• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Парламент 14 Ақпан, 2019

Жоғарғы Сот төрағасы судьялыққа іріктеудің жаңа талаптарын түсіндірді

402 рет
көрсетілді

Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» ҚР Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық Заңы және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот жүйесін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданды.

«Дүниежүзілік рейтингте Қазақстан соттарда жағдай жасау жағынан төртінші орынға көтерілді. Біздің алдымызда Оңтүстік Корея, Норвегия, Сингапур тұр. Осы шараларды «100 нақты қадамның» тікелей жемісі де қабылдау керек», деді ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Жақып Асанов.

Жоғарғы сот төрағасы сотқа деген сенімді арттыру мәселесіне тоқталды. «Елбасы сот жүйесінің алдына үлкен үш міндетті қойды. Ең алдымен, біз қажетті ынталандыруды жасап, сот жүйесіне мықты заңгерлерді тартуымыз керек. Өкінішке қарай, бүгінде білікті заңгерлер судья болғысы келмейді. Өйткені олар саладағы барлық қиыншылықтарды, жүктеменің көптігін біледі. Сонымен қатар, екінші міндетте соттарды дауы жоқ істерден босатып, күрделі істерге жұмылдыру. Ал үшінші міндет сот процесін артық бюрократиядан тазартып, оны тиімді, түсінікті әрі қолайды ету», деді.

Оның сөзіне қарағанда, аталған үш бағыт бойынша мүдделі органдармен бірлесе 11-ге тарта заң жобасы әзірленді. Ал бүгін Сенаттың жалпы отырысына ұсынылған екі заң жобасы бірінші міндетке қатысты болып отыр, яғни кадр мәселесіне арналды.

«Сот жүйесінің тірегі - ол судья. Жақсы мамандар осы салаға ұмтылмайды. Біздің соттарда қаралатын істердің 85 пайызы азаматтық дауларға қатысты. Оның ішінде шағымдардың көбі мемлекеттік органдардың шешіміне арналған. Бұл проблеманы шешу үшін ол саланы жақсы білетін мамандар керек. Сот жүйесі мамандарға мұқтаж. Бізге қажет бұл адамдардың мансабы қалыптасқан және олар негізінен 40 жастағы азаматтар. Бұл азаматтарды облыстық соттар қызықтыруы мүмкін, алайда олар облыстық соттың алдында аудандық деңгейден өтуі тиіс. Аудандық сотқа 40-тан асқан азамат бармайды. Сондықтан бұл заң жобасы арқылы біз осы талапты алып тастап, жалпы аппеляция сатысына, облыстық соттарға 15 жылдық заңгерлік еңбек өтілі бар мамандарға жол ашып, конкурсқа қатысуға жағдай жасалуда», деді Жақып Асанов.

Оның айтуынша, бұрындары жыл сайын орта есеппен судьялыққа 150 адам қабылданатын. Былтыр 29 адам қабылданған екен, яғни 5 есе аз болды. Бұл ретте талаптар күшейтілді. «Іріктеудің жаңа тәртібі арқылы судьялыққа тек білімділер мен біліктілер өтетін болады, кездейсоқ адамдарға тосқауыл қоямыз. Бұл жүйе жаңа кадрларға қатысты», деді Жоғарғы сот төрағасы.

Айта кетейік, 2018 жылдың қараша айында Мемлекет басшысы Парламент Мәжілісінің қарауына «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» ҚР Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңының және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот жүйесін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобаларын енгізді.