Көне замандардан сыр шертетін тарихи нысандар – халықтың байлығы ғана емес, өткен мен бүгінді жалғайтын алтын көпір, ал келешек ұрпақ үшін баға жетпес мұра. Статистика бойынша әлемдегі саяхатшылардың жартысына жуығын жанға жайлы демалыс орындарынан гөрі тарихи-мәдени нысандарға құмартатындар құрайды екен. Осыдан-ақ ежелгі сәулет талай жұртқа дәулет әкеліп жатқанын бағамдауға болады. Бұл тұрғыда Мысыр мен Римді мысалға келтірмей-ақ, туыстас Түркияның өзін тілге тиек етсек жеткілікті.
Алтай мен Жетісу, Ұлытау мен Қаратау, Ертіс пен Сыр, Еділ мен Жайық, Түркістан мен Отырар, Маңғыстау сынды қазақтың төл бесігі саналған ұлан-ғайыр атырапта ұлт құндылығына баланатын киелі орындар аз емес. Бұл аумақтардағы қасиетті орындар дегенде Түркістан қаласындағы тұтас түркі әлемінің толағай тұлғасы Қожа Ахмет Ясауидың кесенесі, Қарашаш ана мен Арыстанбаб кесенелері, Гаухар ана зираты мен Әли Қожа бейіті, Қарағандыдағы Беғазы кешені, Жамбыл облысындағы Айша бибі мен Қарахан кесенесі, Шығыстағы Алтай ескерткіштері мен Жидебайдағы Абай мұражайы, Маңғыстау өңіріндегі Шопан Ата жерасты мешіті сынды тағы басқа да тарихи-мәдени ескерткіштер ойға оралады. Осынау құндылықтарды көздің қарашығындай қорғау ең алдымен дәстүр мен киені қастерлеу болса, екінші жағынан туризм саласын түлетуге таптырмас мүмкіндік.
Қазіргі таңда елімізде 25 мыңнан астам тарихи-мәдени мұра нысаны тіркелген десек, оның 70%-ын археологиялық ескерткіштер, 30%-ын сәулет және қала ескерткіштері мен ансамбльдері құрайды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен жүзеге асқан «Мәдени мұра» бағдарламасы бұл бағыттағы жұмыстарды едәуір ілгерілеткені рас. Нәтижесінде көптеген мәдени ескерткіштер мен нысандар ерекше қорғауға алынды. Ғылыми қалпына келтіру жұмыстары да «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын (2004-2009 жж.) іске асыру жылдары қарқын алғаны белгілі. Аталған кезеңде 105 тарихи-мәдени ескерткіш қалпына келтірілді. Сонымен қатар елімізден тыс жерлердегі қазақ тарихына қатысты киелі орындарды жаңғырту жұмыстары да жүйелі жүзеге асқан. Бұл ретте, Мысырда және Сириядағы Бейбарыс сұлтан кесенелерінде жүргізілген ғылыми қалпына келтіру жұмыстарын, Қазақстанның қатысуымен Шам қаласындағы тарихи-мәдени орталықтың, Астраханьдағы Құрманғазы орталығының қалпына келтірілгенін атай кеткен жөн.
Алматы қаласындағы ЮНЕСКО кластерлік бюросының ұйытқы болуымен екі күнге жалғасқан «Тарихи қалалық ландшафтарды қорғау» атты семинарға қатысқан Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан елдерінің сарапшылары бұл бағыттардағы жұмыстарды ынтымақтаса отырып дамыту қажеттігін айтады. Еске салсақ, еліміз Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұраны қорғау туралы конвенцияны 1994 жылы ратификациялады. Бүгінде Дүниежүзілік мұралар тізіміне Қазақстаннан үш номинация бойынша ұсынылған 10 тарихи және мәдени ескерткіш енген. Бұл Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, «Тамғалы» археологиялық ландшафтының петроглифтері, Қытаймен және Қырғызстанмен бірлесіп әзірленген «Ұлы Жібек жолы: Тянь-Шань дәлізі желісі» трансұлттық аталымы аясындағы 8 тарихи-мәдени ескерткіштер.
