Бейсенбі, 12 қаңтар 2012 7:43
Оңтүстік Қазақстан облысының денсаулық сақтау саласында соңғы үш жылда айтарлықтай жақсылықтар орын алып отыр.Жалпы өлім-жітім 3,1 пайызға, нәресте өлімі 16,6 пайызға, ана өлімі 38 пайызға, қан айналымы жүйесінің ауруларынан өлім 23,6 пайызға, туберкулезден өлім 21,7 пайызға, онкологиялық аурулардан өлім-жітім көрсеткіші 6,2 пайызға төмендеді.
Бейсенбі, 12 қаңтар 2012 7:43
Оңтүстік Қазақстан облысының денсаулық сақтау саласында соңғы үш жылда айтарлықтай жақсылықтар орын алып отыр.Жалпы өлім-жітім 3,1 пайызға, нәресте өлімі 16,6 пайызға, ана өлімі 38 пайызға, қан айналымы жүйесінің ауруларынан өлім 23,6 пайызға, туберкулезден өлім 21,7 пайызға, онкологиялық аурулардан өлім-жітім көрсеткіші 6,2 пайызға төмендеді.
2011 жылы облыста неонаталдық хирургия, балалар кардиохирургиясы және нейрохирургия қызметтері дамытылды. Халықаралық технологияларды енгізу үшін 2 тренинг орталығы ашылды. Бюджет қаражаты есебінен 3 мыңнан астам дәрігер біліктілігін арттырды. Оның үштен бірі халықаралық деңгейде білім алған.Егер бұл көрсеткіш бір жылы жоғары, бір жылы төмен болса кездейсоқтыққа балауға болар еді. Сондықтан, жағдайды тұрақтандыру, медициналық қызмет саласын жақсарту, жүйелі деңгейге көтеру үшін тау көтерген Толағайдай жұмыстар жүргізілгендігі байқалады. Бұл – елге болсын, халқымыз аман-сау болсын, сырқаттардың жаны жабырқамасын дейтін әрбір оңтүстік тұрғыны үшін үлкен қуаныш.Ең үлкен жақсылық, республика көлемінде сыннан көз ашпай жүретін облыс медицинасының соңғы үш жылда тұрақты дамуға қол жетуінің сыры қандай? Біз осы сауалдарға жауап беру үшін ОҚО денсаулық сақтау басқармасының бастығы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Жұмағали ИСМАЙЛОВТЫ әңгімеге тартқан едік.– Жұмағали Қазыбайұлы, оңтүстікте басқасын айтпағанда адам өмірінің ұзақтығы республикалық орта көрсеткіштен асты. Бірнеше жыл бойы тұрақты даму сақталып келеді. Маман ретінде осының сырын жіліктеп беріңізші?– Ертегідегі Алладиннің сиқырлы шамының әрине, бұған еш қатысы жоқ. Мұның бәрі әкімдік пен медицина саласының қоян-қолтық бірге жұмыс жасауында. Саланың қаржыландырылуы 2011 жылы 2010 жылмен салыстырғанда 22 пайызға өсті. Бұл үшін ең алдымен Елбасыға оңтүстік халқы атынан рахмет айтамыз.Осының бәрін жинақтай келе, негізгі үш мәселеге айрықша тоқтауға болады.Біріншіден, облыс медицинасының инфрақұрылымы жақсарды. 900-ге тарта елді мекеннің барлығында медициналық амбулаториялар ашылды. Екіншіден, материалдық-техникалық базамыз нығайды. Облыс әкімі барлық сақалды құрылыстарды аяғына жеткізіп, іске қосып берді.Үшіншіден, мамандарымыздың біліктілігі арттырылуда. Соңғы екі жылда үш мыңға тарта дәрігер, соның ішінде медбикелер бар сала-сала бойынша білімін жетілдірді.– Жоғары және орта буын дәрігер өз кәсібіне мықты болу үшін сала басшылары да кәсіби шеберлігі жоғары болуы керек. Осы бағытта қандай жұмыстар таңдалынып алынды? Бір жылда барлық саланы қамту мүмкін емес. Жыл басында басым бағыттар белгіленетін шығар?– Айтқаныңызға келісемін. Дәрігер білікті болу үшін оның жұмысын қадағалайтын сала басшылары бәрінен хабардар болуы тиіс. Облыстағы бірқатар клиникалардың және аудан, қаладағы ауруханалардың басшылары алыс және жақын шетелдердегі мықты орталықтардан тәжірибеден өтті.