Сенбі, 8 қыркүйек 2012 7:30
Семей өңіріндегі ұлы Абай атындағы ауданның орталығы – Қарауыл ауылы, қазіргі өлшеммен алғанда, шағын ғана елді мекен. Оны небәрі бес мың шамалас адам мекен етеді. Сондықтан тұрғындардың барлығы дерлік бір-бірін жақсы таниды. Ал сол таныстар ортасында азын-аулақ неміс ұлтының өкілі – Шенимандар әулетінің орны қашаннан ерекше.
Сенбі, 8 қыркүйек 2012 7:30
Семей өңіріндегі ұлы Абай атындағы ауданның орталығы – Қарауыл ауылы, қазіргі өлшеммен алғанда, шағын ғана елді мекен. Оны небәрі бес мың шамалас адам мекен етеді. Сондықтан тұрғындардың барлығы дерлік бір-бірін жақсы таниды. Ал сол таныстар ортасында азын-аулақ неміс ұлтының өкілі – Шенимандар әулетінің орны қашаннан ерекше.
Қарауыл жұртының барынша қарапайым, еңбексүйгіш, іскер, қайырымды жандардан құралған бұл отбасыға айрықша ықылас таныта қарауы бұрыннан қалыптасқан үрдіс болғанымен, сол жылы тартушылық пейіл соңғы жеті жылдан бері бұрынғы қанасынан да едәуір артып кеткен сияқты. Бұған себеп, дәл сол кезде, яғни 2005 жылдың жазында өсіп-өнген әулеттің түп қазығы іспеттес Иоганн және Элеонора Шенимандар содан бес жыл бұрын амалдың жоқтығынан өздері барып қалған Германия жерінен өскен топырақтарына қайтып оралды. Олардың отандарына оралулары күллі абайлықтар үшін кішігірім той сияқты мәнді маңызы бар орайлы оқиғаға айналды.Таяуда іссапармен Қарауыл ауылында болғанымызда, біз тағдыры өзгеше осы қара шаңырақтың иелерімен жүздесіп, әңгімелесіп қалу мүмкіндігін құр жібермедік. Міне, енді бүгінде кейуана жасына жеткен отанасы Лори апайдан суыртпақтап сыр тартып отырмыз. Ол 1939 жылы Грузияның астанасы – Тбилиси қаласында неміс жұрағаты – Вильгельм және Эмма Эпштейннің отбасында алты баланың кенжесі болып дүниеге келіпті. Ал 1941 жылы батыстан фашистік Германия Кеңес Одағына тұтқиылдан соғыс ашқаннан кейін, бұл отбасы да өздері тектес миллиондаған қандастары секілді бір түнде елдің ішкері жағына қарай жер аударылады. Тағдырдың ендігі тіке де бұралаң жолы бұларды сол кездегі Семей облысындағы Абай ауданының «Қызылту» колхозынан бір-ақ шығарды. Осында келіп орныққандары бойына аудандық әскери комиссариаттағы пысықай біреулердің «көмегімен» тегі мен ұлты орыс болып жазылған отағасы Вильгельм әлдекімдердің орнына соғысқа алынады. Сол кеткеннен мол кетеді. Әлі күнге дейін бұлар қайран әкелерінің жамбасы қай маңда жерге тигенін біле алмай келеді.Осыдан кейін алты баланы асырап-бағудың барлық ауыртпалығы мойнына түскен аналары Эмма колхозға сауыншы болып кіреді. Табиғатынан тындырымды да ұқыпты келіншек көп ұзамай өз әріптестерінің алды бола бастайды. Ұдайы социалистік жарыс көшінің алдыңғы сапынан табылып жүрген оның ауданда атағы тіпті аспандап кетеді. Соның әсерінен неміс ұлтының өкілі бола тұра, ол 1945 жылы коммунистік партия қатарына қабылданады. Біле білгенге осының өзі сол тұста орасан зор жеңіс, адам айтса сенгісіз жетістік болатын. Әлбетте, сауыншы аналарына естияр балаларының барлығы жан-жақтан жәрдемдеседі. Лоридің өзі де жасы онға толар-толмастан шешесінің жанында сиырдың бас жібін ұстап, бұзауын тартып байлап жүріп, ерте бастан еңбекке етене араласып кетеді. Оның жұмысқа қайыл, бейнетке бейіл екенін байқаған колхоз басшылары жасы 12-ге толғанында алдына 25 сауын сиырын салып беріп, сауыншылар қатарына қосады да жібереді. Содан жасы 