• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 02 Сәуір, 2019

Жедел жәрдем жүйесі жолға қойылып келеді

951 рет
көрсетілді

Халықтың әлеуметтік-психологиялық көңіл күйіне тез әсер ететін, егер ұзақ уақытқа кешіксе, оның арты өкінішті жағдайларға апарып соқтыруы мүмкін медициналық қызметтің түрі – жедел жәрдем. Сондықтан ел ішінде бұған қатысты тұрғындар тарапынан әртүрлі өкпе реніш айтылып жатады. Бұған 500 мыңнан астам халқы бар Ақтөбе қаласы және тұтастай Ақтөбе аймағы бойынша жауап іздеп көрдік. Осы орайда былтыр облыс орталығында рес­публика өңірлері арасында баламасы жоқ жедел жәрдем бекеті ғимараты пайдалануға берілгенін айта кеткен жөн.
Аталған нысан басқарудың автоматтандырылған жүйесіне қосылған. Соғылған қоңыраулар «103»-тің орталықтандырылған алты бірдей телефоны арқылы түседі. Жедел жәрдем брига­да­ла­рының медициналық құрал-жабдықтармен және қажетті аспап­тармен қамтылуы өткен жылы облыс бойынша 80 па­йызды құраған. Әрине төмен көрсет­кіш емес. Әйтсе де биыл қосымша қондырғылар алынса, олқы­лықтың орны толатыны белгілі. 

Биыл ақпан айында облыс әкімдігінің қаулысына сәйкес жедел медициналық көмектің аудан­дық бөлімшелерін оңтайландыру ісі жүзеге асқан болатын. Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің айтуынша, бұл ұсақ құрылымдар «Алғашқы көмек» ЖШС құрамына қосылған. Сонымен бірге Жол картасында қарас­тырылған шаралар кешеніне сәй­кес қала емханаларының жаны­­­­­нан шұғыл медициналық көм­ек беру қосындары құрылған. Оның бәрі де тәулік бойы жұмыс істей­ді. Қосындардың қызметі жедел­діктің төртінші дәрежесіне сәйкес келеді. 

Осы орайда жеделдіктің төртінші дәрежесі деген тіркеске түсі­нік­теме бере кеткен жөн. Жедел жәрдем мамандарының мәлім­деуінше, шұғыл медици­на­лық көмек көрсету жеделдіктің төрт дәрежесімен таңбаланады. Мысалы, инсульттің ауыр түрлері, жүрек талмасы, ауыр жарақат алу кезіндегі шақырулар бірінші дәреже қатарына кіреді екен. Мұн­дай жағдайда жедел жәрдемнің келу уақыты барынша тез болатыны айтпаса да түсінікті. 

Бүгінде өңір тұрғындарына 67 жедел медициналық жәрдем  бригадалары көмек көрсетеді. Соның ішінде облыс орталығында 52 дәрігерлік-фельдшерлік бригадалар тәулік бойы жұмыс істейді. Тұрғындарды аталған көмекпен қамту саны мен көлемі жыл басын­да облыс бойынша 870 мыңға жуық адамды құрады. Аталған көрсеткіш Ақтөбе қала­сы бойынша 510 мың адамнан асып түседі. Ал бригадалар мен автокөліктердің санына келсек, бұл мөлшер алдын ала белгіленген талаптар мен нормативтерге сәйкес келеді. 

Мұндағы басты өлшем әр 10 мың тұрғынға шаққанда 1 санитарлық автокөлік бригадасы қызмет көрсетуге есептелген. Жедел жәрдем бригада­ла­­ры­ның қызмет көрсету радиу­сы Ақтөбе қаласында 35 шақырымды құрайды. Мұндағы мөлшерлі уақыт шегі, яғни шақы­рылған сырқатқа жедел жәр­дем авто­кө­лігінің жету уақыты 15 минуттан аспайды. Был­тыр­ғы көрсет­кіш­терге сәйкес медици­налық көмек көрсету қызмет­кер­ле­рі бір жыл ішінде 300 мыңға жуық шақыру­ды қамтыған. Оның басым бөлігі Ақтөбе қаласы тұр­ғын­­дарының үле­сі­не тиеді. Айта­лық, өткен жылы қала бойынша нау­қасқа келу көрсеткіші 5,7 ми­нут­ты көрсетті. Бұдан кейінгі дәреже­­лер бойынша 9,2-11,3 және 15,9 минут­та жедел жәрдемнің жет­уі тір­келген. 

Әрине өмір болған соң, жедел шақыруларға кешігіп бару көріністері кездеспей тұрмайды. Тұрғындардың өкпе-реніштері көбіне осындай жағдайда туындайтыны белгілі. Дегенмен, биыл мұндай көрсеткіштердің азайғаны айқын көрінеді. Сонымен бірге жедел медициналық көмек беру құрылымдарының материалдық-техникалық базасы жыл сайын жақсарып келеді. Шақырулар бо­йынша жолға шыққан дәрігерлік-фельдшерлік бригадалардың іс-қимылдарын бақылау тетіктері де тереңдей түсуде. Сондай-ақ облыста дәрігерлік-фельдшерлік және жүргізушілік құрамдардың біліктілігін көтеру ісі жүйелі жолға қойылған. 

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Egemen Qazaqstan»

АҚТӨБЕ