• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қысқы спорт 02 Сәуір, 2019

«Құжат жоғалса, тарихымыз да жойылады»

679 рет
көрсетілді

Тарихта тіпті ұшан-теңіз байлық пен жердің кері қайтарылғаны туралы деректер кездескенмен, жойылған құжаттардың орны толтырылды деген әңгімені ешқашан құлағымыз шалмапты. Ендеше, архивсіз ел жады мен тарихын жоғалтқан жұртпен бірдей екен. Осы ретте тарихи құжаттардың маңыздылығы, оның қазіргі біздің қоғамымызда алатын орны мен рөлі туралы білу мақсатында Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік архивінің директоры Мейрам БЕКТЕМБАЕВТЫ әңгімеге тартқан едік.
– Мейрам Еркінұлы, әңгімемізді әуелі Нұр-Сұлтан архиві қашан және қалай құрылды деген дәстүрлі сұрақ­тан бастасақ.

– Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік архивінің тарихы Қазақстанның басқа аймақтарындағы мемлекеттік архивтерге қарағанда беріден бастау алатыны мәлім, өйткені оны құру елорданы көшіру жөніндегі іс-шаралармен тікелей байланысты.

Ақмола қалалық мұрағаты негізінде қала әкімінің 1995 жылғы 23 қарашадағы шешімімен Астана қаласының мемле­кеттік архиві құрылды. Алғашқы кезеңде Көкшетау қаласындағы Ақмола облысы мен Астана архивтері арасындағы архив қорларын, ұйым құжаттарын бөлу бо­йынша үлкен жұмыс атқарылды.

– Мұндағы тарихи дерек көздері қай кезеңдерді қамтиды?

– Бүгінгі таңда архивімізде бірегей құжаттық мол қазына қоры жинақ­талған, бұларсыз Қазақстан тарихын елестету мүмкін емес. Қысқаша айт­қанда, Қазан төңкерісі, Кеңес Одағының құрылуы, ұжым­дастыру, ашаршылық, Екінші дүние­жүзілік соғыс кезеңдеріндегі тыл өмірі, көші-қон, депортация, тың жер­лер­ді игеру, қалалардың дамуы, ауыл шаруа­шылығы, ғылым мен мәдениет, білім беру және денсаулық сақтау саласы туралы 1917 жылдан бастап бүгін­ге дейінгі ақмолалықтардың саяси, эко­но­микалық және мәдени өмірінен сыр шертетін құжаттар сақтаулы.

– Нұр-Сұлтан архивінің қазір­гі таңдағы тыныс-тіршілігі туралы айтып берсеңіз? 

– Бүгінде архивтің толық тізімі жасалып, оған 203 мемлекеттік және 120 мемлекеттік емес заңды тұлғалар қамтылды. Бұдан басқа, архивті жеке текті құжаттармен толықтыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Майдан­гер ардагерлердің, мәдениет пен өнер қайраткерлерінің, жазушылар мен ғалымдардың, сондай-ақ елорданың дамуына елеулі үлес қосқан басқа да белгілі тұлғалардың, барлығы 84 аза­маттың құнды құжаттарымен архив қоры толыға түсті. 

Архив мәртебесін арттыру мақ­сатында өткен жылы заңнамаға айтар­лық­­тай өзгерістер енгізілді. Негізгі заң­ға тәуелді құжаттар – мемлекеттік, ведомстволық архивтердің жұмыс ере­же­­лері, құжаттау жөніндегі ережелер Үкіметтің қаулысымен бекітілді, сол ар­қылы аталған ережелерді барлық ұйым­дардың орындауы мен қолдануына мін­деттілік жүктелді. 

Сонымен қатар заңнамалық дең­гей­де ақылы қызмет көрсететін біраз мәсе­ленің шешімі табылды, Бюджет кодексіне сәйкес халыққа қызмет көр­сету мүмкіндігін иеленді. Мұны қазір қала­лық архив Нұр-Сұлтан қаласы әкім­дігі мен мәслихаты-ның тиісті құрылым­дарымен бірге тиянақтау үстінде.

– Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақа­ласын­да ата-бабаларымыздың өмірі туралы құжаттық деректерге сарап­тамалық қоғамдастық үшін де, кең жұртшылық үшін де қол­жетімділікті қамтамасыз ету міндетін алға қойған болатын. Бұл бағытта қандай іс-шаралар ат­қарылуда? 

– Архивтің міндеті құжаттық ескерт­кіштердің сақталуын қамтамасыз етумен шектелмейді, әрине. Тарихи нақты ақпаратқа қол жеткізу үшін мұнда көбіне негізінен тарихшы-ғалымдар, студенттер, магистранттар, сондай-ақ қандай да бір заңды фактілерді растауды қажет ететін азамат­тар жүгініп жатады.

