Семейдегі қалалық орталық кітапханада ақпараттық-библиографиялық бөлімнің меңгерушісі Мейрамгүл Маханбетованың ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Шежіреге толы туған өлке» атты өлкетану оқулары өтті. Шараға Абайдың тарихи және әдеби-мемориалдық қорық мұражайының қызметкері Қуат Қиықбай, Жақия Шайжүнісов атындағы электронды колледждің қызметкері Әсем Зияданова, Семей қаржы-экономикалық колледжінің кітапхана қызметкері Жанат Мансарина және Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің студенттері қатысты.
- Жастарымыз өз өлкесінің тарихын біле жүргені абзал. Бұл шараны өткізудегі мақсатымыз кітапханада Семей тарихына байланысты өлкетану жұмыстарын жандандыру болып табылды,-деді Мейрамгүл Маханбетова,- жастардың патриоттық сезімдерін ояту аса маңызды. Білім беру жүйесінде өлкетану білімін насихаттау, жеке тұлғаны тәрбиелеу, өлкетануды дамыту арқылы мәдени-тарихи сананы қалыптастыру да әрқайсымыздың парызымыз. «Рухани жаңғыру» бағдарламасында қойылған міндеттер аясында өлкетану жұмысы ұлттық салт-дәстүрлер, тіл, өнер және әдебиет сияқты құндылықтарды сақтауға, ұрпақтан-ұрпаққа мұра боп қалуы тиіс.
Өлкетану оқуларында тыңдаушыларының назарына жазушы, драматург, аудармашы, зерттеуші, публицист, қоғам қайраткері Жүсіпбек Аймауытовтың Семеймен тығыз байланысты шығармашылығы туралы Абайдың тарихи және әдеби-мемориалдық қорық мұражайының қызметкері Қуат Қиықбайдың баяндамасы шараға қатысушылардың қызығушылығын туғызды. Қатысушылар музей материалдарынан көп пайдалы ақпарат алды.
Жақия Шайжүнісов атындағы электронды колледждің қызметкері Әсем Зияданова Қазақ КСР-інің Еңбек сіңірген мұғалімі, Социалистік Еңбек Ері, КСРО және Қазақ КСР Халық ағарту ісінің үздігі Жақия Шайжүнісұлы Шайжүнісовтің өмірі мен басшылық қызметтерін атқару жолындағы қиын да қызықты еңбек жолы туралы әңгімелеп берді.
Ал Жанат Мансарина Кеңес Одағының батыры, Ұлы Отан соғысының қатысушысы Әйткеш Ибраев туралы айтты. Ол көптеген жылдар бойы Семей батыры туралы мәліметтерді жазушы Шаймардан Қалиақпаровтың «Курск шайқасының батыры» атты кітабына тоқталып өтті.
Сонымен қатар Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің библиографы Меруерт Ахметкалиева Абай ауданының тумасы, қазақтың тұңғыш скрипкашысы, Қазақстандағы тұңғыш скрипкалық мектебінің негізін қалаушыларының бірі Әйткеш Толғанбаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы баяндап берсе, ал ақпараттық-библиографиялық бөлім қызметкері Бүбіхан Ержанова музыкатанушы-этнограф, белгілі қазақ фольклорын жинаушы, композитор, Қазақ АССР Халық әртісі, Қазақстанның кәсіби композиторлық мектебінің қалыптасуына еңбегін сіңірген Александр Затаевич туралы ақпаратпен бөлісті. Баяндамалар слайд көрсетілімі және бейне материалдармен жалғасып отырды. «Семей шежіресі сыр шертеді» атты тақырыптық көрме ұйымдастырылып, түрлі ақпараттық-библиографиялық өнімдер қойылды.
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА
«Егемен ҚАЗАҚСТАН»
суретті түсірген автор
СЕМЕЙ