• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 07 Наурыз, 2019

Түркістан: Кәсіпкер ешкі санын 6 мыңға жеткізіп, тәулігіне 15 тонна сүт өңдеуді жоспарлауда

1615 рет
көрсетілді

Ордабасы ауданы Қажымұқан ауыл округіндегі ешкі сүтін өңдейтін кооператив өнімдеріне бүгінде сұраныс артып келеді. Кәсіпкер Жеңіс Тоғызақбаев мемлекеттен 500 млн. теңге несие алып, Голландияның «заанен» тұқымды 500 бас ешкісін бағып отыр.

Кәсіпкер алдағы уақытта үшінші ферма ғимаратын салып, сүт өңдеу зауытын іске қоспақ. Сондай-ақ ешкі басын 6 мыңға жеткізіп, тәулігіне 15 тонна сүт өңдеу жоспары бар. Бүгінде өндірілген ешкі сүтінен айран, қаймақ, құрт, сүзбе және йогурт өнімі шығарылуда. Шаруашылықта 32 адам тұрақты түрде жұмыс істейді. Орташа жалақылары – 100 мың теңге. «Асылтұқымды шаруашылық Ордабасы ешкі сүт өнімдері» ауылшаруашылық кооперативінде болған облыс Өмірзақ Шөкеев өндірістік орындарда атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Сондай-ақ өңір басшысы Бадам өндірістік аймағындағы «Karlskrona» ЖШС-нің темір құймаларды өңдейтін зауытта болды. Болат құю зауытының құрылысын өңіріміздегі ірі кәсіпорындардың бірі – «Karlskrona LC AB» ЖШС-і жүргізуде. Серіктестік жаңа технологиямен құю өнімдерін, стандартты емес және электр жабдықтарын өндірумен айналысуда. Бадам индустриялды аймағында орналасқан зауыт жылына 3700 тонна өнім шығаруға қауқарлы. Өндіріс орнында 50 адам жұмыспен қамтылған. Ал Бөржар ауыл округіндегі «Александровский сад» ЖШС-і 17 гектар жерге жаңа технологиямен тамшылатып суғару әдісімен бау егуді 2016 жылдан бері жүзеге асырып келеді. Жобаның қаржы көлемі – 150 млн. теңге. Өндіріс қуаттылығы жылына 6000 тоннаны құрайды. Мұнда 30 адам жұмыспен қамтылған.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»

Түркістан облысы