• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Наурыз, 2019

Қапшағайда жасалған «Роллтон» Қытайға экспортталады

1421 рет
көрсетілді

Алматы облысы аумағында трансұлттық компаниялардың қатысуымен 9 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде 2 жоба өткен жылы іске қосылды. Қазір Іле ауданында Германияның «Wilo» компаниясы сорғы насостарын шығаратын зауытты іске қосса, Қапшағай қаласының аумағында «Маревен Фуд» зауыты жылдам дайындалатын кеспе өнімдерін дайындап, нарыққа шығарып жатыр. Бұл жолы осы зауыт туралы кеңінен айтпақпыз.

- Жаңа зауыт жылына 417 млн данаға дейін жылдам дайындалатын кеспе өнімдерін шығарады. Бұл «Қазақстанда жасалған» белгісімен ішкі және сыртқы нарыққа шығарылатын өнім түрі болмақ. Қазір отандық нарыққа 50 процентке, сыртқы нарыққа 50 процентке жұмыс жасамақпыз. Бүгінде Қапшадайда жасалған дайын кеспе Қазақстанның  барлық аймағынан бөлек, Орталық Азия елдеріне және Қытай, Иран, Ауғанстан, Моңғолия мемлекеттеріне  экспортталуда, - дейді «Маревен Фуд» зауытының атқарушы директоры Александр Вязников.

«Маревен Фуд Тянь-Шань» - әлемге танымал брендтің бірі. Оның өінімін дүниежүзінің көптеген елі тұтынып отыр. Қапшағайдағы зауытта компанияның «Роллтон» және «Bigbon» сауда белгісі бойынша  дайын өнім шығарыла бастады. Қазіргі уақытта зауыт 370 адамды жұмыспен қамтыды. Алдағы күндері жұмыс күші 523 адамға жетпек. Компания өндіріс ерекшелігне орай жергілікті жұмысшыларды қайта даярлаудан өткізіп, жаңа технологияны меңгерген бесаспап маман етіп шығарды.

Алматы облысы әкімдігі мен трансұлттық компания арасындағы әріптестік аясында ашылған зауытқа 15,4 млрд теңге шетел инвестициясы тартылған екен. Қазір қаптамасында «Маревен Фуд» зауытында, Қазақстанда өндіріліген» деген анықтама жазуы бар «Роллтон» кеспесі мен «Үй Роллтоны» тұздығын Алматы облысы ғана емес, Алматы қаласының тұрғындары да тұтынып отыр. 

Айтпақшы, облыста бүгінде жалпы сомасы 1,3 трлн теңге болатын 50 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде 32 жоба тікелей  шетелдік компаниялардың қатысуымен жүзеге асады. Жетісу жерінде «Маревен Фуд» брендінен бөлек әлемге әйгілі «Кока-Кола», «Фуд Мастер», «Данон», «Эфес», «Джи Ти Ай», «Тикурилла» сияқты жиырмадан астам трансұлттық компаниялар жұмыс істеп жатыр.  Ал өткен жылы Алматы облысында «Кәсіпкерлікті қолдау» картасы бойынша 575 адамды жұмыс орынымен қамтыған 3 ірі өндіріс іске қосылды. Мұның бірі біз сөз еткен Қапшағай қаласы аумағындағы азық-түлік шығаратын «Маревен Фуд Тянь-Шань» зауыты болса, тағы екі өндіріс жұмыс істеп тұр. Мысалға, Талғар ауданындағы лифт шығаратын және лифт жабдықтарын жаңғырту қызметтерін көрсететін «LGS Kazakhstan elevator Group» компаниясының өндірістік цехы және Қаратал ауданында керамзит шығаратын «As-Biba» құрылыс зауыты сұранысқа ие өнім шыағруды көздейді. Өндірістерді іске қосу мақсатында жалпы құны 15,8 млрд теңге қаражат игерілген.

- Қапшағай қаласының маңында ашылған «Маревен Фуд Тянь-Шань» зауыты облыс экономикасына ғана емес, еліміздің нарығына еңбек етеді. 370 адамды жұмыспен қамтыды. Өнімді экспорттауға кірісті. Мақсаты биік деп айтуға болады. Бұл бағыттағы жұмысты жалғастырамыз. Биыл экспортқа бағытталған үш ірі кәсіпорынды іске қосу жоспарланып отыр. Іле ауданында ресейлік «Лукойл» компаниясының майлау материалдарын өндіретін, қуаты 21 мың тонналық зауыты жұмыс істейтін болады, соның нәтижесінде 27 млрд теңге инвестиция тартылып, 200 жұмыс орны құрылады, - дейді Алматы облысының әкімі Амандық Баталов.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

Алматы облысы