Сергей Қалмыков Самарқан қаласының тумасы. Мәскеуде және Санкт-Петербургте оқып, өмірінің көп бөлігін Орынбор мен Алматыда өткізген. Алатау баурайында өткерген шабытқа толы жалынды жылдары оның шығармашылығын биікке көтерді. Қазақ даласының сұлулығы, Алматының арайлы кештері суретшінің дарынына қанат бітірді. Қылқалам шебері аспанмен таласқан биік таулары, жылы шырайлы адамдары мен өзіндік қайталанбас атмосферасы бар Алматыны үнемі қайтып орала бергісі келетін «жұлдызды тостағанға» балапты. Қазақ даласының тұмса табиғаты оның шығармашылығында дара мәнге ие.
Көрменің ашылу рәсіміне қатысқан еліміздің Санкт-Петербургтегі Бас консулы Болат Иманбаев, Ресей жерінде қазақ көрмелерін өткізу игі дәстүрге айналғандығын атап өтті. «Қазақстан қазақ өнерін әлемде ілгерілету бойынша «Рухани жаңғыру» бағдарламасын белсенді түрде жүзеге асыруда. «Сергей Калмыковтың жұлдызды тостағаны» көрмесі осы бағдарламаның қисынды жалғасы. Қастеев музейінің көрмесі ірі мәдени мұралардың алтын ошағы деп айта аламыз. Жыл сайын екі мемлекет арасындағы мәдени қатынастар қарқынды және әр қилы даму үстінде. Мұнда мәдениет саласындағы көптеген іс-шаралар, жастарға арналған бағдарламалар, бизнес-форумдар өтіп тұрады. Қазақстан мен Ресей – мәдениет пен білім беру саласында көптеген жобаларды жүзеге асырып келе жатқан жақсы көршілер», – дейді консул.
Калмыковтың коллекциясы еліміздің бейнелеу өнері тарихында айрықша орын алады. Көрмеге қойылған әр шығарманың өзіне тән тарихы бар. Ресейлік көрерменнің назарына ұсынылған картиналар жиынтығын уақыт пен заман тынысын аса дәлдікпен берген бірегей туындылар құраған.
«Сергей Калмыковтың өмірі мен қызметі – Қазақстан мен Ресейдің ортақ тарихи тағдыры кезеңіндегі тығыз өзара мәдени байланыстарының жарқын мысалы. Бүгінде, оның көп қырлы шығармашылығы зерттеушілердің қызығушылығын тудыруда. Біздің музей үшін көрмені осындай тарихи маңызы бар орында өткізу үлкен құрмет», дейді Ә.Қастеев атындағы өнер музейінің директоры Гүлмира Шалабаева.