Жұма, 8 маусым 2012 6:58
СИРИЯ: ТҰЙЫҚҚА ТІРЕЛГЕН САЯСАТ
Қазір әлемдегі ең қанқұйлы қақтығыстың орталығы Сирия болып отыр. Ондағы жағдайды Башар Асад пен оппозициялық күштер арасындағы қақтығыс деуден гөрі оларды жақтаушылар арасындағы тартыс деп сипаттаған жөн болар.
Жұма, 8 маусым 2012 6:58
СИРИЯ: ТҰЙЫҚҚА ТІРЕЛГЕН САЯСАТ
Қазір әлемдегі ең қанқұйлы қақтығыстың орталығы Сирия болып отыр. Ондағы жағдайды Башар Асад пен оппозициялық күштер арасындағы қақтығыс деуден гөрі оларды жақтаушылар арасындағы тартыс деп сипаттаған жөн болар.
Мамырдың аяғындағы Хула қаласындағы қырғыннан кейін Сирия президенті Башар Асадты жақтаушылар қатары сиреп қалғаны анық. Осы оқиғадан кейін уәжге тоқтайтындар кінәларын мойындаса керек еді. Ал Асадтың айыпты басқаларға аударғысы келетіні байқалады.
БҰҰ мәліметіне қарағанда, сол Хула қаласына жасалған шабуылдан 116 адам қаза тауып, 300-ден астам адам жараланған. Байқаушылардың мәлімдеуінше, 20 адам артиллериялық атқылаудан қаза тапса, жүзге тарта адам биліктің қолдауындағы әскериленген Шаббийя құрамасы әрекеттерінің құрбандары болған.
Ал бұл қырғынды Асад «қаруланған лаңкестік бандиттердің» әрекеті санайды. Мұны АҚШ-тың БҰҰ-дағы өкілі Сьюзен Райс басқаша байыптайды: «Сирия үкіметі айтқан сөзді растайтын ешнәрсе жоқ. Бұл кезекті өтірік». Артиллериялық атқылаудан біраз адам қырылғаны белгілі. Ал үкімет күштеріне қарсы жақта артиллериялық қарулар жоқ. Қала халқын қырғандар сол артиллериялық атқылаумен үйлес әрекет жасаған. Әлде бұл арандатушылардың әрекеті ме екен деген де ойға қаласың.
Сөз басында бүгінге дейін 13 мың адамның қазасына соқтырған қақтығыстың бір сипаты деп Башар Асад билігін қолдаушылар мен оны айыптаушылар арасындағы тартысты айтқан едік. Егер Ресей мен Қытайдай қолдаушылары болмаса, Сирия басшылығы өз халқына қарсы күш қолдану саясатын жүргізе алмас еді. Оларды қатты айыптаған БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің алғашқы шешімдерінен кейін-ақ халықаралық қоғамдастық айтқанынан шыға қоймас еді. Дамаскіні қолдаушылар өздерінің вето құқын пайдаланып, БҰҰ шешімін қабылдаттырмай тастады.
Башар Асадтың өз билігін күшпен ұстау саясаты бәрібір тұйыққа барып тірелетінін соңғы Хула қаласындағы қақтығыс айқын көрсетті. Мұнда билікті жақтайтын әскериленген діни құрылымның белсенді әрекетке көшкені әсте де Асадтың жағдайын жақсарта қоймайды, қайта ел қауымын діни тұрғыда бөлшектеп, жағдайды шиеленістіре түседі. Және Асадты қолдайтын азшылық алауиттер қауымының көпшілік сүниттер қауымынан күші басым болуы екіталай.
Дамаскіні айыптаушылардың қатқылдау әрекеттерге көшкені аңғарылады. Еуроодақтың Сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы өкілі Кэтрин Эштон Сириядағы жағдай өзінің ең қиын шарықтау шегіне жетті, одан әрі төзу мүмкін емес деп мәлімдеме жасады. Батыстың көптеген елдері, атап айтқанда, АҚШ, Жапония, Канада, Германия, Ұлыбритания, Италия, Франция, Болгария, Испания, Австралия, Сириядан өз елшілерін шақырып алды. Бұл Батыс әлемінің мұсылман қауымын бөлшектеуге бағытталған қадамынан бас тартпайтынын, дегеніне жетпей тынбайтынын аңғартатындай. К.Эштонның сөзі де осы көзқарасты бекемдей түседі.
БҰҰ мен Араб мемлекеттері лигасының арнаулы өкілі Кофи Аннан жоспары да, соған байланысты оның Башар Асадпен талай кездесуі де әзірге күткен нәтиже бере қойған жоқ. Соны ескерген Сирия көтерілісшілерінің әскери кеңесі енді Асадқа қарсы қарулы әрекетке көшетіндіктерін мәлімдеді. Енді халықаралық қоғамдастықтың бұл шиеленісті келісім жолымен шешуі қиынға түседі.
