Қоғамды демократияландыру процесінде халықтық биліктің негізгі формалары ретінде жергілікті өкілді органдар – мәслихаттарға және жергілікті өзін-өзі басқару органдарына маңызды рөл беріледі.
Биыл Түркістан облыстық мәслихатының құрылғанының айтулы мерейтойы есік қағып тұр...
Мемлекеттік басқару жүйесіндегі қайта құрулардың нәтижесі ретінде 1994 жылғы 7 наурызда тұңғыш рет еліміздің жергілікті өкілді органдарына – мәслихаттарға депутаттар сайлауы өткізілді. Солы жылы Түркістан облыстық мәслихаты-депутаттар жиналысының депутаттарын сайлау үшін облыс бойынша 977 389 азамат тіркеліп, олардың 783 771-іне бюллетень берілді. Сайлауда 783671 адам дауыс берді, ол сайлаушылардың жалпы санының 80,2 пайызы еді. Сайлаудың қорытындысы бойынша 47 сайлау округінен алдын ала тіркелген 130 кандидаттан 47 адам депутат болып сайланды.
Бірінші шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихаты-депутаттар жиналысының алғашқы сессиясы 1994 жылғы 29 наурызда өтті. Бұл күн Түркістан облыстық мәслихаты жылнамасының жаңа парақшаларын ашып берді.
Бірінші шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы болып Қуанышбек Бөлтаев сайланды.
Бірінші шақырылымның (1994–1999 жж.) депутаттары үшін бірінші кезекте зейнеткерлерге, ардагерлерге, мүгедектерге, материалдық жағдайы төмен адамдарға атаулы көмек беруге басымдық берді. Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары кез келген мәселені талқылау барысында ең алдымен тұрғындардың барлық топтарының мүдделерін ескерді.
Бірінші шақырылымдағы облыстық мәслихат жиналысының бюджетті дамыту, экономикалық және әлеуметтік даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы болып Орынбай Рахманбердиев сайланса, Мемлекеттік-құқық мәселелері, заңдылықты, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы – Мұрат Жұрынов, Әкімшілік-аумақтық құрылыс және қоғамдық өзін-өзі басқару мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы – Юрий Кирюхин, Депутат өкілеттілігі мен депутат этикасы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы – Иманәлі Байдәулетов, тексеру комиссиясының төрағасы – Павел Добрица болды.
Міне, содан бері табаны күректей 25 жыл өтті. Халық сайлаған облыстық мәслихат депутаттарының барлығы дерлік халық аманатына адал болды. Қал-қадерлерінше ел өміріндегі күрмеулі мәселелердің шешілуіне жәрдемдесті.
Облыстың жергілікті өкілді органдарында оның бірінші шақырылымынан бастап бүгінгі таңға дейін 3592 сессия өткізіліп, облыстық мәслихат депутаты ретінде – 313 адам, қалалық және аудандық мәслихаттардың депутаты ретінде 1620 адам жұмыс істеді. Бүгінгі таңда облыстық және 16 аудан, қала мәслихаттары жұмыс істеуде. Депутаттық корпус 289 адамды құрайды, оның ішінде 15-і – әйел депутаттар.
Уақыт пен тарих кеңістігіндегі өлшеммен 25 жыл деген аз ғана мерзім болғанымен, еліміз осы кезең ішінде талай белестерді бағындыра білді. Ірі экономикалық, саяси және әлеуметтік жетістіктерге қол жеткізді. Еліміздің ауыз толтырып айтарлық жарқын жеңістерінде жергілікті өкілді органдардың да қосқан үлесі зор.
