• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Қыркүйек, 2012

Себеп пен салдар

1347 рет
көрсетілді

Себеп пен салдар

Сәрсенбі, 19 қыркүйек 2012 7:17

2008 жылы бүкіл әлемді қаржылық дағдарыс оты шарпып өткенін әркім де жақсы біледі. Осы бір үрейлі экономикалық құбылыс мыңдаған адамдарды қаржы мен мүліктен айырды, көптеген өндіріс орындары жабылды, әлемді жұмыссыздық жайлады. Қаржылық дағдарысты әлемнің барлық елдері сезді және барлық адамдар бастарынан өткерді.

 

Сәрсенбі, 19 қыркүйек 2012 7:17

2008 жылы бүкіл әлемді қаржылық дағдарыс оты шарпып өткенін әркім де жақсы біледі. Осы бір үрейлі экономикалық құбылыс мыңдаған адамдарды қаржы мен мүліктен айырды, көптеген өндіріс орындары жабылды, әлемді жұмыссыздық жайлады. Қаржылық дағдарысты әлемнің барлық елдері сезді және барлық адамдар бастарынан өткерді.

Өндіріс пен тұтыну арасындағы тепе-теңдіктің бұзылуы, валютаның бақылаусыз эмиссиясы, сыртқы сауда балансындағы тапшылық және тағы басқа макроэкономикалық факторлар мемлекет экономикасын қаржы дағ­дарысына әкеліп соқтырады. Қаржы дағдарысының мемлекет ішінде немесе әлемде тез таралуының эконо­ми­ка­лық, саяси, тіпті психологиялық себеп­тері бар. Әлемнің дамыған елдеріндегі экономиканың дамуы және құлдырауы – міндетті түрде болатын құбылыс. Капитализмнің бес ғасырлық тарихында бірнеше рет кезеңдік құрылымдық экономикалық дағдарыстар болып өтті. Осы дағдарыстардан кейін ғана жаңа экономикалық модельдер пайда болды: мануфактуралық капитализм, фабрика-зауыт түріндегі акционерлік капитализм, монополистік капитализм, «аралас экономика». Әлем экономикасы 2008 жылы да қаржы дағдарысына ұрынды. Демек, әлемдік экономи­ка­ның қалыпты дамуын қамтамасыз ету үшін тек өндірісті ұйымдастырудың жаңа моделі ғана емес, жаңа әлеу­мет­тік-экономикалық философия қажет екен­дігі бірінші кезекке шықты. Әлем­дік экономикалық және қаржы дағ­да­рысының қағидаттық шешімдері елі­міз Президенті Н.Ә. Назар­баев­тың «Российская газета» басылымында жа­рық көрген «Дағдарыстан шығу кілті» атты мақаласында көрініс тапқан.

Әлем тарихында үлкенді-кішілі көп­теген экономикалық және қаржы­лық дағдарыстар болып өтті. Осы дағдарыстар ішіндегі ең ірілері ХХ ғасырда болған «ұлы депрессия» (1930 ж) және 1970 жылдары әлемді шарпып өткен құрылымдық-экономикалық дағ­дарыс еді. 2008 жылы жер шарындағы барлық мемлекеттер ертеректе болып кеткен экономикалық дағдарыстардың ешқайсысына ұқсамайтын ерекше бір қаржы дағдарысына тап болды. Осы бір қаржылық дағдарыс кезінде әлем экономикасы құрылымында биржалық және валюталық дүрбелеңдер, әртүрлі тауарларға қатысты дүрбелеңдік сұ­ра­ныстардың күрт артуы немесе сұра­ныстың кенеттен болмай қалуы, қор биржасының күйреуі, банк жүйесіндегі кредиттік-қаржылық дағдарыс, өнер­кәсіптегі рецессия және стагнация үде­рістері және т.б. жағымсыз эконо­ми­кал­ық-қаржылық үдерістер қоса жүрді.