60-тан асып кеткенінше қара жұмыстан белін босатпаған.1949 жылы ауданда тұратын немістердің бәрін Жданов атындағы колхозға топтастыру жүргізілді. Сол дүмпумен Эпштейндер де осы елді мекенге көшіп келді. Эмма мен Лори сауыншылық жолдарын бұл жерде де жалғастырды. Анасы осы колхозда еңбек етіп жүргенінде, ауылдық және аудандық кеңестердің бірнеше дүркін депутаты болып та сайланды. Тіпті, 1956 жылы Қазақстан Компартиясының VIII сьезіне делегат та болып қатысты. Сол форум тұсында Эмма Эпштейн республиканың сол кездегі басшылары Леонид Брежневпен және Дінмұхамед Қонаевпен бірге ескерткіш суретке де түскен екен. Бүгінде сол рәсім көненің көзіндей, тарихи деректің өзіндей болып Элеонора Шениманның үйінде сақтаулы тұр.Өкінішке қарай, кеңес кезеңінің солақай саясаты салдарынан Эмма әжей зейнеткерлікке де шыға алмайды. Себебі, ол еңбектегі бар өмір жолын шаруашылықтың колхоз болған кезінде өткізіпті де, кейін ол совхозға айналған уақытта жасының ұлғаюына байланысты белсенді бейнеттен шет қалыпты. Ал мемлекеттік құрылымға жатпайтын колхоздың мүшелері болған адамдар бастапқы жылдары зейнетақы ала алмаушы еді. Сондықтан Лори қартайған анасын өзінің қолына алып, жасы 90-ға жетіп, бақилыққа аттанғанынша аралықтағы 15 жыл бойына өзі балаша мәпелеп бағады.Бұл кезде Элеонораның өзі де өсіп-өнген отбасының отанасы болып отырған еді. Ол өзі секілді жер аударылып келгендердің ұрпағы – Еділ бойынан жеткен немістің баласы Иоганға тұрмысқа шыққан. Бұлар бас қосқан бойда күйеуі колхоздың бір қора қылқұйрығын қарауына алып, жылқышы құрығын қолға ұстаған. Содан бастап қырық жылдай уақыт отбасы елден жырақта тіршілік етті. Бұл жылдарда Иоганн да өзінің еңбеккештігімен көзге түсіп, үнемі жарыстың алдыңғы легінен көрініп жүрді. Совхозға әкелген табыстары ұлан-ғайыр болды. Соның әсерінен зейнетке шыққанында, сол кездегі өлшеммен өте көп мөлшерде, 125 соммен зейнетке ілікті. Өкініштісі, бүгінде соның эквиваленті сақталмай отыр.Бұлар – Иоганн мен Элеонора неміс халқына тән көпбалалық дәстүрді берік сақтады. Сөйтіп, екеуі 10 бала туып-өсірді. Кейін тағдырдың жазуымен олардың әрбірі әр жақты қоныс етті. Айталық, балалардың төлбасы Рудольф қазіргі күндері өз отбасымен Германияда тұрып жатыр. Одан кейінгі Роза – бүгінде Өзбекстанның азаматшасы. Үшінші перзент – Клара осы Қарауыл ауылында тұрады. Қазаққа тұрмысқа шыққан. Одан басқа тағы екі қызы – алтыншы және жетінші ұрпақтары Берта мен Эмма да осы ауданның орталығында. Олар да қазақтың түтінін түтетіп отыр. Сол сияқты ата-ананың сүт кенжесі, оныншы бала – Жанна да қазақтың санын көбейтуде. Ол осыдан бірқатар жылдар бұрын ауданда ұлы Абайдың 150 жылдығы тойланып жатқан күндерде Маңғыстаудан келген Самат деген жігітпен танысып, сонымен тағдырын қосқан екен. Қазір олардың өзінің 2 ұл, 2 қыздары бар. Демек, Шенимандар әулеті қазақ жұртымен төрт дүркін құда. Бұлардан бөлек, төртінші және бесінші балалары Лидия мен Лео, сегізінші және тоғызыншы перзенттері Лаура мен Владимир алман жерінде тұрақтап қалды.Кезінде, 2000 жылы Иоганн мен Элеонора Германияға да осы балаларының қамымен амалсыздан көшкен екен. Дәлірегі, бала жасынан жарымжан болып өскен Лиданы сонда апарып емдеуге тура келіпті. Неміс еліне бұрынырақ барған ағалары мен апалары емдету үшін шақыртқандарымен, оны ата-анасының қатысуынсыз шекарадан ары өткізуге рұқсат берілмепті. Балалары үшін өзектерін суырып беруге бар әке-шеше сосын жылы орындарын суытып, сол жаққа үдере көшуге мәжбүр болыпты. Шүкір, онда барғасын қыздарына ем қонып, жағдайы жақсарған. Осыған әбден көздері жеткеннен кейін Иоганн мен Элеонора өздері өскен ортаға жеткенше асығыпты.