Соңғы уақытта Үндістан мен Пәкістан арасы қайта шиеленісіп кетті. Оған 14 ақпанда Кашмирде болған лаңкестік әрекет пен Үндістан мен Пәкістанның осы оқиғаға қатысты іс-қимылдары себеп болды.
Пәкістан билігі айыпты ма?
Аталған лаңкестік оқиға Кашмирдің Үндістанға қарайтын аумағындағы Пулвама қаласында, үндістандық әскери көліктер қаз-қатар жүріп келе жатқанда жасалған. Нақтылай айтқанда, жанкешті өзінің басқаруындағы жарылғыш зат орнатылған машинаны әлгі көліктердің біріне соғады. Соның салдарынан Үндістанға тиесілі әскери көліктердің бірінде отырған 45 полиция мерт болды. Үндістан тарапы хабарлағандай, жарылысты Кашмирдің 22 жастағы тұрғыны жасаған. Көп ұзамай аталған лаңкестік шабуылды «Жаиш-е-Мұхаммед» тобы мойнына алды. Бұл топтың жарылысты өз мойнына алуы Пәкістанға оңай тимей тұр. Өйткені, «Жаиш-е-Мұхаммед» – осы елдің аумағында орналасқан, Джамму мен Кашмир штатын Үндістаннан бөліп, Пәкістанға қосуды көздеп жүрген ұйым. Үндістан жағы бұл топ Пәкістан билігінен қолдау тауып отыр деп есептейді.
Ресми Дели осы лаңкестік шабуылға Пәкістан билігінің қатысы бар екеніне бек сенімді. Осы орайда Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди Пулвамадағы шабуылға тиісті жауап берілетінін мәлімдей келіп, ел әскеріне шекара маңында кез келген әскери қимыл жасауға рұқсат берді. Ал ресми Исламабад қарсы тараптың барлық айыптауларын жоққа шығарып бағуда. Пәкістан премьер-министрі Имран Хан жарылысты ұйымдастырушылар табылса, оларды жазалауға дайын екенін мәлімдеп, «Бұл шабуылға шын мәнінде пәкістандық тараптың қатысы бар екені расталса, кінәліні бізге беріңіздер. Біз шара қолданамыз», деді.
Жарылыстан кейінгі жағдай
Пулвамадағы оқиғадан кейін Үндістан қалаларында наразылық күшейді. Тұрғындар Пәкістанның туын өртеді. Пәкістаннан Үндістанға келетін тауарларға кеден салығы 200 пайызға өсті. Қос тарап та өз елшілерін кері қайтарып алды. Іле үнді полицейлері Үндістанға қарайтын Джамму мен Кашмир өңірінде 20 адамды тұтқындаған. Сондай-ақ Джаммуда Үндістан полицейлері мен қарулы топтар арасында қақтығыс болып, тоғыз адамның қаза тапқаны мәлім болды. Олардың бесеуі – үндістандық әскери болса, біреуі қарапайым тұрғын, үшеуі «Жаиш-е-Мұхаммед» тобының мүшесі көрінеді.
Жоғарыда айтылған оқиғалардан бөлек, 26 ақпанда Үндістан әуе күштері Пәкістанға тиесілі Кашмир аумағында орналасқан «Жаиш-е-Мұхаммед» тобының базасына шабуыл жасауы мәселені тым күрделендіре түсті. Нақтылай айтқанда, Үндістан әскери әуе күштерінің 12 жойғыш ұшағы «Жаиш-е-Мұхаммед» лаңкестік ұйымының жаттығу лагерін қиратқан. Кейбір деректер бойынша, әуе шабуылынан ұйымның 300 жасағы көз жұмған.
Осындай қарбаласты шақта, яғни 27 ақпанда пәкістандықтар Үндістанның екі ұшағын атып түсіріп, екі ұшқышты тұтқындағаны белгілі болды. Бұл туралы Пәкістан қарулы күштерінің өкілі генерал-майор Асиф Гафур: «Үндістандық екі ұшақты атып түсірдік. Олардың бірі біздің аймағымызға, екіншісі Кашмирдің Үндістанға қарайтын бөлігіне құлады. Екі ұшқыш та тұтқындалды. Олардың бірі жарақаттанып, ауруханаға жеткізілді. Оған қажетті медициналық көмек көрсетіледі. Екінші ұшқыш абақтыға қамалды», деп хабарлады. Кейінірек Pakistan Today агенттігі ұсталған ұшқыштардың бірінің бейнесі түсірілген бейнежазба жариялады.
