Әр заман поэзиясының өзіне лайық үні бар, өзіне лайық күйі бар. Жуырда ғана Астанадағы «Фолиант» баспасынан жарыққа шыққан Ханбибі Есенқарақызының он томдық шығармалар жинағы өлеңге жаны құмар оқырмандар үшін жан жадыратар жаңалық болды. Алғашқы томның алғысөзінде жазылғандай, поэзия есігін ақын қыз болып имене аттап, ақын апа, Хан апа атанғанға дейінгі аралықтағы күндерін түндерге, айларын жылдарға ұластырған ұзақ жылғы тынымсыз еңбектің жемісі.
Ханбибі Есенқарақызының шығармашылық лабароториясы, ақындық тұлғасы жөнінде Әбіш Кекілбаев ағамыздан бастап, қаншама ақын-жазушы, әдебиеттанушы ғалымдар жүрекжарды пікірлерін айтып, баспа беттерінде жарыққа шығарды.
Ханбибі ақынның 10 томдық шығармалар жинағының алғашқы томында 1972-1997 жылдар арасындағы шығармаларының ішіндегі таңдамалы туындылары жарияланған.
Ханбибі апамыз өзінің өлеңдерінде бүгінгі қоғамдағы кемшін тұстарды қалт жібермейді. Тіпті алда болатын игілікті істерді елден бұрын болжап, өлеңіне арқау етеді.
Тұранымды ұмыттым,
Ұранымды ұмыттым.
Құранымды ұмыттым,
Сонда нені ұғыппын –
деп күллі қазақ баласының түбі бір түркі жұртының рухани астанасы Тұран туы астында бірігіп, басқосуын армандайды. Бүгінгідей Түркістан қаласы облыс орталығына айналған уақытта ақынның осыдан жиырма бір жыл бұрын асқақ арманмен жазылған өлеңінің ақиқатқа айналып келе жатқанына іштей қайран қаласың.
Он томдық жинақтың үшінші томы төрт бөлімнен тұрады. «Махаббатқа қызмет ете алмадым» деп аталатын алғашқы бөлімде соңғы жылдары жазылған, бұрын-соңды жарыққа шықпаған жаңа өлеңдері жарияланған.
Тозады екен бәрі де, жоқ
екен ғой тозбасым,
Мен де тоздым, қайтейін,
әппақ қардай боз басым.
Жадыратқан жанымды,
жапыраққа «қош» айтып,
Терезенің сыртынан сорғалап
тұр көз жасым!..
Бұл бөлімде ақын өзінің көрген-білгені мол, жиған-тергені ұшан-теңіз, толысқан тұлға ретінде танылады. «Ақ көңілінің, пәк көңілінің» көкжиегінен өзін қоршаған ортаға деген көзқарасын, өзгермелі өмірдің қалтарыс-бұлтарыстарын қалт жібермей өлең өзегіне айналдырған. Үшінші томдағы ерекше тоқталып өтетін жаңалық – ақынның өзге тілден аударылған, өзге тілге аударылған аудармалары. Орыс, украин, өзбек, қырғыз және саха (якут) тілдеріндегі өлеңдері ақын шығармаларының көкжиегі кеңейе түскендігін көрсетеді.
Ханбибі Есенқарақызы поэзиямен қатар повесть, әңгіме, эссе жазумен де танымал. Нақты-насатты жазылған шығармалары талғамсыздықты тықпаламайды. Айтар ойын табанда жеткізеді де артынша қорытындылап береді. Төртінші томда халқымыздың кіл қаймақтары: Б.Момышұлы, Қ.Қайсенов сынды Халық Қаһармандары, Ә.Нұршайықов, Ә.Кекілбаев, С.Шаймерденов, Ф.Оңғарсыновадай қайталанбас қалам иелері, Ресейдің Кемеров облысының губернаторы болған А.Төлеев, әйгілі өзбек қаламгері Саид Ахмад, қара дауыл атанған Қ.Сарыбаев, халық ақыны Ә.Қалыбекова жайлы эсселері аталған тұлғалардың ішкі жан-дүниесін, адамдық қасиеттерін жарқырата көрсетеді.
Он томдық шығармалар жинағының бесінші томында уақытқа жедел үн қосатын жанр – әр кезеңдердегі сұхбаттары жинақталған. Адам жүрегінің айнасы болып саналатын сұхбаттарында да Ханбибі Есенқарақызы өзінің ақындық-адамдық кредосынан бір сәтке де айнымайды.
«Ханбибі Есенқарақызы – әлдеқашан қазақ әдебиетіндегі өз орнын ойып алып, жеке өз әлемін түзген ақын». Бұл белгілі сыншы Бақыт Сарбалаұлының Хан апамыздың ақындық өнеріне, өлеңіне берген бағасы. Алтыншы томда поэзия әлемінен ойып орын алған ақынның өзі турасында, өлеңдері жайында талдап, таразылап жазылған алпыстан астам мақала жарияланған.
Қайраткер ақынның ерекше тоқталып өтетін, келешекте тиянақты зерттеуді қажет ететін еңбегі – Алаш ардақтыларына, тарихтың тасасында қалып қойған қайраткер тұлғалардың мұрасын жарыққа шығаруға бағытталған еңбектері. Осы ретте ақынның Алаш ардақтыларының бастамасымен (С.Қожанов, Ж.Аймауытов, И.Тоқтыбай, т.б.) Ташкентте 1920-1926 жылдары жарық көрген «Ақжол» газетінің 25 томдығын әзірлегенін, (10 томдығы кітап болып шықты), сондай-ақ 1922-1923 жылдары жарық көрген «Шолпан» журналының барлық санын (сегіз нөмірі) кітап етіп шығарғандығын еске сала кеткен жөн.
Қаламгердің проза жанрындағы «Ауылды аңсағанда», «Ақ патшам еді анашым», «Жібек», «Талант тағдыры», «Көмбе», «Күнгей мен көлеңке» деп аталатын әңгімелері мен повестері сегізінші томда жарық көрген. Дәл осы тұста Ханбибі Есенқарақызының қара сөздің де хас шебері екендігіне қайран қаласыз. Қаламгер М.Байғұт ағамыздың сөзімен айтсақ, Хан апамыз проза жанрында да «стиліне адал, ізденімпаздығына берік».
Он томдық шығармалар жинағының тоғызыншы томында өткен күндердің айнасы болып саналатын күнделіктер мен хаттар топтастырылған. Ақын күнделігінде: «Мені жеңсе – дұшпандарым жеңбейді, жылдар жеңеді. Дұшпандарым «біз жеңдік» деп ойлайды. Бірақ заман оларға жаңа дұшпандар әзірлейді. Ол – халық. Халықты ешкім жеңе алмайды. Мен сол халықтың бір мүшесімін» деп жазған екен. Біз ақынның он томдық шығармалар жинағына үңіле отырып, Хан қызындай Ханбибі Есенқарақызы жылдардың тасасында қалып қоятын көптің бірі емес, сондықтан да ол уақыттың тар шеңберіне берілмейтін, жылдарға жеңілмейтін қайраткер ақын деп танимыз.
Анар ЖАППАРҚҰЛОВА,
ақын, филология ғылымдарының кандидаты