ЮНЕСКО сарапшысы Катрии Лисицин тарихи орындарды сақтап қалу үшін сол заманның салтына сай бедерленген архитектуралық шеберліктен ауытқып кетпеу қажеттігін айтады. Оның сөзінше, мұндай ғимараттардың яки ескерткіштердің маңынан заманауи биік нысандардың бой көтеруі оның бағасын түсіреді. Ескі мұраларды қайта қалпына келтіру ісінде бұл аса маңызды рөл атқаратынын тілге тиек еткен маман, ежелгі сәулет жетістіктерін қаз-қалпында сақтап, сол арқылы зор табысқа кенеліп отырған бірқатар мемлекеттерді үлгі ретінде келтірді. Бұл ретте жылдың төрт мезгілінде де туристер саны толастамайтын Еуропа елдерін айрықша атай кеткен жөн.
– Қазақстандағы тарихи-мәдени орындар санатына кіретін 25 мың нысанның 11 мыңнан астамы тарихи және мәдени ескерткіштердің мәртебесіне ие. Оның 244 бірлігі республикалық маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштердің Мемлекеттік тізіміне және 11 мыңға жуығы мемлекеттік тарихи-мәдени ескерткіштердің жергілікті маңызы бар тізіміне енгізілген. Республикалық маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштердің көпшілігі Түркістан (31), Қызылорда (29), Жамбыл (30), Қарағанды (22), Маңғыстау, Шығыс Қазақстан (20) облыстарында орналасқан нысандар. Тек 2018 жылдың өзінде тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау саласындағы жұмыстарды жетілдіру үшін 3 мұражай қоры құрылды. Оның алғашқысы – «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай-қорығы. Қорықтың негізгі нысаны Астана қаласы маңында орналасқан және қазіргі елорданың пайда болуын бейнелейтін Бозоқ қалашығы орын тепкен жер. Болашақта ежелгі қоныстану рухын жаңғырту және елді мекендегі күйреген қалдықтарды іздестіру ісі жоспарлануда. Тағы бір нысанның негізгі қызметі Энеолит дәуірінің тарихын насихаттау және әрі қарай зерделеу болмақ. Жылқыларды үйлестіру, яғни «Салт ат мәдениеті». Ал үшіншісі «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай-қорығы, – дейді Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істері департаментінің сарапшысы Әсел Алитанова.
Мамандардың айтуынша, елімізде жыл сайын республикалық және жергілікті бюджет есебінен орташа есеппен 40 тарихи және мәдени ескерткіштерге зерттеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі.
Сәулетші Бек Ыбыраев ежелгі мұраларды қайта қалпына келтіру барысында белгілі шекарадан аттамаған жөн деп есептейді.
«Өкінішке қарай, көптеген тарихи кесенені болашаққа жеткізу ісінде қателіктерге жол беріп жатқан жағдайлар бар. Қазақ ежелден аруақ сыйлаған халық. Нысанның сыртқы сұлбасын сақтап қалу өз алдына, оның негізгі тамыры саналатын дәстүрлі құндылықтарын жойып алмауымыз керек. Қасиет пен кие, өнеге сонда жатыр. Осы екеуін тең ұстай алған жағдайда ғана бабалар алдындағы аманат, асыл мұрат діттеген жеріне жетеді», дейді ол.
Басқосу барысында мәдени және табиғи мұраларды қорғау туралы конвенцияны жүзеге асыру, сондай-ақ тарихи қалалық пейзаждарға бағытталған тәсілдерді енгізуге қатысты ұсыныстар айтылды. Тараптар мұраны қорғау мен ақпарат тарату жұмыстарында инновацияларды қолдануға арналған жаңа тәсілдер іздестіру керек деген пікірге тоқайласты. Ең бастысы, экономикалық және әлеуметтік салалардың жаппай дамуы мәдени ескерткіштер мен тарихи мұраларға салқынын тигізбеуі керек.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