• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Наурыз, 2019

Төр Алтайда медициналық туризмге мән беріледі

1277 рет
көрсетілді

Елбасы туризмді, оның ішінде медициналық туризмді дамыту керектігін үнемі айтып келеді. Туризмнің бұл түрі әсіресе Еуропа мемлекеттерінде ерекше жолға қойылған. Мәселен, жыл сайын бір ғана Германияға әлемнің түкпір-түкпірінен емделу үшін 250 мыңға жуық адам келеді. Олардан мемлекетке қанша табыс түсетінін есептей беріңіз. 

Катонқарағайда ерекше шипажай ашылады

Соңғы жылдары медициналық туризмді өркендетуге елімізде де көңіл бөліне бастады. Осы туризм түрін дамытуға сұранып тұрған өңірдің бірі – Шығыс Қазақстан, оның ішінде Катонқарағай ауданы. Төр Алтайдың баурайындағы өңір бүгінде туристерді негізінен жаз маусымында ғана қабылдап жүргені ешкімге жасырын емес. Мамандар Катонқарағайда туризммен жыл он екі ай, қысы-жазы тоқтаусыз шұғылдануға болатынын айтады. Катонқарағайда медициналық туризмді мықтап қолға алуға облыс әкімдігі де ықылас білдіріп отыр. 

Жақында Өскеменде өткен халыққа есеп беру кезінде өңір басшысы Даниал Ахметов Ка­тон­қарағай ауылындағы №2 ау­дандық аурухана базасында «Ал­тай» шипажайы ашылатынын жеткізді. Мұның да өзіндік себебі бар. Өйткені Катонқарағай ауылы – бұрынғы аудан орталығы. Мұ­ны бір деңіз. Екіншіден, осы ауылдағы аудандағы ха­лық санының көп кезінде салын­ған емхананың жартысына жуы­ғы пайдаланусыз бос тұр. Үшін­ші­ден, шипажай ашылса талай адам өзіне жұмыс тауып, шекара ше­біндегі ауылда тіршіліктің қыз-қыз қайнайтыны анық. Айт­пақшы, былтыр осы аурухана жекенің қолына өтеді деген әңгіме шығып, аудан тұрғындарының нара­зылығын тудырғаны да есі­мізде. Облыс әкімі 23 ақпанда Ка­тон­қарағай ауданына арнайы жұ­мыс сапарымен барып, шипажай ашу мәселесін жан-жақты пы­сық­тап қайтты. Облыстық ден­саулық сақтау басқармасы әзір­леген шипажайдың жоба-жос­парымен мұқият танысты. «Ал­тай – түбі бір түркі жұртының ата­мекені. Осы жерде керемет тари­хы­мыз жатыр. 

Жылына 20 мыңдай турист келеді. Сондықтан Катон­қара­ғайда туризмді де, меди­ци­налық туризмді де дамытуға бола­ды. Бұл ғимаратқа жергілікті кәсіп­­керлер алдымен шетелден кел­гендерге ұялмай көрсе­тетін­дей жөндеу жасасын, ал біз за­манауи медициналық құ­рал-жабдықтар алып берейік. Келу­шілерге қа­жетті кинотеатр, ұлт­тық тағам­дар әзірлейтін мейрам­хана да аша­йық. Елімізден сы­нық­шы, тағы да басқа халық­тық ем­ші­лер­ді жинайық. Ал аудан ор­та­лы­ғында әуежай ашу мәселесіне кел­сек, одан гөрі Алтай мен Үл­кен Нарын арасына жақсы­лап жол салған маңызды. Сонда тұрғын­дар Үлкен Нарыннан Өс­­к­емен­ге екі жарым сағатта же­те­­ді. Деген­мен, бұл мәселені жақ­­сы­лап ойлану қажет», деді Д.Ахметов тұр­­ғын­­дармен кездесуде. 

Қазіргі уақытта осы істің ба­сы-қасында жүрген облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шорановтың айтуынша, шипажайда Алтайдың емдік шөптерімен, қымызбен, батпақпен емдейтін кабинеттер мен халықтық медицина бөлімі ашылмақ. Жаңа шипажай үш жұлдызды стандартқа сәйкес болып, мұнда бір мезетте 90 адамға дейін емделуі тиіс. «Шипажайды ашудағы мақсатымыз – ең әуелі Катонқарағайдың туристік әле­уетін нығайту. Қазір мұнда турис­тер негізінен жаз кезінде ғана келеді. Әрі кетсе екі-үш ай. Зерделеп қарағанымызда олардың жекеменшік демалыс базаларына баратынына көз жет­кіздік. Аталған демалыс ба­за­ларында білікті меди­ци­на мам­андары жоқтың қасы. Дем­алу­шылардың қан қ­ысы­мын, сараптамаларын дұ­рыс тексермейді. Енді шипа­жай­ға келушілерді білікті маман­дар қарап, рентгенге, УДЗ-ге (Ультра дыбыстық зерттеу) түсі­ріп, денсаулықтарын жіті тек­сере­тін болады. Катонқарағай ұлт­­тық саябағында 18 туристік ба­ғыт бар. Жаяу да, атпен де сер­уен­деуге, Бұқтырмаға барып балық аулауға болады. Қа­йық­қа отырып күркіреген өзен­ге саяхат жасап, экстремалды спорт түрімен шұғылдануға да мүмкіндік бар. «Рахман қайнары» шипажайы өз алдына. Жалпы, Катонқарағайдың туристерді жыл бойы қабылдауға толық мүмкіндігі бар. Қыста шаңғы тебуге болады, жазда туристерге 100 жылдай уақыт бұрын салынған Аустрия жолын неге көрсетпеске?! Шипажайда ип­по­терапия, ине терапиясы, қы­мыз терапиясын дамытуды көз­­деп отырмыз. Керек болса, өзі­­міздің мамандарымызды оқы­­та­мыз. Қытайдың Алтай ауда­нынд­а халық медицинасын жақсы меңгерген мамандарды осында тартып немесе өзіміздің азаматтарды сол жаққа жіберіп, тәжірибе алмасу ойымызда бар», дейді ол.

