• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Әдебиет 07 Наурыз, 2019

Шыңғыс пен Шерхан

2012 рет
көрсетілді

Қазақ әдебиетінің классигі, жазушы, драматург, публицист Шерхан Мұртазаның Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Мыңбұлақ ауы­лында дүниеге келгені қалың оқыр­ман қауымға жақсы белгілі деп ой­лаймын. 

Қазақ әдебиетінің классигі, жазушы, драматург, публицист Шерхан Мұртазаның Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Мыңбұлақ ауы­лында дүниеге келгені қалың оқыр­ман қауымға жақсы белгілі деп ой­лаймын. 

Географиялық кеңістікке көз сал­сақ, осы Мыңбұлақ ауылы мен Шыңғыс Айтматовтың балалық шағы өткен Шекер айылының арасы не­бәрі 30 шақырымдай ғана жер. Де­мек, екі жазушының да өскен ортасы, жұтқан ауасы, көзін ашқаннан көрген табиғаты бірдей. 

Бір-біріне жақын орналасқан қазақ ауылы мен қырғыз айылының адамдары бір-бірінің тілін жақсы түсінеді. Сонымен бірге салт-дәс­тү­рі, тұрмыс-тіршілігі де ұқсас. Қа­зақ әдебиетінің классигі Шерхан Мұрта­за­ның қырғыз жазу­шы­сы Шыңғыс Айтматовтың шығармаларын сон­ша­­лықты ыстық ықыласпен қа­был­дап, қазақ тілінің бояуымен шебер сөйлетуінің өзі де осынау тарихи туыстық пен бауырластықтан бас­тау алады.

Шыңғыс Айтматов шығар­ма­ла­­рын ол алғаш рет «Ботагөз» әң­гі­­­месін аударудан бастады. Со­дан кейін «Қош, Гүлсары», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл тө­бет» повестері мен «Боранды бекет», «Жанпида» романдарын тәржі­ма­ла­ды.

Сөз жүзінде қазақ, қырғыз халық­та­рының тілі ұқсас дегенімізбен, жазба тілі, әсіресе көркем әдеби тілі мүлде бөлек. Өйткені ауызекі тілде бір-бірін оңай түсінетін екі халықтың қарапайым өкілі кітап бетін ашқанда бір-бірінің тілін түсіне алмай қиналады. Бұл әрине, әр тілдің өзінің көркемдік, танымдық ерекшеліктеріне байланысты дүние. Сондықтан да Шыңғыс Айтматов шығармаларын қазақтың көркем тілімен тәржімалау, олардағы тамаша табиғат суреттерімен, адам мінездерімен қатар өрілетін астарлы ой, терең толғаныстарды шынайы, таза қалпында жеткізу Шерхан Мұртаза секілді біртуар таланттардың ғана қолынан келеді.

Шындығында, Ш.Айтматов шығармаларын аударудың қанша­лық­ты қиынға соққанын Шерхан Мұртазаның өзі бір сұхбатында былай деп атап өтеді:

«Жанпиданы» орысшадан қазақ­ша­лау бұл жолы маған біраз қиын соқты. Əсіресе Авдий тараулары: дінге, биік материяға байланыс­ты толғамдар, ойлар, Иисус Хрис­тос пен Понтий Пилаттың айтысы... Оны аударудан бұрын тіп­ті «Библияға» («Інжілге»), оның Кадимше жəне Жəдидше (Ветхий и Новый заветы) өсиеттеріне тағы да үңілуге тура келді.

Бұл кітап жөнінде де кейбір тоғы­шарлар арасында күңкіл-сүң­кіл əңгімелер жүрді. Біздің тоғы­шар­лар: ойбай, Айтматов біздің Мойынқұмды оңдырмай жазыпты! — деді. — Облыс басшыларын сынап тастапты, — деді. Ал Орталықтағы тоғышарлар: Айтма­тов­тың христиан əлемінде несі бар? дегісі келді.

Ал бүкіл дүние жүзі Айтма­тов­тың жаңа романын сия­сы кеппей жа­тып, қолдан-қолға қағып алып, өз тілдеріне аударуға асықты».

Шындығында, шынайы сурет­кер­дің шығармасын шынайы суреткер ғана өз деңгейінде көркем, шыншыл етіп аудара алады. Мұндайда қазақ халқы: «Зер қадірін зергер ғана біледі,» дейді.

Жалпы, Ш.Айтматов шығар­ма­ла­рында кең-байтақ қазақ даласының суреттері көп кездесетіні анық. Ал енді, «Жанпида», «Боранды бекет» романдарының оқиғасы қазақ жерінде өтеді. Кейіпкерлері де қазақтар. Және солардың аузымен баянда­латын небір тамаша аңыз-әңгіме­лер де біздің халқымыздың қазынасы.

Алайда өзге тілде жазылған шығар­­мадағы оқиғалар, кейіп­кер­лер, аңыз-әңгімелер қанша­лық­ты таныс болған сайын аудармашыға соншалықты сал­мақ түсіретінін аңғару қиын емес. Себебі аудармашы өзіне жақсы таныс дүниенің барынша шынайы, көркемдік тұрғы­дан өте биік деңгейде болғанын қа­лайды. Сондықтан да өзі жазып отырғандай күй кешіп, екі есе еңбек етеді.

Тіршілік болған соң, аудар­ма ісінің мұнан да басқа қиын­шы­лық­тары жеткілікті. Бұл енді, таза адам­гершілік қарым-қатынастар мен тұрмыс-тіршілікке байланыс­ты жайттар. Бірақ, осының өзінен-ақ аудармашының бұл іске қан­дай мақсатпен, қандай ниетпен кіріс­ке­н­ін аңғаруға болады. 

Бұл ретте Шерхан Мұртазаның өзі былай деп сыр шертеді:

«Мен «Боранды бекетті» қазақ­ша­ға аударып жүргенде мынадай бір сорақылау əңгіме болды. Сол кездегі Госкомиздаттың бастығы бас­па­ның директорын қысады: «Буран­ный полустанокті» аударуға неге шарт жасастың?, – деп. – Қалайда шартты бұз. Мұртазаевқа айт, басқа кітап аударсын!», – деп. Мұртазаев оған көне қоймайды. Ол кітап аударса ақша табу үшін аударып жүрген жоқ. Өзінің жазатын дүниесі жетеді. Аударса, Айтматовтың кітабын шын құлай сүйгендіктен, бар жан-тəнімен беріле аударады. Басқа кітап керек емес».

Міне, байқадыңыз ба, ол «Ау­дар­са, Айтматовтың кітабын шын құлай сүйгендіктен, бар жан-тәні­мен аударады». Мұны Шерхан Мұрта­заның өзі айтқан. Әйтпесе, оның өзінің де кезек күтіп тұрған шығар­малары аз емес еді ғой. Со­лар­­дың бірі – «Ай мен Айша» романы болатын.

Келешекте ол роман да Еуропа елдерінің тіл­деріне аударылады деген үміт­­те­міз. Себебі бұл – қазақ халқының ХХ ғасырда көрген бейнеті мен зейнетінің, тәуелсіздік жолындағы табанды күресінің толыққанды эпопеясы болып табылады.

Ол туралы, әрине, айтатын уа­қыт келеді әлі... 

Алма ШЕРХАНҚЫЗЫ