Әлемдегі барлық мемлекеттердің экономикасын шайқалтқан осы бір қаржылық дағдарыстың болу себебін нақты түсіну үшін Мексиканың түкпі­рінде орналасқан бір деревняда болған (мүмкін болмаған) мына оқиғаны зерделейік. Осы деревняға Мехикодан бір бизнесмен келіп былай дейді: «Сіздер тұрған аймақтағы приматтың (маймылдың бір түрі) әрқайсысын 10 песодан сатып аламын». Шын­ды­ғын­да ауылдың маңайында маймылдар көп еді. Деревня тұрғындары негізгі күнкөріске қатысты жұмыстарын тоқ­татып, ормандағы приматтарды ұстап алып бизнесменге өткізе бастады. Біраз уақыттан кейін приматтар саны күрт азайып кетті. Осы кезде бизнесмен маймылдың бағасын 20 песоға көтеретінін жариялайды. Деревня тұр­ғындарына азайып кеткен және адамдардан сескеніп қалған приматтарды ұстап алу әжептәуір қиындық туғызды. Көптеген адамдар маймылдарды орман ішінде қуып ұстаудан шаршап, өзде­рінің бұрынғы кәсіптеріне орала бастады. Осы кезде бизнесмен мынандай хабарландыру жасайды: «Приматтар­ды ендігі қабылдау бағасы 50 песо!» Ол осы хабарландыру жасағаннан кейін Мехикоға кетеді. Орнына орынбасарын қалдырады.

Тұрғындар барлық күштерін салса да, олар үшін аз қалған приматтарды ұстап алу мүмкін болмай қалды. Маймыл бірден деревня шегіндегі құнды мүлікке (құнды қағаз!) айналып кетті. Адамдар бір-бірінен тұрмысқа қажетті заттарды сатып алғанда тек песомен ғана емес, маймыл түріндегі «валютамен» де есеп айырысты. 40-45 песо тұратын затты адамдар бір маймылға еркін айырбастайтын болды. Олар бір-біріне песо түрінде де, маймыл түрінде де үстеме пайызы бар қарыздар бере бастады.

«Маймыл-валюта» деревня айма­ғын­­­да толық орныққан кезде бизнесмен орынбасары тұрғындардың әрқай­сы­сы­на былай дейді: «Қазір ешкімге біл­дір­мей мендегі маймылдарды 35 песодан сатып алыңдар, босс келген соң оған 50 песодан өткізесіңдер». Орын­басар­дың мұндай жомарттығына риза болған халық ең соңғы ақшаларын салып, бір-бірінен үстеме пайыз шарты бойынша қарыз алып, барлық маймылды сатып алады. Әрине, деревня адамдары биз­несменнің орынбасарынан май­­­мыл­дар­ды пайда табу үшін сатып ал­ған еді. Біраз адамдар басқа деревня адамдарынан үстеме пайызға қарыз алды.

Келесі күні бизнесменнің орынбасары жоқ болып кетеді. Деревняда дүрбелең басталды. Маймылдардың бағасы күрт түсіп кетті. Адамдар 30-32 песоға бағалап бір-біріне маймылдарын сатқысы келді, бірақ сатып алушыны таба алмады. Маймыл түрінде берілген үстеме пайызы бар қарыздар­дың құны түсіп кетті. Өйткені, ондай қарыз берген адамдар қарызын песо немесе басқа зат түрінде қайтарып алғысы келді.

Бір адам Мехикодағы зообаққа 5 песодан барлық маймылды сатып алатынын жариялады. Бірақ адамдар қым­батқа алған маймылдарын оған сатуға асыға қоймады. Маймылды бизнес­мен­нің орынбасарынан сатып алу үшін алған қарыздарын адамдар иелеріне қайтара алмады. Пайызынан пайда табамын деген оймен маймылды 35 песодан орынбасардан кері сатып алу­шыларға қарыз берген жеке адамдар қиын жағдайда қалды. Басқа деревня адамдары да қаржылық қиын­дыққа ұшырады. Сөйтіп деревня тұр­ғындары барлық ақшасынан айырылды. Нәти­жесінде, деревня халқы­ның әрқайсысы ондаған маймылдың иесі болып қалды.

Жоғарыда қарастырылған деревня шеңберінде болған оқиға дүниежүзілік ауқымда 2008 жылы қайталанған еді. Және ол әлемдік қаржы дағдарысы деген атпен тарихқа енді.

Бұл жолғы әлемдік қаржы дағда­ры­сы Америка Құрама Штаттарынан бас­талып, бүкіл дүние жүзіне тарады. Қаржы дағдарысының себебін іздесек, оны АҚШ-тың экономикалық жүйесі­нің құрылымынан табамыз. АҚШ-тан басқа елдер қалай болса да мемле­кет­тік шығыннан (әлеуметтік сала, ғы­лым, қорғаныс шығыны, өндірісті ұл­ғайту және т.б.) көп мөлшерде әртүрлі әдістер көмегімен (негізгісі салық әдісі) қаржы табуға тырысады. Ал Америка ондаған жылдар бойы осы бір негізгі экономикалық қағидатты есепке алмай келеді.

