• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
22 Желтоқсан, 2012

Шенеуніктердің қылмыстық тобы тоқырады

313 рет
көрсетілді

Шенеуніктердің қылмыстық тобы тоқырады

Сенбі, 22 желтоқсан 2012 7:05

Бірнеше жыл бойы жергілікті қазынаны сүліктей сорып, миллиардтаған қаржыны қалталарына басқан мемлекеттік қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық әрекеттерін жергілікті қаржы полициясы әшкереледі.

 

Сенбі, 22 желтоқсан 2012 7:05

Бірнеше жыл бойы жергілікті қазынаны сүліктей сорып, миллиардтаған қаржыны қалталарына басқан мемлекеттік қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық әрекеттерін жергілікті қаржы полициясы әшкереледі.

«Нұр Отан» ХДП жанындағы Жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің жуырда өткен мәжілісінде облыстың сыбайлас жемқорлықпен күрес жайлы есебі тыңдалып, мемлекет қаражатын бас пайдасына жаратқан шенеуніктердің іс-әрекеттері сынға алынды. Онда белгілі болғандай, Петропавл қаласы әкімдігінің бір топ қызметкері ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, көп жылдар бойы қала базарлары мен сауда орындарынан жиналған салықтың едәуір бөлігін жымқырып келген. Облыстық экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің жаңадан тағайындалған бастығы Нұрлан Шабдар бюджетке құйылуға тиісті қаражат жеке адамдардың қалтасында кеткенін растады. Жергілікті салық жинау бөлімінің өкілдері базарлар мен сауда нүктелерінде жұмыс істейтін заңды және жеке тұлғалардан алынатын салықтың жартысына жуығын ғана рәсімдеп, қалғанын өзара бөліске салған. Осы жерде жең ұшынан жалғасқан талан-таражға неге тосқауыл қойылмаған, құқық қорғау органдары қайда қараған деген сауалдың тууы заңды. Мәселе түсінікті болу үшін әңгімені әріден бастайық.

2009 жылы 4 шілдеде Солтүстік Қазақстан облыстық экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің бастығы, полиция подполковнигі Сұлтан Ноғаевтың аса ірі көлемде (120 мың АҚШ доллары) пара алу үшін лауазымды адамдарды бопсалады деген күдікпен ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынуы талайлардың төбесінен жай түсіргендей болды. Бұған дейін Маңғыстау облыстық экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ведомоствосына жетекшілік еткен оның атышулы қылмыстарды әшкерелеуімен аты шыққан еді. Мәселен, Ақтау қаласында жеке меншікке заңсыз өткізілген балабақшаларға қатысты көптеген былық-шылықтың беті ашылып, Елбасының тікелей нұсқауымен ірі тұлғалы шенеуніктер жылы орындарымен қоштасқаны белгілі. Cірә, оның заңға ғана мойынұсынатын табандылығы әлдекімдерге жақпай қалған болу керек, кейінірек облыстық прокуратура оның үстінен қылмыстық іс қозғап, тек Қауіпсіздік Кеңестің араласуымен ғана басы арашаланған болатын. Ол Қызылжар өңіріне келе салысымен талай жолсыздықтарға қылбұрау салды. Петропавл қаласының әкіміне, орынбасарына, Ақжар ауданының прокурорына қатысты қозғалған қылмыстық істер үлкен қозғалыс тудырды. Осындай жанның әділдіктің ақ жолынан ауытқуы мүмкін бе? Жаңа қызметке тағайындалғанына бір жыл өтпей жатып адам сенгісіз алымды талап етуі талайларды әрі-сәрі ойға қалдырып, қоғамдық пікір екіге жарылды. Оның бұл әрекетін біреулер жемсауы бүлкілдеген жемқорлардың ісіне қосса, енді біреулері алдын ала ұйымдастырылған арандатуға балап жатты. Не керек, ел ішін алатайдай дүрліктірген сол оқиғаның дүмпуі әлі күнге дейін жаңғырып тұрғанына қарағанда мәселенің байыбына тереңірек үңіліп, зерделей түсуді қажет ететін дүдәмәл тұстары жоқ емес сияқты. Сондықтан С.Ноғаевтың ұсталуына не себеп болғанын оқырмандарға баяндай кетейік.

Басты айыпталушының соттағы сөзіне қарағанда, ол сыбайлас жем­қорлықтың тамырына балта шабу мақсатымен «шүрегейлерді» емес, «шортандарды» құрықтауды мақсат еткен. Арадағы делдалдардың қыл­мысты жабулы қазан күйінде қал­дыруға үгіттеген ұсыныстарына илік­пеген, мәмілелеріне көнбеген. Оның ақыры «Хан ауылы» мейрамханасында мол көлемде пара алуға алдын ала ұйымдастырылған арандатуға ұласқан. Оған дәлел ретінде арнайы белгіленген ақшада саусақ іздерінің жоқтығын, бейне және дыбыстық жазбалардағы сөздерді көлденең тартады. Алайда, оның жел диірменмен алысқан Дон Кихот құсап, «жалаңаш барып, жауға шаптың» керімен тамыры тереңде жатқан қылмысты жалғыз-жарым әшкерелеуге ұмтылуы, қол астындағы құрылымдық күштерді жұмылдырмауы, шырмауықша шыр­матылған торға түсіп қалуы түсініксіз. Ұстау операциясын жүргізген облыстық ұлттық қауіпсіздік басқармасының уәжі күдікті өз әрекетін күнібұрын ойластырып, саналы түрде барған дегенге сайып, ауыр айып тақты. Сөйтіп, қаржы полициясының бұрынғы бастығы сот үкімімен 10 жылды арқалап кете барды.

Егер сол кездегі облыс проку­ро­рының орынбасары Дмитрий Ивановтың сұхбатына зер салсақ, жергілікті салық жинау саласында сыбайлас жемқорлықтың өршіп тұрғанын бірден аңғаруға болады. Прокуратура мен салық комитетінің бірлескен рейдтері жемқорлардың жемсауында кеткен қаражаттың көлемін жіпке тізгендей түгендеп берген. 2009 жылы қала аумағындағы базарларға 15 күн бойы тексеру жүргізіліп, бір айда 14-15 миллион теңгенің шүлен үлестіргендей пышақ үсті бөліп алынғаны анықталған. Бір таңқаларлығы, құқық қорғау органдары жауырды жаба тоқып, ұйымдасқан қылмысқа көз жұма қараған. Оның соңы халық қазынасын жымқырушылардың ешқайсысы да қылмыстық жауапкершілікке тартылмастан жеңіл-желпі жазалармен құтылып кетуіне соқтырған. Жегендері желкесінен шықпақ түгіл қылмыстарын емін-еркін жалғастыра берген.

«Көп асқанға-бір тосқан», «Дә­ніккеннен құныққан жаман» деп текке айтылмаса керек. Тойымсыздық, ашкөздік түптеріне жетті. «Сол­түс­тіктің Катаниі»  («Спрут» фильмінің басты кейіпкері комиссар Катаниді еске түсіріңіз) ақырына дейін жеткізе алмай кеткен ұйымдасқан қылмысты әріптестері құрықтап, жергілікті салық жинау бөлімінің инспекторы мен сектор жетекшісі тұтқындалды. 5 адам қолхатпен босатылды. Тағы бірқатар адамдар күдікті ретінде жауапқа тартылды. 5 жылда 1 миллиард теңге ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен. Бүгінде тергеу амалдары аяқталып, іс сотқа жолданды.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

Солтүстік Қазақстан облысы.