– Біз үшін Қазақстаннан артық жер жәннаты жоқ екенін бұрыннан білуші едік, онда барғасын тіпті айқын бола түсті, – дейді Лори апай бізбен әңгіме барысында. – Елге қайтқанша жанымыз тағат таппай жүрді. Қазақтың «Әркімнің туған жері – өзіне Мысыр шаһары» дейтіні рас екен. Жасыл желекке бөленген немістің жері қанша жерден көз тартатындай көркем болып тұрғанымен, салқар сахаралы қазақ даласы, соның ішінде, өзіміз өскен Абай ауданының аумағы бізді өзіне тартты да тұрды. Ақыры бірінші мүмкіндік болған кезде, елге алып-ұшып жеттік. Мұндағы ағайынға рахмет, келген бойымызда қайта бауырларына тартып, жай босатып берді.– Германияда қалған балаларыңыздың немісшесі қандай еді? – деп сұраймыз біз.– Қандай болушы еді, онда барғанша біреуі де немісше жарытып білген жоқ қой. Балалардың бәрінің тілі қазақша шықты. Олар онда жүргенде де бір-бірімен қазақша сөйлеседі. Ал немісшені енді ғана жетік меңгере бастаған сияқты. Несін айтасың, біздің тіліміз де, діліміз де, тіпті, дініміз де қазақпен бірдей болып кеткен ғой. Біздің енді неміс болуымыз қиын. Соны түсінгесін, өз ортамызға – қазағымызға жеткенше асықтық.Қазіргі күндері қос қария – Иоганн ағай мен Элеонора апай қолдарына жиен немерелері, Берта мен Манарбектің ұлы Рүстемді алып тұрып жатыр. Өкініштісі, күйеу балалары бұдан бірнеше жыл бұрын қайтыс болып кетіпті. Ал Эпштейндер әулетінен жасы бүгінде тоқсанға келген ең үлкен апасы Алиса мен Лори апай екеуі ғана бар екен. Арасындағы Арнольд, Берта, Вилли, Нелли есімді бауырлары бұл күнде орталарында жоқ. Бұлардың ішіндегі Нелли ғана күйеуі Эрвенмен бірге Германияға кетіп, сол жақта мәңгіге тыныстап қалыпты. Қалғандары түгел Семей өңірінде өркен жайыпты.Міне, бір әулеттің қысқаша ғана тарихы осындай. Сонау жер түбі – қияннан осыдан жеті жыл бұрын атамекендерін аңсап жеткен Шенимандардың қазір өз отбасыларына тән проблемалары да жоқ емес. Соның бастысы, Лори апай әлі күнге дейін Қазақстан азаматтығын білдіретін куәлікті ала алмай отыр. Ал Иоганн ағайға сол құнды құжат жақында ғана келгенге ұқсайды. Олар осы куәлік қолға тиіп, азаматтықтары қалпына келтірілгеннен кейін бұрынғы зейнетақылары да қалпына келетін шығар деп үміттенеді. Отанға оралғандарынан кейін екі жарым жылға дейін бұлар ешбір жәрдемақысыз, зейнетақысыз өмір сүрген екен. Бұлар бір күні Шығыс Қазақстан облысының сол кездегі әкімі Жәнібек Кәрібжанов ауданға іссапармен келгенінде жолығып, өз бастарындағы жағдайды айтқан көрінеді. Содан кейін қозғалыс болып, бұларға аз мөлшерде болса да зейнетақы тағайындалады. Бұлар қоныс еткен үйдің жөндеу күтіп тұрғанына да біршама уақыт болып қалыпты.– Осы шаруалар оң шешілсе, біздің бұдан артық тілейтініміз жоқ, – дейді Лори апай. Ал Иоганн ағай соңғы кезде жиі ауыра бастайтын болыпты. Демек, оған да күтім керек. Ал зейнетақы жайы оңды шешілсе, мұның бәрі ретке келетініне қанағатшыл әулет иелері бек сенімді.Олар өздерінің Отанға оралғандарын өмірдегі басты бақыты санайды.Серік ПІРНАЗАР,«Егемен Қазақстан».Шығыс Қазақстан облысы,Абай ауданы.