Америка үкіметі экономика саласында мынандай прагматикалық ұста­нымды басшылыққа алды: «Бүгін өзіңе керегінше ақшаны қарызға ал, ал оны қайтару мәселесімен бірсүгүні ойлана­сың» (осы бір америкалық прагматизм әлем елдерінің көбіне ене бастаған еді). Мемлекет экономикасы осы праг­матистік қисын бойынша өмір сүрді, ал АҚШ халқы өз мемлекетінің іс-әрекетінен үлгі алды. 2003 және 2008 жылдар аралығында АҚШ-тың сыртқы мемлекеттік қарызы 2 есе өсіп, 14 триллион долларға жетті. Сонымен қатар мемлекеттің ішкі қарызы 37 триллион еді. Ішкі қарыз белгілі бір бағдарламаларға халықтың қаржысын тарту, мемлекеттік бағалы қағаздар сату және т.б. арқылы құралады. Демек, АҚШ мемлекетіндегі орасан зор шы­ғынды талап ететін армия, ғарышты зерттеу және америкалықтардың әдемі өмір сүру салтының жоғарыда өзіміз айтып өткен қарыздар есебінен іске асатынын түсіну қиын емес. Әрине, келешекте америкалықтар тапқан табысына сай өмір сүрмесе, АҚШ мемле­кетінің дефолтқа ұшырауы сөзсіз. (Бірақ бұл жағдай біздің зерттеуіміздің тақырыбы емес).

2004-2005 жылдары АҚШ тұрғын­дарының нақты орташа табысы күрт азайып кетті. Бұның негізгі себебі америкалық доллардың құнсыздануы еді. Өйткені, АҚШ мемлекетіне алған қарыздарын өтеуі керек болды. 14 триллион доллардың банктік пайызы­ның өзі орасан зор қаржыны талап ететіні белгілі. Ал АҚШ экономикасы қанша ышқынғанымен жаңа табыс бере алмады. Ал мемлекеттік шығын жыл сайын үдемелі түрде өсе берді. Сөйтіп, АҚШ үкіметі мемлекет ішін­дегі және әлемдік деңгейдегі долларға қатысты қаржылық-кредиттік үдеріс­тердің тұрақтылығын бақылап отыру үшін 1913 жылы құрылған Федерал­дық резервтік жүйеден (ФРЖ) көп мөлшерде қарызға доллар валютасы түрінде қаржы алуға мәжбүр болды. Дәлірек айтқанда, материалдық өнім­мен қамтамасыз етілмеген долларды ФРЖ мекемесіне көптеп шығартуға мәж­бүр етті. Осылайша мемлекеттік шы­ғынды азайта алды, бірақ доллар­ды сатып алу қабілеті төмендеп кетті.

Америкалықтар осыған келіп аз табыс табатын болды. Көп жылдар бойы қайғы-мұңсыз өмір сүріп үйренген халық ақша табудың жаңа жолын із­деді және оны тапты да. Тұрғындар­дың көп бөлігі ипотекалық қорлардан немесе банктерден пайызы өте аз кредит ала бастады. Шындығында 2005 жылдары тұрғын үй рыногында ерекше жағдай туындаған еді. Халықтың наразылығын тудырмау мақсатында мемлекет тұрғындарға үй салуға және баспана сатып алуға қаржы беретін ипотекалық мекемелерге (банктер, агент­тіктер және т.б.) үнемі экономи­калық қолдау көрсетіп отыратын. Ипотекалық мекемелер саны күрт артты және олар көп мөлшерде акцияларын шығарып сата бастады. Олар өз уақытында өте құнды бағалы қағаз түріне жататын. Ипотекалық мекеме­лер­дің акцияларын АҚШ-тың ірі банктері және әлемнің көптеген бедел­ді банктері үлкен мөлшерде сатып алды. Сақтандыру компанияларының көп­­шілігі артық активтерін баспана салу ісіне кредит түрінде бере бастады.

Көп кешікпей-ақ АҚШ-та ипоте­калық құрылыс дүрбелеңі басталды. Оған төмендегі жағдайлар себеп болды. Біріншіден, жылдық үстемесі 2%-дан тұратын ипотекалық кредитті кез келген АҚШ тұрғыны ала алды. Бұл үшін одан қаржылық кепіл, жалақысы және мүлкі туралы анықтама талап етілмеді. Екіншіден, жылжымайтын мүліктің бағасы тез өсе бастады.

