Соңғы бес жылда өндірісте жарақат алу 22%-ға, оның ішінде қайтыс болған адамдардың саны 40%-ға дейін төмендеген. Дегенмен, Статистика комитетінің мәліметіне сүйенсек, еліміздегі жұмыскерлердің 23%-ы, яғни 700 мыңға жуық адам зиянды өндірістік ортада еңбек ететін көрінеді. Ал жыл сайын 2 мыңға жуық қызметкер жұмыс кезінде жазатайым жағдайға тап болса, оның 300-дейі өмірімен қоштасады. Сондықтан кәсіпорындар мен ұйымдардағы өндірістік жарақаттану мен кәсіптік ауруларды азайту үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Қауіпсіз еңбек» ақпараттық науқанын өткізбек.
Министрлікте жауапты мемлекеттік орган өкілдерінің қатысуымен өткен жиында сөз алған Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы Ақмәди Сарбасов өткен жылдың өзінде 1568 адам жұмыс кезінде зардап шеккенін айтты. Оның 500-ге жуығы өз саласын толық меңгермегендіктен болған. Комитет басшысы мұны жұмыс берушілердің біліктілікті арттырудағы жұмысының кемшіндігімен байланыстырды. «Қауіпсіз еңбек» ақпараттық науқаны аясында өндірістік жарақаттың алдын алу, еңбек шиеленістерін реттеу мәселелері бойынша өңіраралық кеңестер мен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілетінін жеткізген А.Сарбасов 2019-2021 жылдарға арналған зиянды еңбек жағдайындағы жұмыс орындарын азайтуға арналған Кешенді жол картасы қабылданатынын айтты.
«Былтыр мемлекеттік еңбек секторлары 8 мыңнан астам тексеру жүргізіп, 11 мыңнан астам құқық бұзушылықты анықтады. Қауіпсіз еңбек жағдайымен қамтамасыз етпеу, жұмысшылардың білімін тексермеу және қосымша оқытпау – еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау саласындағы негізгі құқықбұзушылық. Жұмыс берушілерді бақылау шараларының нәтижесінде 5 мыңнан астам заң бұзушылықты жою туралы ұйғарым шықты. 402 млн теңге көлемінде 2 мыңнан астам әкімшілік айыппұл салынды. 20-дан астам шағым қаралып, өндірістегі 1500-ге жуық жазатайым оқиғаларға байланысты арнайы тергеулер жүргізілді», дейді Комитет төрағасы.
Әсіресе ол коммуналдық шаруашылықтардың еңбек қауіпсіздігі алаңдатып отырғанын айтады. «2018 жылдың өзінде құдықтағы жұмыс кезінде 45 адам зардап шегіп, оның жетеуі қаза болды. 672 мың немесе әрбір төртінші адам зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейді. Аттестация нәтижесінде 672 мың жұмысшы зиянды еңбек жағдайында жұмыс істегені үшін өтемақы алды. Осы мақсатта 107 млрд теңге бөлінді», деді А.Сарбасов.
Ақпараттық науқанның маңыздылығын атап өткен ол биыл республика бойынша «Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын», «Үздік мемлекеттік еңбек инспекторы» және «Үздік техникалық еңбек инспекторы» байқаулары ұйымдастырылатын атап өтті.
Майгүл СҰЛТАН,
«Egemen Qazaqstan»