Өкініштісі, туған өлкенің тарихын танып-білгісі келетін қалалықтар әлі де жоқтың қасы. Сонымен қатар архивтердің кейде азаматтарға қызықты ақпаратты жедел тауып бере ал­май жататынын баса айтып өткім келе­ді. Бұл – негізінен біліктілігі жоғары архивші-мамандардың аздығынан, архивтердің материалдық-техникалық жабдықталуының төмендігінен, цифр­ланған архив құжаттарының жоқ­тығынан туындап отырған жайт. Елба­сы­ның «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларында айтылған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі 2019-2021 жылдарға арнал­ған Нұр-Сұлтан қаласының мемлекет­тік архивінің даму тұжырымдамасын әзірлеп, бекітті.

Бекітілген құжат аясында бүгінде Нұр-Сұлтан архивін жаңғырту ісі бас­талды. Қалалық әкімдік архив қой­малары мен оқу залдарын орналастыру үшін қосымша үй-жайлар бөлді. Астананың «Цифрлық архивін» құру үшін қазіргі заманғы жабдықтар сатып алу және тиісті жұмыстар жүргізу жос­парлануда.

«Архивтік анықтама беру» мемле­кеттік қызметі әзірше тек қағаз түрінде жүзеге асырылады. Ақпарат көздерінің негізгі бөлігі қағаз негіздегі құжаттар болып табылады. Алайда, мемлекеттік қызметті толықтай автоматт-андырудың да ауылы алыс емес сияқты. Болашақта жаңғыртылған архивтер сұранысты автоматты режімде орындайтынына үміттіміз. 

– Келешекте тағы қандай жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда? 

– Білікті мамандар даярлау мақ­сатын­да қалалық мұрағат Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универ­ситетімен бірлесіп, «Тарих және архивтану» мамандығын ашу үшін жұмыс жүргізе бастады. Осы мамандықты енгізу архив саласына қажет жас мамандарды дайындауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл еліміз архивтерінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту үшін жас ғалымдарды тартуға мүмкіндік береді.

Өткен жыл республика үшін де, елорда үшін де маңызды оқиғаларға толы болды. 2019 жыл Жастар жылы деп жарияланды.

Елбасының жастар саясаты саласын­дағы міндеттерін жүзеге асыру аясын­да Нұр-Сұлтан мұрағаты елорда жас­тары­ның қатысуымен іс-шаралар ұйым­дастыру үшін интерактивті алаң құруды жоспарлап отыр. Осыған орай, Нұр-Сұлтан қаласының мұрағаты елорда тұрғындары мен қонақтары арасында ғимаратты пайдаланудың үздік тұжы­рымдамасы бойынша байқау жария­лайды. Нәтижесінде біз алдағы уақытта тұрғындардың ұсыныстары мен пікірлерін ескере отырып, алаң дайындауды жоспарлаудамыз.

Сонымен қатар Нұр-Сұлтан архиві түрлі маңызды жобаларды өткізудің алаңына айналмақ. Мұнда өтетін дәс­түрлі іс-шаралармен қатар (көрмелер, конференциялар, дөңгелек үстелдер және т.б.), биыл интернет, әлеуметтік желілер мен мессенджер мүмкіндіктерін пайдалана отырып, онлайн форматта іс-шараларды іске қосады. Елорда тұрғындары мен қонақтары қатысуымен танымал жерлерде іс-шаралар өткізілетін болады. Мысалы, 2018 жылғы 30 қараша мен 3 желтоқсан аралығында «Керуен» сауда-ойын-сауық орталығында өткі­зіл­ген «Президент және Астана» фото­көрмесін тек 4 күн ішінде шамамен 35 000 адам тамашалады. «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Прези­денті – Елбасы кітапханасы», «Қазақстан Республикасының Президенті» ҰТРК, «Полимедия» ЖШС, «Keruen» ЖШС, «Business Event & Rent» сияқты бірнеше ұйымдармен бірлесіп фотокөрме ұйымдастырылды. Онда 1998-2018 жылдар аралығында астананың қалыптасуы мен дамуындағы Елбасының рөліне арналған сирек кездесетін фотома­териалдар ұсынылды.

Тұжырымдаманы іске асыру, архив жұмысына жаңа технологияларды енгізу, сондай-ақ ауқымды ақпараттық жұмыс архив ісін әлемдік алдыңғы қатарлы үрдістер деңгейінде дамытуды қамтамасыз етуге, халыққа сапалы қызмет көрсетуге, архив материалдарына қол жеткізуге мүмкіндік береді деп үміттенемін.

Өткенді бағаламай, бүгіннің шынайы болмысын, болашақтың мақсатын айқындау мүмкін емес екен. Архивтің халық үшін маңызды болатын себебі сонда. Өйткені ол – тарихи оқиғаларды тану мен ұғудың көзі. Архив – материалдық және рухани мәдениеттің жетістіктерін жинақтайтын, ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ететін мүмкіндік. Сондықтан осынау қажетті игі істің өркендеуіне бәріміз бірдей мүдделі болуға тиіспіз.

Әңгімелескен Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»