Қостанай қаласының тұрғыны, темір жол саласында еңбек ететін Асқар Тойғановтың үйінде ұлы атасы Тойған деген кісіден ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып жалғасып келе жатқан қобыз сандықтың түбінен жарыққа шықты. Тойғановтар әулеті жасы үш ғасырға жуықтаған бұйым деп білетін көне қобызды жақын жылдары қолөнер шебері Мұхамедқали Рахалиев қайта жөндеп, аспаптың бет терісін қайта қаптап, маңдайына «Нұрпейіс (Тойған) атадан қалған қобыз. Мұрагерлерге аманат. ХVІІІ ғ.» деген жазу жапсырып беріпті. Асқар қобызды Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның тек өңірге ғана емес, республикаға танымал қобызшысы Батырбек Байназаровқа көрсеткен екен.
– Қайта өңделген қобызды ойнап көрдім, кәдімгідей қоңыр үні шығып тұр. Ұлтымызға тән көне затты ұстағанда, бабалармен сырласқандай болады екенсің. Менің де қобызды қолыма ұстап, тозған ысқыны ішекке сала бергенімде жүрегім дір еткендей болды. Қобыз қарағайдан тұтас шабылған. Негізі қазақта қобыздың бірнеше түрі бар ғой. Мына қобыздың көлемі де, үні де нарқобызға келеді. Әу баста түйенің терісімен қапталған деседі. Түсіп қалған сылдырмақтарының орнына қарағанда, бұл бақсының қобызы болуы керек, – дейді Батырбек.
Ел арасында «Тойған емші» атанып кеткен Нұрпейіс өз заманында жұртын ауру-сырқаудан емдеген әрі көріпкелдігімен де танымал болған көрінеді. Қобызды сақтап отырған Асқар Тойғановтың айтуынша, бабасының адам емдегенде пайдаланған тек қобызы ғана емес, қамшысы мен қылышы да болыпты.
– Қобыз біздің әулетімізде, қамшы жамағайын туыстарымызда тұр. Ал қылыштың қайда екенін білмейміз. Осы үш жәдігердің басын қосуды армандаймын, – дейді Асқар. Ел аузында Нұрпейіс бақсының Марал ишаннан бата алған, оған шәкірт болғаны туралы әңгімелер де айтылып қалады.
– Бабамыз Ордабай қонысы деген жерде өтетін жұма намазында Марал ишанмен қатар тұру үшін 130 шақырым жерден жаяу келеді екен. Оның бойында тылсым күштің, қасиеттің болғанынан шығар, – дейді Асқар.
Тойған емшінің бейіті Таран ауданындағы Шилі деген ауылдың қасында жатыр. Ал қазір Асқардың 5-сыныпта оқитын ұлы Алан қобыздың, бабаларының тарихын зерттеуді әлден мақсат тұтып, әке-шешесі, әжесі айтқан әңгімелерді жинастырып жүр.
– Бір жылдары ауылдың қойы белгісіз ауруға шалдығып, бауырын көтере алмай жата беріпті. Сонда қариялар «малды Тойған атаның басына түнетіңдер» депті. Ауыл жігіттері малды қорымға иіріп қойып, таңертең тұрса, қойлар жайылып жүр екен. Мұны Райхан деген әжем айтып отырады екен, – дейді кішкентай Алан. Зерек оқушы мұның барлығы зерттеуді қажет ететін дүние екенін жақсы түсінеді. Әзірге қобыз құпиясын түгел ашқан жоқ.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Egemen Qazaqstan»
ҚОСТАНАЙ