Маңғыстауда тариф мәселесі өзекті мәселеге, қып-қызыл дауға айналып тұр. Электр энергиясын өндіруші «МАЭК-Казатомпром» ЖШС-ның өнімін тұтынушыларға жеткіземін деп, яғни электр энергиясын жабдықтаумен айналысу үшін өңірде «Альянсэнрегоснаб-Актау» деген су жаңа серіктестіктің пайда болуы және оның тұрғындарға өз қызметі үшін ұсынған төлем көлемі Ақтау тұрғындарының ашуын тудырды.
Өткен жылдың соңғы айларында құзырлы орындар жергілікті ақпарат құралдары арқылы бұған дейін электр энергиясын таратумен айналысып келген «АУЭС» компаниясы өз қызметін тоқтатып, орнына алты жылдық іс-тәжірибесі бар жаңа компанияның келетіндігін мәлімдеген болатын.
Белгіленген мерзімде тұрғындардан үйде тіркелген адамдар туралы толық ақпаратты беруді сұраған жаңа компания тарапынан ауыр соққан тұс - электр энергиясын өндіруші мекеме «МАЭК-Казатомпром» ЖШС-ның өзі 11 теңге 64 тиын деп белгілеп, енді жеті жыл бойы өзгермейді деген тарифті қымбаттатып 16 теңгеден белгілеуі болды. Тұрғындар тілімен айтсақ, компания келе-сала ақтаулықтарға «ерікті-мәжбүрлі» түрде келісім-шартқа отыруды ұсынған.
«МАЭК-Казатомпром» ЖШС-ның тарифті тізгіндеуінің негізі Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың тарифті реттеу туралы тапсырмасы негізінде жүзеге асқан болатын, себебі Маңғыстау облысы Энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы жергілікті газеттерге берген ақпаратында 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап МАЭК мекемесіне берілетін газдың тарифі 12 пайызға төмендегенін, яғни бұрын 19 теңге 121 тиын болып келген текше метр газ бағасы жаңа жылдан бастап 16 теңге 126 тиын болатындығын айтқан. «Алаған қолым – береген» дегендей, «МАЭК-Казатомпром» ЖШС өз кезегінде газдың текше метрінің бағасы төмендеуіне байланысты бұрын 1 кв/сағаты 13 теңге 12 тиын болып келген тарифін 11 теңге 64 тиынға түсіріп, енді осы көрсеткіштің жеті жыл бойы сақталатындығын айтып қалған болатын.
Алайда, өз жұмысын заңды, яғни еліміздің «Электр энергиясымен қамту туралы» Заңының 18-бабының 1-тармағына сай, энергия саласындағы өзара есептесудің үлгісінің өзгергендігін, осы заңға сәйкес электр энергиясын сату және сатып алу негізінде энергия өндіруші компаниядан, нақтырақ айтсақ «МАЭК-Казатомпром» ЖШС-нан алған өнімді тұрғындарға жеткізуді бөлшек сауда нарығында энергиямен қамту ұйымдары іске асыруы керек деп түсіндіретін, сөйтіп, дайын өнімді таратуды жабдықтауды қолына алған «Альянсэнергоснаб-Актау» ЖШС қызметін тариф бағасын қымбаттатумен бастады.
Бұл тұрғындардың жаңа компанияның тарифті көтеруіне қарсылығына, тіпті «Альянсэнергоснаб-Актау» ЖШС-ның заңды тіркеліміне күдіктенуіне әкеліп соқтырды.
