Бұл жерде алдымен жауапкершіліктің төмендігін жасыра алмаймыз. Өйткені Ұлттық ұланның бас қолбасшысы Руслан Жақсылықовтың айтуынша, былтырғы жылы денсаулықтары нашар болғандықтан 150 сарбаз әскери міндетінен босатылған. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, бұл тұтас бір әскери батальон деген сөз. Ал олардың ішіндегі бес адам туберкулез ауруының ашық түріне шалдыққандар екен. Соларды денсаулықтарында кінәрат жоқ, тепсе темір үзетін мықты деп, Қарулы Күштер қатарына аттандырып жіберген. Бұл нені білдіреді? Бұл жергілікті атқарушы биліктің, жергілікті әскери комиссариаттағы дәрігерлердің жұмысын көрсетсе керек. Руслан Жақсылықовтың айтуына қарағанда, медициналық тексеріс талап деңгейінен табылуы тиіс. Бірақ өкінішке қарай, дәрігерлік тексеру ісінде салғырттық үйреншікті іске айналғандай.
Әрине, қадағалау тәртібі болмаса, әскери іс Жарғыдан тыс жүргізілсе, ондағы командирлер жауапкершілігіне де, жалпы тәртіпке де сенім азаяды. Мәселен, өткен жылы 2018 әскери бөлімінде сарбаз Б.Мырзамбеков әлімжеттіктен қайтыс болған. Тергеу нәтижесі көрсеткендей, екі әскери қызметші жаңа келген бір топ әскери қызметшіні 40 градус ыстықта дене шынықтырумен айналысуға мәжбүрлеген. Содан бірнеше сарбаздың, оның ішінде марқұм Б.Мырзамбековтің де денсаулығы күрт нашарлаған. Бірақ неге екені белгісіз, оған дәрігер шақыртылмаған. Ал шекара заставасының бастығы сарбаздардың ыстықта мәжбүрлікпен дене шынықтыру жаттығуларын жасап жатқанын көрсе де, оны тоқтатпаған. Тіпті, Б.Мырзамбековтің жағдайы ауырлап, жүре алмай қалғанда оны мәжбүрлеген әлгі екі сарбаздың бірі теуіп те жіберген. Содан жағдайы нашарлай берген Б.Мырзамбеков артынша қайтыс болған. Ал өлімнің, сот дәрігерлік сараптамасының қорытындысы бойынша, ыстықта шектен тыс дене шынықтыру жүргізу салдарынан болғандығы расталған. Міне, көрдіңіз бе, ата-ананың аялап өсіріп, соқталдай етіп Отан қорғауға шығарып салған ұлы, біреулердің жауапсыздығы мен салғырттығынан, бассыздығынан көз жұмды. Әскердегі мұндай жауапсыздықты кім туғызады?..
Тұңғыш Президент – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университеті Ұлттық ұлан қызметтік-жауынгерлік қызметін қамтамасыз ету кафедрасының бастығы, подполковник Ғазиз Бауберіков былай дейді: «Мен әскерде он бес жылдан астам тәрбиеші-офицер болып қызмет атқардым. Әскердегі тәртіп ең алдымен командирлердің және тәрбиеші сардарлардың білімі мен дайындығына байланысты. Әскерді басқаратын қолбасшылардан бастап, кіші командирлердің тәрбие жөніндегі орынбасарлары бар. Міне, осы төменгі буыннан жоғарғы буынға дейінгі тәрбиеші құрылымдардың басты міндеті – әскердегі тәртіпті қадағалау. Солай бола тұра, әскери қызметшілердің, әсіресе сарбаздар арасындағы жарғыға қайшы әрекеттердің, оның ішінде әлімжеттік деп аталатын тәртіп бұзушылықтың орын алатыны қынжылтады».
Әскердегі әлімжеттік қашанда жалпы тәртіптің ақсауынан асқынатыны белгілі болып отыр. Ол әскери қызметшінің өз-өзіне қол жұмсауына алып келеді. Мұндай қайғылы оқиғалар әр жылдары орын алып жатады. Бірақ біз әскердегі әлімжеттікке шыдай алмай, өзіне қол жұмсайтындар тек біздің елде ғана кездеседі деуден аулақпыз. Бұл өркениетті елдердің де әскерінде кездесетін жағдай. Өз-өзіне қол жұмсау, Израиль әскери қызметшілерінің арасында өте кең тараған үрдіс екен. 2017 жылы 16 әскери қызметші өзіне қол жұмсаған. Оның 13-і сарбаз көрінеді.
Барлық елдердің әскерлерінде кездесетін мұндай келеңсіздіктің біздің әскерде мүлде болмағаны жөн дейміз. Өйткені біздің армиямыз тәуелсіздік жылдары ішінде жан-жақты дамыған, жетілген әскердің бірі.
Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев әскерде әлімжеттіктің бар екенін жасырмайды. «Қазіргі күні әлімжеттік деңгейі өткен жылдармен салыстырғанда және басқа елдердің қарулы күштеріне қарағанда әлдеқайда төмендеді. Әрине, жекелеген оқиғалар болып тұрады, сондықтан оны жою жұмыстары жалғастырыла береді», дейді ол.
Былтыр Қарулы Күштерімізге жүргізілген прокурорлық тексерулерден кейін ондағы қылмыс 28%-ға (343-тен 248 дерекке), ал әскери қызметшілердің өлімі 24%-ға (46-дан 35), жаралану 16%-ға (1085-тен 910) дейін төмендегені белгілі болды.
Осы арада әскерде ұзақ жыл басшылық қызмет атқарған, қазір запастағы полковник Сәдуақас Жұбатовтың пікірін келтіре кесек. Ол былай дейді: «Бүгінде казармалардың көбісінің ішіне де, сыртына да бейне жазу құрылғылары қойылған. Десек те, әскердегі әлімжеттіктің түбірімен жойылуы үшін барлық жағдай жасалған деп айта алмаймыз. Өйткені орын алған кейбір фактілер әскердегі тәртіпке әлі де көңіл аудару керек екенін көрсетеді. Мәселен, 2016 жылы Қарулы Күштерде 286 қылмыс тіркелсе, оның 11-і әлімжеттік фактісі болған. Одан кейінгі екі жылдың да көрсеткіштері осының ар жақ, бер жағында».
Кезінде сақа сарбаздар жас сарбаздарды ұрыс әдістеріне, жарғылық тәртіптерге тез бейімдеу мақсатында небір амалдар ойлап тапқан. Оның көбі жарғыдан тыс әрекеттер болса да, әскер ісіне, тәртібіне тез бас иген сарбаздарды көрген командирлер мұндай әділетсіз әдістерге көз жұма қараған. Содан әлімжеттік әскердегі әдетке айналған. Бұл дамыған елдердің армиясында да сақталып отыр. Осы бұрыннан келе жатқан жағымсыз үрдісті жою – бүгінгі әскери командирлердің негізгі міндеті.
Александр ТАСБОЛАТ,
«Egemen Qazaqstan»