Кашмир дағдарысы – әлемдік мәселе
Кашмир мәселесі 1947 жылы Үндістан мен Пәкістан өз тәуелсіздіктерін алған кезден басталған. Сол тұста халқының 70 пайызы мұсылман Кашмир өңірінің билеушісі Хари Сингх Үндістанға қосылу туралы шешім қабылдаған-ды. Бұл шешімге Пәкістан тарапы келіспей, ақырында 1947 жылы аталған аймақта Пәкістан мен Үндістан арасында 1949 жылға дейін жалғасқан соғыс болды. Бұл қақтығыс БҰҰ-ның араласуымен тоқтаған-ды. Содан 1949 жылдың 27 шілдесінде шекара сызығы белгіленіп, Батыс және Солтүстік Батыс Кашмир Пәкістанға, ал аймақтың қалған көп бөлігі Үндістанға бағындырылды. Алғашқыда осылайша түйткілді мәселенің шешімі табылғандай болған. Бірақ көп өтпей жағдай басқа арнаға бұрылып кетті.
Түсіндіре кетсек, 1952 жылы шілдеде Үндістан үкіметі мен Кашмир билеушісі арасында «Дели келісімі» жасалып, соның нәтижесінде, өлке Джамму және Кашмир штаты деген атпен Үндістан құрамына енгізілді. Сөйтіп Үндістан бұл мәселе біржола шешімін тапты деп есептеген-ді. Пәкістан жағы бұған келіспей, Джамму және Кашмирде референдум жүргізуді талап етті. Референдум өткізуге Үндістан көнбеді. Өйткені аталған штаттағы халықтың дені мұсылман болғандықтан, таңдау нәтижесі өздерінің көңілдерінен шықпайтынын түсінді. Дау осылайша күрделеніп кетті. Содан екі ел арасында 1965 жылы қарулы қақтығыс болып, ол КСРО және бірқатар елдердің араласуымен тоқтатылды. 1971 жылы тағы да қос тараптың арасында қарулы қақтығыс болды. Осы үш соғыстан бөлек, бүгінге дейін болған, көптеген азаматтарды опат еткен көптеген лаңкестік оқиғалар екі ел арасындағы орды тереңдете түсті.
Мұның барлығы Кашмирді Азиядағы ең қауіпті аймақтардың біріне айналдырды. Сондай-ақ екі мемлекеттің де ядролық клубқа мүше болуы, жаппай қырып-жоятын қаруға қол жеткізуі Кашмир дағдарысын халықаралық аса ірі проблемалардың қатарына қосты.
Осы арада айта кетейік, 2002 жылы Үндістан мен Пәкістан арасында Кашмирге қатысты кезекті жанжал басталып, арты қарулы қақтығысқа жалғасқан. Сол кезде Қазақстан Президенті Н.Назарбаев қос мемлекеттің басшыларын Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске қатысуға, келіссөз жүргізуге шақырған. Бұл шақыруды екі басшы да қабыл алып, 2002 жылы 3 маусымда Алматыға келген. 4 маусымда өткен саммит кезінде олар өздерінің ядролық қаруын бірінші болып іске қоспайтындары жөнінде мәлімдеме жасаған. Тағы бір айта кетер жайт, Кашмир мәселесіне тікелей қатысушы Үндістан мен Пәкістан 2017 жылдың маусымында Қазақстан белсенді атсалысып отырған Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүшелікке толыққанды қабылданған. Қалай десек те, Қазақстан үшін саяси-экономикалық сенімді серіктес елдер – Үндістан мен Пәкістанның тату көрші болуы аса маңызды. Сондай-ақ олар бір-бірімен ынтымақты болуға қадам басса, бұл әлемдік қауіпсіздікті нығайтуға қосылған үлкен үлес болар еді.
Жолдыбай БАЗАР,
«Egemen Qazaqstan»