тұрғын үй қорынан сатып алу арқылы баспананы жекешелендіруге олардың құқықтарын іске асыру мақсатында тұрғын үй заңнамасына түзетулер енгізілді және жекешелендіруге жататын баспананы ауыстыруға мүмкіндік берілген. Егер олар мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспананы меншікке ақысыз алуға құқықтары бар азаматтар санатына жатса (Семей ядролық полигонындағы ядролық сынақ, Арал маңындағы экологиялық апат салдарынан зардап шеккендер, жарақат, контузия, мертігу және т.б. салдарынан мүгедек болып қалған I және II топтағы мүгедектер), ауыстырылған баспананы ақысыз жекешелендіруге құқықтары бар.
Қорғаныс министрлігі әлеуметтік мәселелерді шешудегі бүгінгі күннің жағдайын түсіне отырып, қолданыстағы заңнаманы басшылыққа алып жатыр. Тұрғын үй заңнамасына жаңа өзгерістерді енгізу тәжірибесі жетекші әлем армияларын әлеуметтік қамтамасыз етудің халықаралық тәжірибесіне сай келеді және жетілдіруге әрі қарайғы әлеуеті бар.
Баспанамен қамтамасыз етудің жаңа моделі іске асырылғаннан бастап Қарулы Күштердің 37 мыңнан аса әскери қызметшісі арнайы шоттар мен депозиттер ашқан, әскери қызметшілердің 2000-нан аса отбасылары еліміздің түкпір-түкпірінде жекеменшік баспананың иелері атанған, жекешелендіруге жататын баспана ауыстыру жүзеге асырылған қалалар (Астана, Сарыөзек, Семей, Өскемен, Талдықорған, Ақтөбе, Ақтау, Аягөз, Арыс, Шымкент).