Алтайда 100-ден астам емдік шөптер бар

2010 жылы 93 жасқа қараған шағында өмірден өткен этнограф Жағда Бабалықұлы ақын Қасымхан Бегмановқа берген «Этнографпен әңгіме» сұх­батында өзінің емдік шөп­терді жинаумен Қытайда жүр­ген кезінен бастап айна­лыс­қандығын, дүние жүзінде өсім­дік­тердің 500 мыңдай түрі бар­лығын, соның 220 мыңдайы – суда, қалған 280 мыңдайы құрлықта, ал елімізде өсімдіктің 6 мыңнан астам түрі өсетіндігін, мұның ішінде тек дәрі ретінде пайдаланылатындарының өзі 500-ге жуық екендігін айтқан еді. Қазақтың салт-дәстүрінің білгірінің сондағы шөппен емдеуге қатысты мына бір сөзі ерекше есте қалыпты. «Жалпы, шөппен емдеу – өте керек, қажет нәрсе. Өйткені біз медицинада бір апатты тауып алдық. Ол – химиялық дәрілерге тым арқа сүйеп кеткендігіміз. Ал шөп дәрі­лерге мұрнымызды шүйіре қарай­мыз. Көптеген шөптер адамның, хайуанның ауруына ем болады. Мен өзім Қытайда жүргенде мынадай бір сұраққа жауап іздедім. Қытайлармен бір ауамен тыныстап, бірге жасап жатырмыз ғой. Біз өспейміз, олар күн санап көбейіп жатыр. Мен әрі ойланып, бері ойланып, іздеп жүріп, мынадай қорытындыға келдім. Қытайдың кемпірлері мен шалдары жүздеген шөпті жинайды. Ананың баласы ауырып қалыпты десе, мына шөпті апар, іші ауырып жатыр екен десе, онда мынаны пайдаланыңдар, суық тиіп қалыпты десе, мына шөпті апар дейді. Көрдің бе, жүздеген шөпті жинайды. Әр шөп әртүрлі ауруға шипа. Біз шөпті табанымызға басып жүріп, соны жинамаймыз. Соның пайдалы екенін біле тұра мән бермейміз. Жалпы алғанда, шөпке көңіл аудару қажет. Менің өзімнің ойым, біздің меди­цина­ға қосымша екі факультет керек. Шөп дәрілерімен айналысатын және қазақтың көне сынық­шы­л­ы­ғымен айналысатын екі факультет ашылса, құба-құп болар еді» деп сөзінің соңында өзінің ұсынысын жеткізген еді. Міне, бүгінде этнограф арман­даған факультеттер ашылмаса да, Шығыста шипажай ашу ісі қолға алынып жатыр. 

Емдік қасиеті бар шөп дегеннен шығады, Шығыс Қазақстан аумағында мұндай шөптердің саны қанша екендігін ешкім тап басып айта алмас. Десек те, Алтай тауының саясындағы Катон­қарағай мен Марқакөлде емдік шөптердің аз емес екені анық. Бүгінде Глубокое ауда­ны­ның әкімі қызметін атқаратын Катонқарағай ауданының тумасы Қалихан Байғонысовтың айтуынша, Алтайда «Қызыл кітапқа» енген 100-ден астам емдік қасиетке ие шөптер бар. «Бұл шөптер халық медицинасында бұрыннан қолданылады. Бала кезден жақсы білеміз. Марал шөп, алтын тамыр, қара жидек, қызыл жидек, шәңкіш деп жалғасып кете береді. Қарақаттың да емдік қасиетке ие үш-төрт түрі бар. Осының бәрі Катонқарағайда ашылатын шипажайға енгізілсе жөн болар еді», деген ол Катонқарағайда аң­шы­лық фото туризмін де қолға алу­ға болатындығын жеткізді.

Азамат ҚАСЫМ,

«Egemen Qazaqstan»

Шығыс Қазақстан облысы