Нұр-Сұлтан қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында ҚХА активінің астананың атауы өзгертілуін қолдауға арналған жиын өтті, деп хабарлады Қазақстан халқы Ассамблеясының ресми сайты.
Жиынға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасын+ың орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестіктердің, Ғылыми-сарапшылық кеңестің, Қоғамдық келісім кеңесінің, Аналар кеңесінің, «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының өкілдері қатысты.
Астанаға Қазақстанның Тұңғыш Президентінің есімі берілуі – Елбасының тәуелсіз Қазақстанды құрудағы орасан зор еңбегін мойындап, тану екендігін атап айтқан Жансейіт Түймебаев: «Наурыз айы – жаңа жылды елордамыз тарихи Нұр-Сұлтан
атауымен бастап отыр. Ел бастаған ұлылардың есімін ұлықтау – әлемдік өркениетте ежелден келе жатқан үрдіс. Ал Қазақстанның сол әлемдік өркениет керуеніне тең құқылы мемлекет ретінде қосылып, көк байрағын желбіреткен, БҰҰ мүше болған және Қазақстан халқы Ассамблеясын құрған Тұңғыш Президентіміздің атын елдің астанасына бергенімізді – Қазақстан халқының Елбасына деген алғысы деп білеміз», деді.
Ол сонымен қатар ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, ҚХА Ғылыми-сараптамалық кеңесі, ҚХА кафедрасының қауымдастығы, Қоғамдық келісім кеңесі, Аналар кеңесі, ҚХА журналистер клубы, Медиаторлар кеңесі, Кәсіпкерлер қауымдастығы, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы мүшелері астанаға Қазақстанның Тұңғыш Президентінің есімі берілуін қолдайтынын атап өтті.
«Біз астанаға Нұр-Сұлтан атауы берілуін толықтай қолдаймыз. Бұл қадам Елбасының тәуелсіз Қазақстанды құрудағы ерен еңбегін бағалау үшін жасалып отыр. Астананы көшіру – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық жобасы және бастамасы болып табылады. Елбасы еліміздің тарихының жаңа парағын ашты. Бүгінде астанаға Қазақстанның Тұңғыш Президентінің есімін беру – бар әлемге нышанды белгі болмақ. Қазақстанның егеменді, демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде дамуындағы Нұрсұлтан Назарбаевтың бағытының өзгермейтіндігі мен сабақтастығы туралы белгі. Саяси көшбасшылықтың және саяси ерік-жігердің арқасында Елбасы халықаралық қатынастардың жоғары адамгершілік стандарттарын құрды. Ол еліміздің бейбітсүйгіш көпвекторлы сыртқы саясатын дамытуға қосқан үлесі үшін халықаралық қоғамдастықтың зор құрметі мен алғысына ие болды», деді ҚХА хатшылығының меңгерушісі.
ҚХА Төрағасының орынбасары атап өткендей, Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи еңбегі Ұлы дала елінің кейінгі ұрпақтары үшін үлгі болуы тиіс.
Ол заманауи Қазақстанның қалыптасуындағы оның рөлін, өтпелі кезеңдегі қиындықтарды жеңудегі және жаңа астананы құрудағы еңбегін ерекше атап өтті.
«Бұл – еркіндік пен тәуелсіздік мұраттарына берілген халыққа шексіз қызмет ету үлгісі», деді Ассамблея Төрағасының орынбасары.
Жансейіт Түймебаев астананың атауын Тұңғыш Президенттің есіміне өзгерту – біздің азаматтық борышымыз екенін, сонымен қатар Нұр-Сұлтан атауы киелі қазақ жерінде бірлік, бейбітшілік пен гүлденудің нышаны болып сақталуы үшін барлығын жасауға тиіс екенімізді жеткізді.