Әскерилердің арасында жаяу әскерлер Бас штабының бастығы да келгендігі хабарланды. Олардың нақты не мақсатпен жеткені туралы алдын ала хабар берілмеді. Бірақ журналистер келгендердің арасында арнаулы мақсаттағы күштердің өкілдері, соның ішінде киберқауіпсіздік мамандары бар екендігін анықтаған соң алаңдаушылық туындады. Әскерилердің ұшып келу мақсаты туралы екі күн бойы біле алмай, дүдәмал болған журналистерге тек 26 наурызда ғана Ресей сыртқы істер министрлігінің арнаулы өкілі М.Захарова мәлімдеме жасап, мамандардың іс-әрекеті Мәскеу мен Каракас арасында 2001 жылы қол қойылған әскери-техникалық ынтымақтастық жөніндегі келісіммен реттелетінін айтты.
Венесуэлада әлі күнге саяси дағдарыс жалғасуда. Елде қазір іс жүзінде қос өкімет болып тұр. Оның бірін Ресей заңды деп есептейтін Николас Мадуро басқарса, екіншісін АҚШ қолдайтын Ұлттық ассамблеяның (парламенттің) көшбасшысы Хуан Гуайдо басқарады.
Осы оқиғадан кейін Хуан Гуайдоның жұбайы, белсенді саясаткер Фабиано Росалес АҚШ-қа келіп, оны президент Дональд Трамп Ақ үйде қабылдады. Кездесуден кейін журналистермен болған брифингте Д.Трамп «Ресей Венесуэладан кетуі керек» деп нақты жариялады. «Ресейді кетіру үшін АҚШ әскер жіберуі мүмкін бе?» деген журналистердің сұрағына ол «барлық шаралар қарастырылатынын» айтты. Сонымен бірге президент Д.Трамп Мәскеу АҚШ-тың позициясын білетінін мәлімдеді.
Фабиано Росалес Трамппен кездескенге дейін АҚШ-тың вице-президенті Майк Пенстің де қабылдауында болған еді. Кездесудің қорытындысы бойынша журналистерге берген сұхбатында М.Пенс: «Ресейдің әскери ұшақтарының келуін Америка Құрама Штаттары арандату деп санайды. Біз бүгін Ресейден Мадуроның режімін қолдауды тоқтатып, бүкіл әлемнің үлкен бөлігі мен барлық жартышар елдерінің қатарына еніп, азаттық толық қалпына келгенше Хуан Гуайдоның жағына шығуды сұраймыз» деді.
Мұндай шақыруларды Ресейдің місе тұтпасы белгілі, өйткені ол Н.Мадуроны Венесуэланың заңды сайланған президенті деп таниды. Былтыр мамыр айында болған сайлауда ол 67 пайыз дауыс жинап, президент сайланған. Бірақ Хуан Гуайдо бастаған оппозиция сайлаудың әділетсіз болғанын айтып, оны президент деп танудан бас тартқан. Қоятын кінәлерінің қатарында оппозициялық көшбасшыларды күмәнді айыптармен түрмелерге жапқаны да айтылған. Осы себеппен елдегі демократиялық бірлік қозғалысы бұл сайлауға қатыспаған.
Д.Трамптың Ресей Венесуэладан кетуін талап еткен мәлімдемесіне Ресей сыртқы істер министрінің ресми өкілі М.Захарова ешқандай ымырасыз текетірестікпен жауап берді. Журналистердің Венесуэлаға әскерилердің не үшін барғаны және қанша уақыт болатынын білмек болған сұрағына орай ол: «Ресейдің әскерилері Венесуэлада өздеріне және Венесуэла өкіметіне қанша уақыт керек болса, сонша болады», дей келіп, өзінің мәлімдемесі екіжақты әскери-техникалық ынтымақтастық жөніндегі келісімге сүйеніп жасалып отырғанын, екіжақты халықаралық-құқықтық негіз болған соң, олардың әрекеттерін ешкім айыптай алмайтынын айтты.
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Д.Песков осы мәселеге қатысты мәлімдемесінде өз елінің Венесуэланың ішкі істеріне араласпайтынын және басқа да үшінші елдердің осылай істегенін қалайтынын айтып, жақауратты.
Оған дейін Мәскеудегі Венесуэла елшілігінің әскери атташесі Хосе Рафаэль Торреальба Перес те мәлімдеме жасап, Ресей әскерилерінің Венесуэлаға тек әскери-техникалық ынтымақтастық мәселелерін талқылауға барғанын айтып, ешқандай бірлескен операция жасалмайтынын мәлімдеген.
Сонымен текетірес Венесуэланың ішінде ғана емес, сыртында да жүріп жатыр. Алтыншы сәуірде Х.Гуайдо Мадуроны тақтан тайдыруға бағытталған белсенді әрекеттерге баратынын жариялап үлгерді. Оның қандай әрекеттер екендігі әзірге белгісіз. Елдегі экономикалық тығырық, соның ішінде электр қуатының жиі өшірілуі оған «жақтас» болып тұр. Ал Мадуро болса электр қуаттары жүйесін АҚШ қасақана істен шығаруда деп Американы айыптауда. Трамп Мадуроны АҚШ-тың қайырымдық көмектерінен бас тартқаны үшін айыптады. «Біз Венесуэланың азаматтары үшін бірнеше миллион доллардың көмегін жинаған едік, содан Мадуро бас тартып отыр. Ол өз азаматтарының ашыққанын қалайтын болса керек» деді Д.Трамп. Бұл көмектер Колумбия арқылы жеткізілмек болған.
Ал АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Вашингтон НАТО-мен бірлесіп, алдағы аптада жаңа санкциялар жасайтынын мәлімдеді. Олар негізінен Ресейдің Украинадағы белсенділігіне қарсы шаралар болғанымен, Венесуэладағы текетіресті де ескеріп жасағалы отыр.
Әлемнің екінші шетінде орналасса да осындай текетірестер үлкен оқиғаларға соқтыруы мүмкін екендігін ойлағанда, тек келісім үстеліндегі шешімдер ғана өркениетті жолдың жалғыз құралы екендігіне көз жеткізе түсесің. Ал келісім болмаған жерде заңсыздық күш алатынын көріп жүрміз.