МЫСЫР БИЛІГІНІҢ ТОЛҒАҒЫ ҚАТТЫ
Бұл елдегі президент сайлауының маңызы тек Египеттің өзімен шектелмейді. Араб дүниесінің жетекші еліндегі билік сипаты бүкіл аймаққа ықпал етеді деп қорытынды жасауға да болғандай. Өйткені, Каирге қарай бой түзейтін елдер де баршылық.
Сайлаудың алғашқы туры өтіп, ондағы айтыс-тартыс, тіпті атыс-шабыс артта қалғандай болса да, екінші турдағы күрес қызуы одан жоғары болмаса, әсте кем түспейтіндей көрінеді. Бұрын бәйгеге көп адам қосылып, әркім солардың арасынан озып шығуды ойласа, енді қарсылас екеу ғана. Мұны жекпе-жек десе болар. Қалай да қарсыласыңды жығу – мақсат. Бұл жолда қарсыластар әдіс таңдап жатпайтынын аңғартып та отыр. Оған бір мысал – бұрынғы әуе қарулы күштерінің басшысы, премьер-министр болған Ахмед Шафиктің қарсыластары оның сайлау штабының үйін өртеп те жіберген.
Алғашқы турдың қорытындысы шығарылып, «Мұсылман бауырлар» қозғалысы негізінде құрылған Азаттық және әділет партиясының көсемі Мохаммад Мурси мен Ахмет Шафик екінші турдың күресіне қосылып кетсе де, Тахрир алаңына шыққан мыңдаған адам сайлау нәтижесін жоюды, екінші турға шыққан екеуді қатыстырмай жаңа сайлау өткізуді талап етіп жатқаны да бұл елдегілерді онша таңдандыра қоймайды. Бұл елде ақылға сыймайтынды талап ету үйреншікті жай. Ал сол алаңға шыққандар Карама партиясының негізін қалаушы Хамдин Саббахидың кандидатурасын ұсынады.
Осы кезде президент сайлауына айтарлықтай ықпал ететін оқиға болды. Жұрт көптен күткен Хусни Мүбәракқа соттың үкімі шықты. 84 жастағы бұрынғы президент өмірлік абақтыға жабылу жазасына кесілді. Көпшілік мұны жеңіл жаза санайды, атылуы керек еді дейді. Отыз жыл бойы билік тізгінін ұстаған Мүбәрактың да ел ішінде сүйенгені, тірегі бар. Олар бір күн ішінде құрып кеткен жоқ. Дауысқа олар да қатысады.
Мысырлықтардың алдында таңдау тұр. Қазіргі уақытта революциялық рухта әрекет жасап жатқан исламистердің жолы және басқарудың батыстық өркениетіне жақын бұрынғы билік жасап кеткен нұсқа. Ертең билікке қолы жеткен соң исламистер шариғат заңына ойысар болса, ол күннің күнінде қалың қауымның көңілінен шыға қоя ма? Әйтпесе, елдің отыз жыл еңсесін басқан Мүбәрактың қалыптастырған тәртібі қайталанар болса, жұрт одан не ұтпақ? Дауыс берер алдында жұрт осындай екі сұраққа жауап іздейді.
Сарапшылар қазір екі үміткердің мүмкіндіктерін таразыға салып, тон пішіп жатыр. Егер елдегі қалыптасқан жағдайға орай революциялық рухтағы қауым мен барлық исламдық күштер бір бағытта жұмыс істей алса, олардың қолы жеңіске жақын екен. Қанша даттағанмен, Мүбәрак режімінде, кебегін алып тастаған күнде, әлемдік өркениеттің ұрығы бар, біраз адам одан күдер үзген жоқ. Мысырлық мұсылман арабтар осы екі үміткердің қайсысын қалаймыз деп, оң-солдарын есептеп жатқанда, елдегі он пайыздай христиан арабтардың таңдауы айқын – олар исламиске емес, Шафикке дауыс береді.
Дауыс беретін күнге де көп қалған жоқ. Екеудің бірі жеңіске жетіп, елдің ең жоғары қызметіне сайланады. Бірақ бұл ел үшін бұдан кейін билік мәселесіне нүкте қойылады деу қиын. Соңғы уақыттағы оқиғалар бұл елде көпшілікке азшылық бағынуға тиіс дейтін дәстүрлі демократиялық қағидат мойындала қоймағанын аңғартқан. Көбіне билікке тас лақтыратын көше демократиясының қолы ұзын. Ол әлі Мысыр елінде өзін көрсетеді.
Мамадияр ЖАҚЫП,
«Егемен Қазақстан».