Не сиқыры бар екен?! Көнеден жеткен жетігеннен төгілген әуеннің тыңдаушысын арбап, жансарайыңа бойлап, шаршаған жүйкені дамыл таптыратын бір құдіреті бар. Ендеше көне аспапты кәсіби тұрғыда дамытып, халыққа оралтқан бір адам болса, онда ол Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының аға оқытушысы, өнер магистрі Нұргүл ЖАҚЫПБЕК екенін ел біле ме?
Жетіген – қазақ халқының ең көне аспаптарының бірі. Біздің заманымызға дейін IV-V ғасырларда, қазақ қазақ болмай тұрып пайда болған, Азия мен түркі елдері арасында кеңінен қолданылған аспап қой. Бірақ XIX ғасырда ол мүлде біраз уақытқа ұмыт болады. Бір ғасыр бойы үнсіз қалған фольклорлық аспаптарды этнограф ғалым, академик Болат Сарыбаев 60-жылдары іздеп тауып, қайта жаңғыртады. Оны бірінші кезде қолға алған Құрманбай Мақанов пен Талғат Сарыбаев болған. Ал Болат Сарыбаев өзі орындап көрсетіп, жетіген ансамблін ашып, халыққа қайта таныстырады. Одан кейін 80-жылдары «Отырар сазы» ансамблінің құрамында «Ғасырлар сазы» ансамблі құрылып, жаңа қосылған аспапта Еділ Құсайынов, Шаһбану Қылышбаева, Сәуле Мерекеева сынды бірлі-жарым өнер саңлақтары ойнай бастайды.
Осылайша көнеден жеткен сарын ептеп-ептеп Алматыда естіледі. Содан кейін 1988 жылы «Сазген» ансамбліне Нұргүл Бижанқызы келеді. Бірақ, жетіген аспабы тағы де бірен-саран орындаушысының саусақтарында ғана тыңдарманына жол тауып жүреді. 2000 жылдың басында музыканттар тарапынан фольклорлық аспаптарға деген қызығушылық пайда болады. Осы тұста республикалық өнер байқауларын ұйымдастырушылар да жетігенге көңіл бөліп, ансамбльдер құрамында фольклорлық аспаптардың болғанын қаласа керек.
Осы тұста жетігенге үйрететін ұстаздардың да керек екені байқалып, «Сазген» ансамблінің құрамындағы жетігенде ойнай алатын саусақпен санарлық өнер иесі Нұргүл Жақыпбек Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектеп-интернатына, Күләш Байсейітова атындағы музыкалық орта мектеп-интернатына оқытушылыққа шақырылады.
2002-2003 жылдан бастап музыка мектептерінде жетіген өнерін үйреніп жүрген шәкірттер шоғыры қалыптасып, біртіндеп оның сиқырлы үні 2005 жылы Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясына да жетеді. Бұл жерде бірқатар студент жетігенді мамандық емес, қосымша сабақ ретінде үйрене бастайды.
Қысқаша қайырғанда, ұмыт қалған аспаптың қайта оралу тарихы осындай. Қазір жасына қарамай жетіген аспабын үйренуге ынталанып жүрген адамдар аз емес. Бүгінде жетіген аспабы жеткілікті түрде танымал әрі оған деген сұраныс та бар. Алматыда ғана емес, Қазақстанның әр түкпірінен жетігенде ойнайтын өнерлі жандарды табуға болады. Мәселен, қазір П.Чайковский атындағы музыкалық колледжі мен Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінде мамандық ретінде ашылып, қазір магистранттар білім алып жүр.
Жетіген аспабы елімізде кең таралып келеді десек те, оны үйрететін мамандар әлі де тапшы. Сондықтан болар, оны шындап меңгерісі келетіндер әлі де Нұргүл Бижанқызына келеді. Өйткені ол аталмыш аспапты кәсіпқой деңгейде меңгерген және елге таратып, насихаттап отырған тәжірибелі маман. Оған қоса Нұргүл жетіген үйрену кітабын жарыққа шығарды. Оны құрылымын ғылыми түрде зерттеп, әдістемелік оқулық жазды.
Қысқасы, Нұргүл Жақыпбекті тәуелсіздік тұсындағы тұңғыш жетіген мектебінің негізін қалаушы, сынып ашушы деп айтуға болады. Танымал да тәжірибелі музыкантқа қай кезде де жетіген үйренуге келетін шәкірттер легі үзілген емес.
Сондықтан Нұргүл заманауи жетігеншілер мектебінің үлкен ұстазы. Оның танымалдылығы мен таралуына бір кісідей еңбек сіңірген өнер магистры өз білгенімен шектеліп қалмай, ғылым кандидаттығын қорғау үшін Бішкек қаласындағы Ғылым академиясының аспирантурасында ізденістерін жетілдіру үстінде. Құрманғазы атындағы консерваторияда студенттерге дәріс оқиды.
– Күннен күнге көне жетігеннің танымалдылығы ұлғайып келеді. Бұл аспаптың дамығаны соншалықты, бұрын онымен қысқа күйлер, әндер ғана орындалса, қазір күрделі үлкен классикалық шығармалар ойнауға болады. Республика аясынан шығып, халықаралық деңгейдегі өнер додаларына қосылды. Шетелдік музыкалық байқаулардың бас жүлдесін әкеліп жүр. Қазір Азия елдерінен өнертанушылар осы аспапты арнайы іздеп келіп, біздегі даму үрдісіне, орындаушылық ерекшелігімізге қызығушылық таныта бастады. Қытайда осы аспаптың тарихын зерттеп, дамытатын ұйым бар екен. Олардың да музыкалық сарапшылары Қазақстанға жетігенді іздеп келді. Өйткені оларда да жетіген тектес музыка аспабы бар. Олар біздің музыкалық аспабымыздың өзіндік ерекшелігін тексеріп, ойнау әдістерімізге оң бағасын беріп кетті. Оңтүстік Кореядан келгендер де ЮНЕСКО шеңберінде зерттелген біздің жетігенімізді көрді. Бізде бұл аспаптың мықты дамып келе жатқанын мойындайды. Сондықтан шет мемлекеттер жетіген аспабын бағалап, біліп отыр, – дейді Нұргүл Бижанқызы.
Алғашқы болған қашанда қиын, бірақ, үздіксіз ізденістер жемісін бере бастады. Осылайша Нұргүл Жақыпбектің жетіген мектебінің ойнау әдістері мен үлгілері қалыптасты. Халықаралық өнер байқауларынан жүлдемен оралып жүрген жетігеншілерімізден бөлек, ансамблінен бөлек, «Кәусар» атты трио құрылды. Осы «Кәусар» ансамблі 2017 жылы Италияның Сан-Эльпидио қаласында өткен Бірінші креативті музыка фестивалінен Гран-При алып келді.
Жоғарыда айтып отырғанымыздай, еліміздің әр шалғайынан жетіген өнерін іздеп келіп, үйреніп жүрген жастар бар. Сондықтан көне аспапта ойнай алатын орындаушылар қатары көбейіп келеді. Қазір америкалық Яша Хоффман да жетіген, домбыра үйрену үшін Қазақстанда жүр. Ал Нұргүл Бижанқызы енді әу баста жетіген аспабының орындауында болған көне шығармаларды нотаға түсіруді бастап беріп, оны шәкірттері жалғастырып, репертуарлық үлестерін қоса бастады.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