Қызылорда қаласында қанағаттанарлық жұмыс бар. Қала әкімінің есебіне қатысқан облыс әкімі мұндағы атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді.
Алайда, шешімін таппай отырған мәселелер де аз емес. Қалада ашылған 760 гектар индустриялдық аймақ өміршең болуы үшін инвестиция тарту керек. Сонда өнеркәсіптік жобалар бюджетке қаржы құяды. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай жалпы өнімнің жыл сайын төрт пайыз өсуіне қол жеткізу үшін кешенді жоспарлар керек.
Осыдан үш жыл бұрын «Бәйтерек» шағын ауданында 6054 жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер телімі инженерлік желілермен қамтамасыз етіліп, кезекте тұрған азаматтарға берілген болатын. Бүгінде 1447 жер телімі ғана игеріліп, құрылыс жұмыстары жүргізілген. Қалған 4607 жер телімі осы күнге дейін игерілмеген екен. Осыған байланысты:
- Учаскелердің бос қалуына жол беруге болмайды. Оларға бюджеттік қаражатқа инженерлік коммуникациялар жүргізілді. Облыс прокуратурасына берілген жер учаскелерінің пайдаланылуына қатысты тексеру жүргізуді тапсырамын, - деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ, облыс әкімі тұрмыстық қалдықтарды төгу, «Бәйтерек» шағын ауданын газбен қамту мәселелерін де айтып өтті. Жекеменшік мектепке дейінгі мекемелерде тәрбиешілердің денсаулығы мәселесін ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Қызылорда облысы