• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
11 Ақпан, 2019

Тәуелсіздік және генерация

1007 рет
көрсетілді

Қазақ мәдениеті мен өнерінің дамуы, насихатталуы – тәуелсіз ел атануының арқасы. Өндірістік, экономикалық қарым-қатынаста, ақпарат алмасуда ғана емес, әлемдік деңгейде елдің төл дәстүрін дәріптеуде, ұлттық бояуын танытуда егемендік ұғымының рөлі зор. Қазақ мемлекетінің еркіндігі мен бостандығы рухани, көркем мұралардың қайта жаңғырып, кеңінен танылуына негіз болуда.

Өткен ғасырдың орта шенінде жетілген аға буынға Күлтегін, Тоныкөк немесе Тұмар, Бейбарыс есімдері же­те таныс болмаса, тәуелсіздік жыл­­дары жаңа генерациялық буын қалып­тасып, басқару жүйесінде кеңестік тоталитарлық жүйе болғанын тарихтан оқып біле алатын, тың және тыңайған жерлерді игеру үдерісін тарихтағы бір құбылыс ретінде ғана санайтын жаңа ұрпақ пайда болды. Еркіндіктің арқасында жеке ел ретінде таныла бастадық. Бұл – қазақ үшін елеулі сәт. Бұл ғасырмен, мыңжылдықтармен санасатын тарих көшінде екінші мүшелінің бел ортасына келген Қазақ елі үшін жігер мен қайрат, күш пен мақсат, сенім мен ізденіс, еңбек пен қажырлылықты қажет ететін  уақыт.

Жаңа генерацияның қалыптасуы – ұрпақ заңдылығы. Сонымен қатар бұл біріншіден, елдің төл тілінің дамуына, салт-дәстүрінің жалғасуына, мәдениетінің өркендеуіне, экономи­касының жоғарылауына ықпал ететін жаңа буын. Еркіндігі жоғары, ой-санасы тәуелсіз бүгінгі генерация тоқсаныншы жылдардағы жастармен салыстырғанда әлемдік мәдениеттегі ақпараттарды мең­геру, технологияны игеру, шет­ел­дердің территориялық аумағында болуы және өзге тілдерді меңгеру жағынан алға шықты. 

Елбасымыздың арнайы қолдауымен жүзеге асырылған «Болашақ» бағдар­ламасы Қазақстан мен өзге елдер арасында білім мен ақпараттың еркін алма­суына ықпал етіп қана қоймай, зияткер, кәсіби ойлы жастар буынын қалыптастыруға даңғыл  жол ашты. Тәуелсіздік жастарға еркіндік берді. Рухты сезіндірді. Күлтегін жырында мынандай жолдар бар: «Алтун, күмүш, ісігті, қутай буңсыз анча бірүр табғач будун сабы сүчіг, ағысы йымшақ ерміс» – «Алтынды, күмісті, дақылды, жібекті соншама шексіз беріп жатқан табғаш халқының сөзі тәтті, бұйымы асыл еді. Ақылды кісілерді, батыл кісілерді табғаштар қозғай алған жоқ. (Егер) бір кісі алданса, (онда) руы, халқы тұқымына дейін қалмас еді. Тәтті сөз, асыл дүниесіне көп алданып, Түркі халқы, қырылдың, Түркі халқы, жойылдың», дейді ғой аталған жырда. Мұндағы табғаш халқы қай ел екендігі бәрімізге белгілі. Жылы сөзімен, бұйымдарымен жарты жаһанды жаулаған, көк түріктер елін «батыс», «шығыс» деп екіге ажыратып, елу жылдай боданына айналдырған табғаш халқынан тізе қосып, өз еркін алып шығуға басты негіз болған тектен бе­рілген тәрбиесі мен салт-әдетке бе­рік­тілік және ата ғұрыптық ұстаным еді. Тәрбиеміз тегімізден ажырамасын, қаза­қылығымыз қалпынан таймасын.

Тұғыр мықты болмаса, тұрақтылық болмайды. Ал халықтың басты тұғыры – тәуелсіздік. Тәуелсіздік тұғырының берік болуы жастардың қолында. Жастардың қажыр-қайраты қайтусыз, интеллекті жоғары, ой-пайымы биік, заман талабына сай, қазақылығы сақталған болса, елдің ертеңі жарқын болмақ.

Арай ЖҮНДІБАЕВА,

Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, философия докторы (PhD), қауымдастырылған профессор

СЕМЕЙ