Жұмысымыз жүйелі болуы үшін жыл басында жеті басымдықты белгілеп, оны аяғына жеткізу үшін бар күшті шоғырландырамыз. Бұл басқа аурулар шетте қалады дегендік емес, қабат жүргізіледі. Келесі жылы тағы да басым бағыттар таңдалынып алынады. Соның арқасында біз тұрақты жүйеге жеттік.Соңғы үш жылда облыста кардиохирургия қызметі жақсы даму жолына түсті. Алғаш рет ашық жүрекке 818 операция жасалды. Соның ішінде жүрегінде ақауы бар 163 бала бар. Бұрын осы балалардың ата-аналары Астана, Алматы сияқты ірі қалалардағы орталықтарға кезекке тұратын. Қаржысы барлары шет ел жағалайтын. Қазір бізде аймақ дәрежесінде алғаш рет балалар кардиохирургия бөлімі ашылды. Облыс дәрігерлеріне Литва, Польша, Израиль, Түркия және Ресейдің белді медициналық орталықтарының ғалымдары шеберлік сабақтарын өткізді. Бұл екі жаққа да пайдалы іс болды. Бүгінде өз дәрігерлеріміз жүрекке операция жасауда табысқа жетіп жүр.– Осы жағдайды балалар кардиологиясы бөлімі ашылғанда байқадық. Ата-аналарымен сөйлескенімізде баласын сырқаттан айықтырған дәрігерлерге алғысын сөзбен жеткізге алмай көзіне жас алғандарын да көрдік. Жүздеген жүректердің жарасын жазып, сол балалардың көз жасын құрғатқандарыңыз үшін дәрігерлер қауымына біз де рахмет айтамыз.– Рахмет. Бұл біздің қызметіміз. Әсілі, рахметті Мемлекет басшысына, облыс әкімдігіне айту керек шығар. Бар жағдай туғызды, дәрігерлерге жұмыс жасамай не көрініпті. Елбасының тапсырмасымен тікелей салынған облыстық балалар ауруханасы халықаралық стандарттарға негізделген медициналық құрал-жабдықтармен жарақталды. Клиниканың базасында неонаталдық хирургия, балалар нейрохирургиясы жақсы дамып келеді. Облыста алғаш рет дамуында ақауы бар 221 шақалаққа операция табысты жасалды.– Осы жерде бір сұрақ туындайды. Сіздер перзентханадағы гинекологиялық кеңесті клиникаларда да қолға алдыңыздар. Бастапқыда көпшілік түсініңкіремей, наразылық білдіріліп жатты…– Ол рас. Енді мәселенің мына қырына қараңыз. Бұрын жүкті әйелдерге гинекологиялық кеңес перзентханаларда болды. Біз оны емханаларға ауыстырдық. Неге? Өйткені, жүкті әйелдерге тек гинеколог емес, оған терапевт, кардиолог, невролог, қала берді тыныс аурулары дәрігерлері керек. Ауру әйелден ауру бала туады. Бала өмірге сау-саламат келу үшін ананың бойындағы сырқаттарды емдеу керек. Бұл біз енгізген жаңалық емес, әлемдік медицинадағы бар тәжірибе. Бастапқыда реніш болғанымен, кейін жақсылық үшін жасалып жатқанын жұрт түсінді. Қазір перзентханаларда бала өлімі азайды. Бірақ, өмірге жаңа келген шақалақтардың ішінде аурушаңдары, мезгілінен тым ерте келгендері болады. Біз осыған байланысты шала туған балаларды оңалтуға 100 төсектік орталық аштық.– Елбасының Оңтүстікте дәрігерлермен өткізген басқосуында құрт және қатерлі ісік аурулары мәселесі көтеріліп еді. Қазіргі нақты жағдай қандай?– Жақсы өзгерістер бар. Өткен жылы туберкулез бойынша ауруға шалдығу 12,3 пайызға төмендеді.«Саламатты Қазақстан» бағдарламасы бойынша туу жасындағы әйелдер арасында туберкулезді болдырмау бойынша біраз іс-әрекеттер атқарылуда. Барлық туберкулезге қарсы мекемелерде науқастар мектебі ұйымдастырылған. Ол жерде науқастармен туберкулез туралы, оның алдын алу жолдары, емдеуді жалғастыру сатысында дәрі-дәрмектерді ішіп, емді үзбеу жөнінде сұхбаттар жүргізіледі. Облыстық туберкулезге қарсы диспансерде алғашқы медициналық санитарлық көмек көрсету жүйесінің дәрігерлері арасында семина-тренингтер ұйымдастырылып тұрады. Осы кезге дейін 2000-нан астам дәрігер, оның ішінде 282 дәрігер-гинекологтар оқытылды. Соның нәтижесінде туу жасындағы әйелдердің арасында жүктілік кезінде туберкулезбен ауру 100 мың адамға шаққанда 2010 жылы – 3,3%-дан, 2011 жылы – 2,9%-ға дейін төмендеп, ал босанудан кейінгі кезеңінде 8,3%-дан 5,2%-ға дейін төмендеді.