Бәрімізге белгілі, егемендік алған 90-жылдары ел экономикасы тұралап, тығырықққа тіреліп тұрған кез болатын. Барлық өңірлермен қатар Оңтүстік Қазақстан да ауыр сәттерді бастан кешірді. Бұл электр энергиясы, газ, ауыз су, жылу мәселелері халықты әбден қажытқан жылдар еді. Ұлттық валютамыз қолданысқа енген 1993 жылы облыстың бюджеті 379,9 млн теңгені құраған болса, 25 жылда ол 565,1 млрд теңгеге жетті. 1993 жылғы облыстың бюджетінде әлеуметтік салаға 220,9 млн теңге көзделген болса, 25 жылда ол 341,2 млрд теңгені құрады.
Бұл ширек ғасыр ішінде ғана қол жеткізілген жетістіктерді 2018-2019 жылдар межесімен есептейтін болсақ, тағы да көңіл тоғайтатын өсімдер алдымыздан шығады. 2018 жылдың қорытындысымен жалпы өңірлік өнім көлемі 1103,9 млрд теңге сомасында қалыптасты. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 3,9 пайызға артық. Ал өнеркәсіп өнімі 453,8 млрд теңгеге жетті. Алдыңғы жылмен салыстырғанда 48,1 млрд теңгеге көбейгендігі дамудың жаңа деңгейінде келе жатқандығымызды аңғартады.
Елбасының шағын және орта кәсіпкерлікке ерекше назар аударып отырғандығы бәрімізге белгілі. Осы ретте Түркістан облысында кәсіпкерлік субъектілерінің саны 130 804 бірлікке жетіп, республика бойынша екінші орында келе жатқанын мақтанышпен айтуға болады.
Халық қалаулыларының сайлаушыларына және мемлекетке қалай еңбек сіңіргенін аға буын мен бүгінгі буын арасынан марқұм Манап Өтебаев пен белгілі кәсіпкер Серікжан Сейітжановтың атқарған қызметі арқылы аңғаруға болады.
1991 жылы Қазақстан тәуелсіздік алып, сол жылдары үлкен әлеуметтік дағдарысқа ұшыраған кезде, Манап Өтебаев Шымкенттегі Орталық стадионды өзі басқаратын колледждің балансына алып, халық игілігі үшін сақтап қалып, спорт саласына қамқорлық жасағанын облыс халқы әлі ұмыта қойған жоқ.
Меценаттығы, оқу орнының басшысы және азамат ретінде жасаған қайырымдылық іс-шаралары оның өмірінде ерекше орын алды. М.Өтебаевтың еңбегі 1999 жылы ЮНЕСКО тарапынан жоғары бағаланып, осы Халықаралық ұйымның «Алтын медалімен» марапатталды.
Ал белгілі кәсіпкер С.Сейітжановтың өнегелі істерін Елбасының өзі үлгі ретінде кәсіпкерлерге үнемі айтып отырады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындықтардан ел қиналып, бюджеттің аз қаржысы етектен тартса басқа жетпей жатқан уақыттары Серікжан Сейітжанов Шілік ауылына мектеп, мешіт салып берді. Қазақтың азаттығы үшін жанын аямаған аяулы ұлдарына ескерткіш көтерді. Өз сайлаушыларының аманатынан бөлек, өз қаржысына ол көтерген балабақша, мектеп, спорт алаңшаларын санап беруге он саусақ аздық етеді.
Елге еңбегі сіңген азаматтарымызды әрі қарай жүлгелесек олардың қатары әрине, көп.
Мәселен, облыстың әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуына Әбілқасым Досболов, Рахым Тәңірбергенов, Дулат Әбіш, Сәду Бекенов, Өмірзақ Мелдеханов, Лесбек Ташимов, Қайрат Сапарбаев, Талғат Баймаханов, Шәріпбек Жамалбеков сынды халық қалаулылары жақсы еңбек сіңірді.
Ал жол, көпір салу ісіне және әлеуметтік нысандар бағдарламалары бойынша Рәшкүл Оспанәлиева, Қайрат Молдасейітов сияқты депутаттарымыз белсенді әрекет етсе, мемлекет-жекешелік әріптестік бағдарламасын іске асыруда Дәурен Ахметов, Жаңабай Ағабеков, Мұрат Төлтебаев, Бекасыл Төлендиев, Алмас Сәлімов, Әсет Қайыпбековтер қолдау көрсетті.