Кредитті тұрғындардың барлығы дерлік алды. Өйткені, кредит көмегі­мен жақсы табыс табуға болар еді. Алын­ған кредитке үйлер, ғимараттар салды немесе жылжымайтын мүлік сатып алды. Содан кейін оны қайтадан сатты. Жылжымайтын мүлік баға­сы­ның тез өсуі тек кредитті және оның пайызын қайтаруға ғана емес, жақсы пайда табуға да мүмкіндік берді.

АҚШ үкіметі де, халық та өмір осылай бола береді деп ойлады. Бірақ экономикада ешнәрсе мәңгілік емес. Белгілі бір уақытта, дәлірек айтқанда, 2006 жылы ипотекалық мекемелер бірінші рет қаржылық кедергіге ті­рел­ді. Ипотекалық банктерде және агент­тіктерде ақша жетіспеді, өйткені қы­руар кредит таратылып жіберілген еді. Бірақ олардың қайтарымы мардымсыз болды. Дегенмен кейбір шаралар қол­данудан кейін жағдай біршама түзел­ген еді. Бұл шаралардың ең бас­тысы, адамдардың кредитті қайтару уақытын шегіндіру болатын.

2007 жылы америкалық жылжымайтын мүлік рыногы «қызып» кетті, ұсыныс сұранысты басып озды. Өте қымбат бағаға салынған үйлер саны тез көбейді. Сөйтіп, жылжымайтын мүлік рыногы төңірегінде пайда табу мақсатын көздеген «іскер» америка­лықтар екі үлкен тығырыққа тірелді: біріншісі, кредит қаражатына сатып алынған қымбат үйлердің (көбінесе әлі салынып бітпеген үйлер) иесі болу; екіншісі, ипотеканы пайызымен қоса қайтару керектігі. 2006 жылы бұл үрдіс енді ғана екпін ала бастаған кезде ипотека иелеріне мемлекет көмекке келді. Ал 2007 жылдың басында АҚШ үкі­метінің мүшелері және президенттің өзі жағдайдың күрделі екенін айта отырып, одан АҚШ мемлекетінің шыға алатынына, жағдайдың жақсы болатынына халықты сендірді.

2008 жылдың тамыз айында президент айтқан жақсы жағдайдың орындалуы екіталай екені байқала түсті. Әрі қарай экономика қисынына сай бұрын мүмкін болмаған оқиғалар тізбегі орын ала бастады.

Сұраныс болмағандықтан жылжымайтын мүліктің бағасы елеулі дең­гейге түсіп кетті. Үйдің бағасы 2008 жылы соңғы сегіз жыл ішіндегі ең төменгі деңгейге жетті. Үлкен кредитке салынған немесе сатып алған үй­лерін тұрғындар сата алмады (егер сатса, онда ол шығынға қалар еді). Ақша жоқ болғандықтан олар ипотекалық мекемелерден алған қаражатты қай­тара алмады. Ал кредитті пайызымен өз уақытында қайтарып отыруға мүм­кіндігі барлардың өзі тым арзандап кеткен үй үшін кредит сомасын төлеуді тоқтатты және кредитке алынған жылжымайтын мүліктерін ипотекалық банк­тер мен агенттіктерге өткізе бастады. Тұрғындар кредитті және оның пайызын ипотекалық мекемелерге қайтар­мағандықтан, банктер мен агенттіктер қаржылық қиындыққа тап болды. АҚШ-тағы ең ірі ипотекалық агент­тіктер (Fannie Mae и Freddie Mac), банк­тер (Bear Stears, Lehman Brothers) және сақтандыру компаниялары (AIG) банкрот жарияланды. Іле-шала басқа орташа ипотекалық мекемелердің бар­лы­ғы дерлік банкротқа ұшырады.

Ипотекалық мекемелердің акциялары тез құнсызданып кетті. Ипотекалық қаржылық құрылымдардың акцияларына ие болған банктердің активтері елеу­лі түрде қысқарды. Банктердегі актив­тердің қысқаруы нәтижесінде банктер­дің өздерінің шығарған акциялары да құнсыздана бастады. АҚШ-тың қор бир­жасында дүрбелең бас­тала­ды. Әлем­дік экономиканың өзара тығыз байланысы нәтижесінде қаржы­лық дүрбелең жер шарындағы басқа мемлекеттерге де тарала бастады және әлемдік экономика қаржылық дағда­рыс­қа түрткі болды.

Балнұр ҒАЗИЗ,

Назерке ӘКІМЖАНОВА,

Шәкәрім атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға

арналған облыстық арнаулы мектептің оқушылары.

СЕМЕЙ.