Тобыл-Торғай өңірінде барлық ауылдық округтер әкімдері тұрғындар алдында есеп берді, ендігі кезек аудан әкімдеріне тиді. Аудандар мен қалалардағы экономикалық өсу, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуы мен әлеуметтік мәселелердің орындалуы облыстың экономикалық деңгейін құрайтыны анық. Сондықтан өңірдің нығаюы аудандар мен қалалардағы жұмыстардың деңгейіне тікелей тәуелді.
Тұрғындар алдында есеп беруді Қамысты ауданы бастады. Бұл шараға облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің өзі қатысты. Аудан әкімі Ғазиз Бекмұхамедов ауданда жыл төңірегінде атқарылған жұмыстарды атап өтті. 13 мыңнан аса тұрғыны бар аудан ауыл шаруашылығымен айналысады. Өткен жылы гектарынан 11,6 центнерден өнім алды. Бұл үшін ауданда біраз жұмыс жүргізілгені айтылды.
Алайда облыс әкімінің ауданда атқарылған жұмыстарға көңілі толмады. Неге? Өңір басшысы ауданның табиғи тұрғыдан қолайлылығы бола тұра, әлеуметтік әлеуеті, экономиканы дамыту әрекеті уақыт талабына жауап бере алмай отыр деп бағалады. Архимед Бегежанұлы ауданда ең алдымен шағын және орта бизнестің көңілдегідей дамымағанын ортаға салды. Шағын және орта бизнесті дамытуға Елбасының аса мән беріп отырғаны бекер емес. Экономиканы дамытудың бұл саласы адамдарға жұмыс беруді қамтамасыз етіп қана қоймайды, халықтың тұрмысын көтеруге ықпал етеді. Ең маңыздысы, салық төлемін арттырады. Аудандағы 500 кәсіпкерлік субъектінің 20 пайызы тоқтап тұр. Қамысты ауданының тұрғындары өздерінің тұрмыстық қажеттілігін өтеу үшін көрші Жітіқара ауданына шапқылайды. Белсенді кәсіпкерлер аудан орталығынан дұрыс монша, шаштараз, жастар демалатын, бос уақытын өткізетін шатхана, спорт залдарын ашса, тұрғындар өзге ауданға жүгірмес еді. Тұрғындардың «балабақша қашан көгілдір отынға қосылады?» деген сұрағы да отқа май құйғандай болды. Аудан орталығына газдың келгеніне біршама жыл болса да, балабақша оның рахатын көрмеген. Облыс әкімі айтқандай, ұйымдастыра білсе осының барлығы да жүзеге аспай қалатын шаруа емес. Сонымен қатар топырағының құнары аз, бонитеті төмен болғандықтан, мұнда егін шаруашылығынан гөрі ет бағытындағы мал шаруашылығына маңыз беру керектігін де еске салды. Өйткені ауданда өндірілген тауардың алдымен өзіндік құны арзандамай, жұмыс алға баспайтыны аян.
А.Мұхамбетов аудан әкімі есебін қорытындылағанда бүгінгі уақыт талабына ілеспей, нарықтық, экономикалық тиімділікті зерттемей, есептемей ауданның еңсесі көтерілмейтіндігін айтты.
– Ауыл шаруашылығына мемлекет үлкен қаржы бөліп отыр, түрлі бағдарлама бар. Тіпті бір мал шаруашылығының өзіне қаншама субсидия береді, соның барлығын аудан уақтылы, тиімді пайдалана алмайды. Жол, ауыз су, газбен қамтамасыз ету секілді басты шаруа мемлекеттің көмегімен, республикалық, облыстық бюджеттің қаржыландырылуымен шешімін табады. Ал ауданның көлемінде атқарылатын, ұсақ істерді тап-тұйнақтай атқаруға неге болмайды, – деді өңір басшысы.
Бұрын шалғайда жатқан ауданға да, ауылға да мешеулік тән сияқты көрінетін. Қазір оған илануға болмайды. Бүгінгі уақыт жылдамдығы мен мүмкіндігі «Айшылық, алыс жерлерден, жылдам хабар алғызды» деп Ыбырай Алтынсарин бабамыз айтқан болжамнан да асып кеткен. Жұмысқа деген ниет пен бастама болса, қалғанына мүмкіндік мол. Осы орайда, шалғайдағы тұрмыстың жақсы мысалын алыстан іздеудің де қажеті жоқ. Дәл осы Қамысты ауданындағы «Алтынсарино» мен «Қарабатыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің даңқы қазір облыстың сыртына кетіп қалған. «Алтынсариноны» Қазақстанның Еңбек Ері Борис Князев басқарады. Оның шаруашылығын да, ауылын да шөлдегі оазиспен теңестірсе болады. Ал Марат Құдайқұлов былтыр шаруашылықтың есебінен 90 миллион теңгеге ауыл клубын жөндеп қойды. Онда Қызылорда облысынан қоныс аударған жастар жұмыс орнын тапты. Оларды көшіріп алуды, баспанамен қамтамасыз етуді де шаруашылық өз мойнына алған. Іс дөңгеленді ме? Әрине! Интернет заманында «шалғайдағы аудан» деген түсініктің қолданыстан кетері де алыс емес шығар. Бір Қамысты емес, облыстағы барлық аудан мен қала әкімдерінің есебі тікелей эфирден берілді, аудан тұрғындары интернет арқылы да сұрақ беріп жатты. Қайталап көреміз десе, интернетте тұр. Әкімнің есебі тыңдалған Алтынсарин, Меңдіғара, Жангелдин, Ұзынкөл, басқа да аудандарда мемлекеттік бағдарламаларға қатысудың көрсеткіштеріне мән берілді және әлеуметтік мәселелердің өзектілігі баса айтылды. Оның барлығы облыс орталығына жақындық немесе шалғайлықтан емес, шалағайлық болмаған жерде түзелерін уақыт сыбырлап та үлгерген секілді.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Egemen Qazaqstan»
ҚОСТАНАЙ