Компания мен тарифке байланысты дау туындамай тұрып, Энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшылығы жергілікті басылым беттерінде Мемлекет басшысы тапсырмасына сай еліміздің Энергетика министрлігі тарифтер саясатында коммуналдық қызметтерге арналған жаңа тарифтерді бекіткендігін, мұнда қуаттылығы үшін деген арнайы төлем енгізілгендігін, оның өлшемі қуаттылық нарығындағы сауда-саттықтың нәтижесіне байланысты анықталатындығын айтып, қуаттылығы үшін барлық тұтынушылар ақы төлеуге міндетті екендігін жеткізген болатын. Сондай-ақ, бөлшек сауда нарығы сынды энергиямен қамту ұйымдары тізімде көрсетілуі себепті өз алдына дербес әрекет ететіндігін және қуаттылық нарығынан алынған қаржы инвестицияны толықтыруға, тартуға бағытталатындығын айтты. Қуаттылық үшін алынатын төлем электр энергиясымен қамтуды жаңғыртуға, электр энергиясы жүйелерін жөндеуге жұмсалады екен. Ал, Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті энергиямен қамту нарығы бәсекелі орта болып табылатындықтан, комитеттің энергиямен қамту компаниясының тарифтерін реттеуге құқы жоқтығын, компания өз есептеу әдістеріне сай тарифті дербес тағайындап, бекітетіндігін мәлімдеген.
Маңғыстауда «МАЭК-Казатомпром» ЖШС өндірген электр энергиясын сату үшін 7 электр энергиясымен қамту компаниясымен келісімшартқа отырған. Олардың ішінде «Альянсэнергоснаб-Актау», «МаңғыстауЖарық» және «Электр жүйелері» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жеке тұлғаларға қызмет көрсетумен айналысса, қалғандары заңды тұлғалары қызмет етеді. Бұлар тарапынан жасалған заңбұзушылықтар бәсекелестік нарығы субъектісінің заңбұзушылығы ретінде қарастырылса, Маңғыстау облысында электр энергиясын сату саласында тек «АУЭС» МҚК-ы ғана табиғи монополияларды реттеу комитетіне қарасты.
Ақтауда әп дегеннен тұрғындардың тарифке қатысты тегеурінді қарсылығына ұшыраған «Альянсэнергоснаб-Актау» ЖШС дифференциалды тарифтер жолын ұсынды. Бұл ұсыныста компания тариф төлеудің үш сатылы мөлшерін көрсетеді. Бірінші деңгей бойынша, адам басына электр энергиясын тұтынуда 70 кв/сағат қалыпты, жеткілікті деп есептейді, көрсетілген осы мөлшерге дейін тұрғындар 17 теңге 62 тиынның орнына 16 теңге 58 тиын төлейді делінген. Ал, екінші саты бойынша бұл деңгейден, яғни адам басына тұтыну 70 кв/сағаттан асса қосымша құн салығымен бірге 21,14 теңге деп көрсетіледі. Үшінші саты бойынша, бұл мөлшер 150 КВ/сағатқа дейін жетсе 26,43 теңге дейін көтерілмек. Бұл тұрғындарды одан әрі шошытып, дау-дамайды ұлғайта түсті. Ақтау тұрғындары «МАЭК-Казатомпромның» өнімін таратуды жабдықтаумен айналысамын деп білек сыбана кіріскен «Альянсэнергоснаб-Актау» ЖШС-ын «жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» дегендей, ойда жоқта «дайын асқа тік қасық» бола кету деп бағалап отыр. Әйтпесе, өз ешқандай өнім өндірмейтін, жөндемейтін, тек дайын өнімді жабдықтаумен, яғни жеткізуге жағдай жасаумен айналысатын, нақтырағы бұрынғы «АУЭС» компаниясының жұмысын жалғастырумен ғана айналысатын мекеменің келе сала тарифті көтеруіне не себеп, ол қаншалықты дұрыс? Сондай-ақ, жеке компания ретінде лицензиясының барына көз жеткізе алмаған тұрғындар өндіруші мен аталмыш компания арасында қандай байланыс бар, тендер қалай өтті, неге халық үні тыңдалып, мәселе халық таңдауына салынбаған, «Альянсэнергоснаб-Актау» ЖШС тарифтерге қойып отырған бағаны қайдан алды, қандай заңды негізге сүйенді және бұл серіктестік бұрын жеке тұлғаларға қызмет етті ме деген сауалдарға жауап таба алмай жүр. Тарифтің шарықтай көтерілгенін түсінбеген тұрғындар сауалдарға жауап беруге, мәселенің мән-жайын ашып түсіндіруге билік өкілдері мен заңдылықты қадағалаушы орындар өкілдерінің асықпағанына аң-таң. Ақтау қаласында өткізілген, құзырлы орындардан ешкім қатыспаған қоғамдық тыңдауда аталмыш компанияның басшысы А.Төлемісовтің берген жауаптарына қанағаттанбаған көпшілікті бұл істің астарында не бар деген ой еріксіз күмәнға қалдырды. Өйткені, Елбасының өзі тапсырма берген тарифті тәлкекке салуға кімнің қандай құқы бар? Бұл – тұрғындар уәжі.
Мәселенің мән-жайын анықтау үшін Маңғыстау облыстық Энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасына хабарласып, бірнеше сауал берген болатынбыз.
«Өңірде Мемлекет басшысының коммуналдық қызметтерге тарифті төмендету бойынша бірқатар іс-шара жүргізілді. Бірінші - Энергетика министрлігімен 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап, «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС электрстансаларына тариф 1000 м3 үшін 21 415,5 теңгеден 18 845,7 теңгеге немесе 12 % төмендеді, тұрғындарға 1 м3 үшін 10,3 теңгеден 9,9 теңгеге немесе 4 % төмендеді, екіншіден осының нәтижесінде «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС электр қуатын өндіру тарифын 11,3% ( 1 квт/сағ үшін 14,69 теңгеден 13,04 теңгеге дейін). төмендетті. Үшіншіден, «МРЭК» электр қуатын жеткізу тарифы 8 % төмендеді (1 кВт/сағ үшін 2.79 теңгеден 2.56 теңгеге дейін). Жалпы облыс көлемінде орташа есеппен тариф: электрэнергиясына 14,14 %-ға, сумен қамтуға – 6 %-ға, жылумен қамтуға – 6 %-ға, ыстық суға – 2,82 %-ға төмендеді» делінген аталмыш басқарма жауабында дауға негіз болған компания туралы
«АльянсэнергоснабАқтау» ЖШС энергия таратушы емес, энергия жабдықтаушы ұйым болып табылады. Ұйымның энергиямен жабдықтауға 14.08.2009ж. №000576 лицензиясы бар және Ақтау қаласын қызметімен толық қамтуға мүмкіндігі бар қажетті мамандармен қамтамасыз етілген. Ұйым өзінің қызметін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңанамаларына сәйкес жүзеге асыратын болады. Қазіргі таңда, Ақтау қаласы бойынша тариф жеке тұтынушыларға 1 квт/сағат үшін қосылған құн салығымен 17,29 теңге көлемінде белгіленді, 2018 жылғы қолданыста болған тарифпен салыстырғанда 2,13 теңгеге немесе 11 % төмендеп отыр» делінген.
P.S. Мақала жазылып біткен сәтте Маңғыстауда электр энергиясының бағасы арзандағаны туралы мәлімет келіп жетті. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Өркен Бисақаев мәлімдеген.
Ақтау қаласы бойынша электр энергиясының бағасы былтыр 19 теңге 42 тиынды құраса, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап 17 теңге 29 тиын болып бекіп, өткен жылмен салыстырғанда 11 пайызға төмендеді. Қала тұрғындарына электр энергиясын тасымалдауда «AllianceEnergoSnab» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қызмет көрсететін болады. Ақтау қаласының құрамына кіретін іргелес жатқан елдімекендер үшін де баға дәл осындай. Ал, Маңғыстау, Бейнеу, Түпқараған, Қарақия аудандары үшін бір тариф белгіленді. Бұрын бұл аудандар электр энергиясына 20 теңге, 02 тиын төлеп отырған болса, қаңтар айының бірінен бастап баға 16 теңге 89 тиын болып белгіленді. Мұнайлы ауданындағы тариф 17 теңге 45 тиыннан 15 теңге 62 тиынға төмендеді. Бұл бағалардың барлығын бүгін ертең үйлеріңізге келетін түбіртектерден көре аласыз. Үш деңгейлі тариф жүйесі енгізілмейді, деген өз сөзінде Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары. Сонымен, кімдікі дұрыс? Мәселені шешу еліміздің Энергетика министрлігімен өзге де құзырлы орындар үлесінде тұрғандай...
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Egemen Qazagstan»
Маңғыстау облысы