Президент Н.Назарбаевтың әр жылғы Жолдауы – ел күтетін жылдың ірі саяси оқиғасы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің өткен жыл аяғындағы кезекті Жолдауында «мен әрбір Жолдауымда халықтың әлеуметтік жағдайы мен тұрмыс сапасын жақсартуға ерекше мән беріп келемін» деген болатын. Осы ретте «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», «7-20-25» мемлекеттік бағдарламалары мен «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті кыры» және т.б. ұлттық деңгейдегі жобалардың басты мақсаты – халықтың әлеуметтік жағдайы мен тұрмыс сапасын жақсартуға, рухани дамуына арналғаны белгілі.
Қазір көріп отырғанымыздай, ел экономикасы қарқынды дамып келеді. Соңғы 20 жыл ішінде, елімізге 300 миллиард АҚШ доллары көлемінде тікелей шетел инвестициясы тартылды. Бұл өз кезегінде көптеген өндіріс орындарын ашуға, халықты жаңа жұмыс орындарымен қамтуға мүмкіндік берді. Импорт және экспорт операцияларының көлемі өсуде. Әзірге, бізде шикізат қоры көбірек шетелге шығарылады. Келешекте, тек шикізат емес, өзге де бәсекеге қабілетті қазақстандық тауарларды көптеп шығару басты мақсатымыз. Елбасы Үкімет жиындарында сөйлеген сөздерінде дағдарыс арқылы даму жолына түсуіміз керек екендігін баса айтады.
Қазақстан Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында әлемдік дағдарыс әкелетін зардаптардың алдын алды. Яғни, әр салада ғылымның жетістіктерін пайдаланып, озық технологияларды енгізіп, еңбек өнімділігін арттыру арқылы экономикамызды жаңа деңгейге көтеру қажеттілігі күн тәртібіне қойылып отыр. Бүгінде күні осы мақсатта нақты іс-шаралар атқарылуда. Оның мысалын еліміздің әр аймағынан көруімізге болады.
Жақында өткен Маңғыстау облысы әкімі Е.Тоғжановтың жұртшылық алдындағы жылдық есебінде, өңірдің экономикалық дамуының барлық көрсеткіштерінің оң динамикасы атап өтілді. Атап айтсақ, облыста 2,9 трлн теңгенің өнеркәсіп өнімі өндіріліп, оның нақты көлемі республикада өндірілген өнімнің 11 пайызын құрады. Бұл өңірлер арасындағы екінші көрсеткіш. Экспортқа бағытталған индустрияландыру мәселесі экономикалық саясаттың негізгі элементі болуға тиістігі Жолдауда баса айтылған болатын. Сондықтан өнеркәсіп саласындағы өңдеу секторының дамуына екпін берілуде. Өңдеуші сектор бойынша өндіріс 12 пайызға өсті. Елбасы шешімімен бұл салаға алдағы үш жылда қосымша 500 млрд теңге бөлінгелі отыр. Бұл экспорттық серпінді жобаларды іске асыруға зор мүмкіндік береді деген сөз.
Жолдауда айтылған келесі бір маңызды мәселе – еңбек нарығында орта және шағын бизнесті дамыту болса, бұл сала 108,7 пайызды құрады. 35328 жаңа жұмыс орны құрылды. Нәтижесінде, жалпы жұмыссыздық деңгейі 4,8%-ға дейін, жастар жұмыссыздығы 3,1%-ға дейін төмендеді. Тұрғын үй құрылысына серпін беріп отырған «Нұрлы жол» бағдарламасы Маңғыстау облысында табысты іске асуда. Өткен жылы 1,2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл республика бойынша үшінші көрсеткіш екенін айта кеткен жөн.
Өңірге инвестиция тарту – Елбасымыз алға қойған басты міндеттердің бірі. Егер өткен жылы жалпы сомасы 16 млрд теңге болатын 24 жоба іске қосылған болса, осы жылға 66 млрд теңгеге тағы 23 жоба жоспарланған. Облыста бір жылдың ішінде 15 жылыжай іске қосылып, жалпы саны 42-ге жетті. Маңғыстау өңірі ауыл шаруашылығын дамытуға қолайсыз екені белгілі. Дегенмен, бұл саланы дамытуға мүмкіндіктер де аз емес. Мемлекеттік субсидиялар мен жеңілдіктер ұсыну арқылы бұл салаға нақты қолдау көрсетілуде. Биыл ауыл шаруашылығы саласына инвестициялық құны 2 млрд теңгеге 4 ірі жоба жоспарланған. Олардың іске асуы Маңғыстау өңірін көкөніспен 25 пайызға, құс етімен 50 пайызға қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Нұр Отан» партиясының қамқорлығымен көп балалы аз қамтылған отбасыларды, мүгедектер мен жетім балаларды қолдауға бағытталған «Бақытты отбасы» жобасын іске асыру бағытында нақты шешімдер қабылданды. Бүгінгі таңда өңірде 28 млрд теңге сомасында халықтың әлеуметтік осал топтарына мемлекеттік қолдау көрсету көзделуде. Бұл салада атқарылар істер ауқымы аз емес. Ел экономикасын одан әрі дамыту, халықтың әлеуметтік тұрмыс жағдайын көтеру, қабылданған бағдарламалардың жүзеге асырылуын талдау мәселелері кеңінен қаралады деп күтілуде.
Халыққа Жолдауында алдағы атқарылар істердің шеңберін айқындап берген Елбасы, бүкіл халық болып күш-жігерді ортақ мақсатқа біріктіруге шақырды. Демек, Қазақстан халқы Елбасының төңірегіне бұрынғыдан да берік топтасып, жетістіктерге жете береді.
Зейнолла АЛШЫМБАЕВ,
қоғам қайраткері, Маңғыстау облысының құрметті азаматы
Маңғыстау облысы