Елбасы агрокешендерді дамытуды еліміздің үлкен болашағы ретінде қарастырып отыр. Мемлекет басшысының идеяларын іс жүзінде жүзеге асыруға Нұрәлі Әбішев, Нұржан Әшіров, Бақытжан Серманизов және Үмбет Жүсіпбаев сынды азаматтарымыздың атсалысып отырғандығын айтқан жөн.
Жуырда облыс әкімінің бастамасымен және облыстық мәслихаттың жас бизнесмен депутаттары М.Төлтебаевтың, Ә.Қайыпбековтің, Қ.Сүлейменовтің және Ж.Ағабековтің қолдауымен 7 бала тәрбиелеп отырған ана, Мемлекет басшысының қатысуымен Астана қаласында өткен Жастар форумының қатысушысы Жазира Тұрғыноваға Төлеби ауданының Ленгер қаласынан 4 бөлмелі жер учаскесі бар үй сатып алып берілді.
Оның сыртында аты аталмай қалған барлық халық қалаулыларының өз сайлау округтарындағы тұрмысы төмен және көп балалы отбасыларға үнемі қайырымдылық көмек көрсетіп келе жатқанын мақтанышпен айтуға болады.
«Қайырымды істің қайырымы мол» дегендей, 2017 жылы облыстық мәслихат депутаттары елордамыз – Астанада өткен ЭКСПО-2017 көрмесін тамашалау үшін 68 млн теңгеден астам жеке қаражаттарына 17 мың билет сатып алып, оларды өз сайлау учаскелерінде ардагерлерге, мүгедектерге, аз қамтамасыз етілген отбасыларға тегін таратып, Астана қаласына барып келуін қамтамасыз етті.
2018 жылғы 5 маусымда облыстық мәслихат Шымкент қаласын республикалық маңызы бар қалалардың санатына жатқызу және Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік орталығын Шымкент қаласынан Түркістан қаласына көшіру туралы Үкіметке ұсыныстар енгізу жөнінде тарихи шешім қабылдады.
Нәтижесі бойынша Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылғы 19 маусымда №702 Жарлыққа қол қойып, соған сәйкес Түркістан облысы құрылып, орталығы Түркістан қаласына көшірілді, ал Шымкент қаласына республикалық маңызы бар қала мәртебесі берілді.
Облыстық мәслихаттың 2018 жылғы 20 ақпанда өткен сессиясында Мақтаарал, Сарыағаш аудандарын екіге бөлу туралы Қазақстан Республикасы Үкіметіне ұсыныс енгізу жөнінде №20/237-VІ шешім қабылданып, бірқатар жұмыстар жүргізілді. Атқарылған осындай жұмыстардың нәтижесі бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 5 маусымдағы №698 Жарлығы қабылданып, әкімшілік орталығы Жетісай қаласы болатын Жетісай ауданы, әкімшілік орталығы Мырзакент кенті болатын Мақтаарал ауданы, сонымен қатар әкімшілік орталығы Сарыағаш қаласы болатын Сарыағаш ауданы және әкімшілік орталығы Абай ауылы болатын Келес ауданы құрылды.
Облыстың әкімшілік-аумақтық құрылысындағы осындай өзгерістер өңірді тиімді мемлекеттік басқару мен қарқынды дамыту тұрғысында қабылданған маңызы зор тарихи шешім болды деп нық сеніммен айта аламыз.
Бұл орайда, Мемлекет басшысының сенімі үдесінен табылып, Отанымыз бүгінгіден де қуатты, тұғыры биік мемлекет болуы үшін барлығымыздың «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруымыз» маңызды болмақ. Баршаңызды мерекелеріңізбен құттықтаймын.
Қайрат БАЛАБИЕВ,
Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы