• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 08 Наурыз, 2019

Аңызға айналған актриса

1272 рет
көрсетілді

Әмина Өмірзақова есімімен әдемілік ұғымының қатар айтылып келе жатқандығына, міне биыл ғасыр толып отыр. Әйгілі актрисаның көктемнің алғашқы мейрамы, әсемдік мерекесі – 8 наурызбен орайласа келген 100 жылдық мерейтойы қазақ театры мен киносының тарихында тұңғыш рет ЮНЕСКО көлемінде тойланады. 

Осыған орай еліміздің бірқатар өңірінде сахна саңлағының ғасыр тойын мерекелеу шарасы басталып та кетті. Оның алғашқысы – елордадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде Қазақ КСР-нің халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әмина Өмірзақованың 100 жылдығына арналып ұйымдастырылған фильмдер ретроспективасы болса, екіншісі – «Астана» концерт залында тұсауы кесілген «Тақиялы періште» кино-концертінің көрерменмен қауышуы дер едік. 

Шәкен Айманов түсірген «Тақиялы періште» кинотуындысындағы Тана апай рөлі көрермен жүрегіне айрықша жақын. «Ана туралы аңыз» фильмінде актриса сабырды сары алтынға балайтын салмақты, ойлы, мұңды кейіпкер мінезін мүсіндесе, «Тақиялы періштеде» еті тірі, пысық қария кейпіне жеңіл ауысып, бұған дейін жасаған бейнелеріне мүлдем ұқсамайтын бөлекше образ тудырады. Мұндай бір-біріне қарама-қайшы рөлді асқан шеберлікпен кемеліне келтіре ойнап шығу – нағыз хас дарындардың ғана маңдайына бұйырар бақ болса керек. 

Атаулы мерейтой аясында «Астана» кон­­­церт залында Астана мемлекеттік ака­де­­мия­лық филармониясының ұйымдас­ты­руымен өткен «Тақиялы періште» кино-кон­церті де сахна мен экранда қайталанбас бейнелер галереясын өмірге әкелген өнер еркесінің жарқын бейнесін көрермен жадын­да қайта жаңғыртқандай ғаламат әсер сыйлады. 

Қалың көрерменге жол тартқаннан бергі жарты ғасырдан астам уақытта «Шәкеннің шедеврі» деген биіктен төмендемеген «Та­қиялы періштенің» қанша буынды тәрбиелеп, тамаша сезімге бөлеп келе жатқанын айтулы кино-концерттен кейінгі көпшілік көрермен жанарына тұнған ыстық сағыныштан-ақ айқын сезіп, байқауға болатын еді. 

Жоба авторы және бас режиссері Сәкен Әбдірахманов «Тақиялы періште» фильмін тұтастай театрландырып, ондағы орындала­тын әндерді топтастырып, әсерлі кон­церт­тік кеш жасап шыққан. Астана қаласы мем­ле­кеттік академиялық филармониясына қарас­ты «Шалқыма» халық би ансамблі, «Эс­трада» би ансамблі, Халық әні бөлімі, Клас­­сикалық және эстрадалық вокал, сон­дай-ақ «Музыкалық-шығармашылық» бөлім­дерінің өнерпаздары қатысқан айтулы кино-концертте Әмина Өмірзақова сом­даған Тана рөлін Айжан Салаева, Тайлақ­ты Расул Нөгербек кейіптесе, Айша – Мар­жан Мырзабекова, Алтыншаш – Айгүл Бек­ма­ғанбетова, Бибігүл Төлегенова – Бибігүл Жан­ұзақ, Ермек Серкебаев – Алтынбек Әбіл­да, Нияз – Нұрай Танабаев, Жамал – Арайлым Ра­хым­ның орындауында көпшілік назарына ұсынылды. 

Алматының гүлзар бағын, қызығы мол са­ғым күндерін, жалпы жастық шағын са­ғын­­ған көрермен кеш кейіпкерлерімен бірге қо­сыла ән шырқап, тамаша көңіл күйде тар­қасты.

Иә, жарқылдай күліп, жан жылуымен экранның арғы жағында отырған көрерменін шексіз мейірімге бөлеп, өзімен айнымас дос еткен аңыз актриса – Әмина Өмірзақованың өнердегі өнегелі өмір өрнегі қай кезде де шынайылығымен құнды. Бүгінге дейін талант иесінің есімі иісі қазақ үшін Ана деген аяулы ұғыммен егіз қабылданып, қатар айтылып жатса, ол да қасиетті өнер дарытқан сол құдіреттің арқасы болса керек. Әмина әлемі мәңгілік жасайды.

Назерке ЖҰМАБАЙ, 

«Egemen Qazaqstan»