Инвестиция тарту бойынша Қызылорда облысы көш бастап, 4,3 есеге өсім көрсетіп отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәлімдеді.
Ведомство басшының сөзіне сүйенсек, инвестицияның өсуі Қарағанды, Ақмола, Түркістан, Қостанай облыстарында байқалады.
«Жалпы 2019 жылдың бірінші айының қорытындысы бойынша экономиканың көптеген салаларында өсудің баяулау үрдісі байқалады. Бұл ретте, өңдеудің негізгі салаларындағы құлдырау және құрылыстағы төмендеу тұтастай алғанда экономикалық өсуге барынша теріс ықпал етті. Біздің бағалауымыз бойынша, осы салалардың жалпы ішкі өнімнің өсуіне теріс салымы 1,1 проценттік тармақты құрайды», деді Т.Сүлейменов.
Сонымен қатар министр салалар бойынша өңірлердегі экономиканың баяулауының себептерін түбегейлі зерделеу және оларды жою қажеттігін жеткізді.
«Орталық мемлекеттік органдар мен әкімдер экономикалық белсенділіктің өсуіне қолдау көрсету және ынталандыру бойынша барлық түбегейлі шаралар қабылдауы тиіс», деді Т.Сүлейменов.
Бұдан кейін кейбір өңірлерінде тұрақсыз жағдай байқалғанын атап өтті. Мәселен, өнеркәсіп бойынша Қарағанды, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Ақмола облыстары теріс серпін көрсеткен.
«Бұл өңірлерде мұнай, газ конденсатын, уран кенін, жалпақ илек және жүк вагондарын өндіру қысқарды. Сонымен бірге, өнеркәсіпте Шығыс Қазақстан, Атырау, Қостанай облыстарында, Астана қаласында жоғары өсім байқалып отыр. Ауыл шаруашылығында Атырау облысынан басқа, барлық өңірлерде өсім байқалады», деді ведомство басшысы.
Министрдің сөзіне қарағанда аймақтардағы құрылыс жұмыстарының баяулауына техногендік минералдық түзілімдерді қайта өңдеу фабрикасының, «Абу-Даби Плаза» кешенінің, магистралды мұнай және газ құбырларының, тұрғын және өнеркәсіптік ғимараттардың, білім беру объектілерінің құрылысы бойынша жұмыстардың азаюымен байланысты.