• RUB:
    5.18
  • USD:
    481.19
  • EUR:
    538.45
Басты сайтқа өту
Әлем 11 Наурыз, 2019

Снукер тарихында тұңғыш рет 1000-шы сенчури-брейк жасалды

1141 рет
көрсетілді

Кеше снукерден «Players Championship-2019» турнирінің финалында әлемдік рейтингте 8-орында тұрған Нил Робертсонмен күш сынастырған Ронни О'Салливан 10:4 есебімен жеңіске жетті.

Бұл жеңістен бөлек, әлемнің бес дүркін чемпионы Ронни О'Салливан снукер тарихында бұрын-соңды болып көрмеген нәтижеге қол жеткізіп, өзінің спорттық мансабындағы бір мыңыншы сенчури-брейкті жасады. Еске салсақ,  снукерде ойыншы бір фреймде (партия) 100 және одан да көп ұпайдан тұратын серия жасаса, мұны «сенчури-брейк» немесе «жүздік серия» деп атайды.

Мына бір қызықты дерек те назар аударуға тұрарлық. «Жүздік серия» бойынша екінші орында тұрған әлемнің жеті дүркін чемпионы Стивен Хендридің еншісінде 775 сенчури-брейк болғанымен, ол снукермен осыдан жеті жыл бұрын қош айтысқан. Ал бұдан кейінгі орындарға жайғасқан қазіргі ойнап жүрген снукершілердің 2019 жылдың 11 наурызына дейінгі көрсеткіштері мынадай:

3. Джон Хиггинс - 745;

4. Нил Робертсон - 621;

5. Джадд Трамп - 596;

6. Марк Селби - 570...

Ронни О'Салливан аталған турнирдің жеңімпазы ретінде 125,000 фунт стерлинг мөлшерінде сыйақы алды. Бұл дегеніңіз, шамамен алғанда 61 604 248,34 теңге.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды