Екіқабат әйел жұқпалы аурулар бөлімшесінен перинатальдық орталыққа шұғыл жеткізілгенімен, дәрігерлер шақалақты аман сақтап қала алмады.
Перинатальдық орталықтың бас дәрігері Жанна Маутованың сөзіне қарағанда, әйелдің толғағы мерзімінен бұрын келіп, өзін өте жайсыз сезінгеннен кейін осында ауыстырылған.
Мұның алдында айы-күні жетіп отырған жас ана қызылша кеселіне шалдыққандықтан, жұқпалы аурулар бөлімшесінде тисті ем-дом алып жатқан. Толғағы басталған соң барлық медициналық көмек көрсетілген. Бірақ бала өлі туған.
Ақ халатты абзал жандар нәрестенің өліміне қызылшаның еш қатысы жоқ. Өлімге 7 айлығында шала туғаны басты себепкер деген тұжырымды алға тартып отыр.
Қазіргі уақытта перинатальдық орталықта карантин жарияланған.
Облыстық Денсаулық сақтау департаментінің мәліметтері бойынша өңірде қызылша ауруын жұқтырғандардың саны жүзге жеткен. Олардың жартысына жуығы – 14 жасқа дейінгі балалар. Қызылша ошақтары анықталған үш мектепте профилактикалық шаралар, сондай-ақ, тұрғындармен аурудың алдын алу, сақтандыру жұмыстары жүргізілуде.
Мамандар ата-аналардың вакцина жеткіліксіз деген байбаламдары, мектептер мен балабақшаларда карантин жариялау туралы ұсыныстары негізсіз, жағдай бақылауда тұр деп отыр.
Өмір ЕСҚАЛИ
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы