Өткен жұмада «Астана Опера» театры сахнасында ерекше дауыс иесі Мария Мудряк (сопрано) пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Италия Жұлдызы» орденінің иегері Медет Шотабаевтың (тенор) «Музыка өнерінің жауһарлары» атты шығармашылық кеші өтті.
Қазақстан мен Италия сахнасының еркесіне айналған қос таланттың шығармашылық тамаша тандемін бельгиялық белгілі дирижер Илья Машкевич сүйемелдеді. Илья Машкевич Ресей, Жапония, Франция, Германия және өзге елдерде жемісті еңбек етіп жүрген әлемдік деңгейдегі үздік музыканттардың қатарында. Дирижерліктен бөлек, шеберлік сабақтарын өткізіп, театр мен киноға арнап музыка да жазады. Ал айтулы концертті маэстроның елордалық театр сахнасындағы дебюті десе де болады.
– Бұл – менің «Астана Опера» театрындағы алғашқы жұмысым. Сондықтан да барынша тыңғылықты дайындалып, көрерменнің көңілінен шығуға күш салдық. Әлемдік музыка өнерінің жауһарларын ерекше талғаммен іріктеп концерт бағдарламасына қосып, соны жоғары кәсіби деңгейде алып шығуға талпындық. Мәселен, концерттің алғашқы бөлімінде Антонин Дворжактың №9 симфониясын «Астана Опера» театрының симфониялық оркестрімен бірге орындаймыз. Дирижер ретіндегі менің басты ұстанымым – бағыттау. Яғни олар ойнайды, мен тек бағыттаймын. Дайындықтың алғашқы минуттарында оркестр мен әрбір жекелеген музыканттың кәсіби деңгейін бағалауға тырысамын. Содан кейін ғана музыканы қабылдаудағы өзімнің талдауымды ұсынамын. Бұл тұрғыдан келгенде солистермен де, театрдың симфониялық оркестрімен де жақсы түсіністік, – деп атап өтті маэстро.
Қос бөлімнен тұратын концерттің алғашқы бөлімі чех композиторы Антонин Дворжактың атақты №9 симфониясымен ашылса, екінші бөлім вокалдық музыкаға арналды. Сопрано үнді Мария Мудряк пен тенор Медет Шотабаев тыңдарман назарына опера өнерінің жауһарларын ұсынды.
– Туған жерімде жүрегіме жақын қазақстандық көрерменім – өзім хат-хабар алысып әрі концерттерімде кездесіп жүрген отандастарым мен жанкүйерлерімнің алдында есеп беріп, өнерімді ортаға салғым келді. Бұл менің көптен бері ойда жүрген армандарымның бірі еді. Сондықтан да ерекше толқыныс үстіндемін. «Астана Опера» сахнасында өтетін бүгінгі концертке арнап таңдаған репертуарым негізінен менің өткенімді, осы шағым мен келешегімді қамтиды. Концерт шымылдығы шығармашылық жолыма бастау болған Г.Доницеттидің «Дон Паскуале» операсындағы Норинаның ариясымен түріледі. Қазіргі шағым деп осы жылы Аустралиядағы Мельбурн опера театрында өтетін дебютімді айтып отырмын. Онда Д.Маквикардың әйгілі «Фауст» операсынан Маргаританың бас партиясын орындаймын, әріптесім – танымал тенор Саймир Пиргу. Ал болашағым дегенім – қазірден бастап дайындап жүрген «Трубадур» операсындағы Леонораның ариясы. Бұдан бөлек, бағдарламаға енген Дж.Верди мен Дж.Пуччинидің операларынан орындалар керемет дуэттер де көрермен көңілінен шығады деп ойлаймын, – деді Мария Мудряк.
Концертте орындалған ғажайып дуэттермен қатар, «Астана Опера» театрының жетекші солисі Медет Шотабаевтың жекелей орындауындағы бұған дейін елорда сахнасында шырқалмаған У.Джорданоның «Федор» операсындағы Лорис пен Дж.Пуччинидің «Тоска» операсындағы Каварадоссидің ариялары, А.Лараның «Гранада» әні және тағы да басқа жаһандық музыка өнерінің жауһарлары талғампаз тыңдарманның қошеметіне бөленді.
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»