Облыс бойынша туберкулездің жұқпалы түрін анықтау мақсатында қосымша жаңа 6 микроскопиялық зертхана ашылды. Жалпы, облыс бойынша туберкулезге қарсы мекемелерде 18 бактериоскопиялық зертхана, емдеу саласында 23 зертхана қызмет атқарады.Ал Қазақстанда алғаш рет облыстық онкологиялық диспансерінде скрининг орталығы ашылған. Бұл – ауруларды тез анықтауға, тура диагноз қоюға мүмкіндік береді.– Бұрын оңтүстіктің дәрігерлеріне сенімсіздік білдірілетіні есте. Тіпті, “маман керек, бірақ Оңтүстік Қазақстан медицина академиясын бітірген түлектерді жұмысқа алмаймыз” деген құлақтандырулар ірі қалалардағы клиникаларда жазылып тұрды дегенді баспасөзден көрдік. Бүгінде облыс медицинасы республикада үлгі алатын деңгейге көтеріліп келеді.Астана, Алматыда өтетін ірі халықаралық конференциялар, ғылыми кеңестер Шымкентте өтетін болды. Медицина саласы бойынша халықаралық стандарттарға өткен Литва мемлекетімен өздеріңіз үш жылға меморандумға отырдыңыздар. Жыл сайын шетелден таңдаулы мамандар келіп, шеберлік дәрістерін өткізіп жүр. Осының бәрі қалайша мүмкін болды?– Бағана сөз ыңғайында айтым ғой. Мұның бәрі мемлекеттік қамқорлықтың, Елбасымыздың халық денсаулығына сергек қарауының арқасы.Шымкентте өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда Каунас медицина университетінің профессоры Видмантас Бараускас: “Сіздердің материальдық-техникалық жабдықтарыңыз біздің клиникалардан да жақсы екен. Осындай қамқорлық жасаған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлына рахмет. Ал аймақтарға дәл сіздердегі басшылардай жағдай туғызған, қаржы бөлген орталықтарды әлі көрген жоқпыз. Сол үшін облыс әкіміне біздің құрметімізді жеткізіп қойыңыз”, деді.Енді салыстырып көріңіз. 1991-2009 жылдар аралығында бар болғаны 16 медициналық нысан қосылған екен. Ал 2010-2011 жылдар аралығында ғана 136 денсаулық сақтау мекемесі іске қосылды. Осы құрылысқа республикалық бюджеттен 3,9 млрд. теңге ал, облыстық бюджеттен 3,7 млрд. теңге бөлінді. Бұның сыртында медицина нысандарына жүргізіліп жатқан күрделі жөндеулерді қосыңыз. Соңғы он жылда облыстық бюджеттен денсаулық сақтау саласына бөлінген қаржы 10 есе еселенді. Мәселен, 2001 жылы 4 млрд. теңге болса, 2011 жылы 44,8 млрд. теңгеге жетті. Адам денсаулығынан қымбат ештене жоқ. Облыста жоғары білікті кадр даярлау мақсатында халықаралық стандарттарға негізделген екі орталықты халықаралық аккредитациядан өткізуге дайындап жатырмыз. Мұнда тек облыстық емес, республикалық, қала берді өзге мемлекеттерден де дәрігерлер келіп, біліктілігін арттырады. Болашағы үлкен. Облыс медицинасы республикада алғашқы болып халықаралық стандартқа өткен мемлекеттермен іскерлік байланыс жасап жатыр. Олар бізге үйретумен қатар үйрену үшін де келетіндігін айтады. Тынымсыз жұмысымыз тұрақты даму көрсеткіштеріне жеткізді. Бұған облыс дәрігерлерінің мейірленуіне әбден болады. Бірақ, тоқмейілсімейміз. Халықтың денсаулығын жақсарту мақсатында қабылданған мемлекеттік бағдарламаларды орындауға күш салынады.– Әңгімеңізге рахмет. Халыққа жасап жатқан қызметтеріңіз табысты болғай.Әңгімелескен Бақтияр ТАЙЖАН.Оңтүстік Қазақстан облысы.