• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 03 Сәуір, 2019

Алмасайдың тазылары

1956 рет
көрсетілді

Алмасайдың тазылары туралы екі жыл бұрын Тарбағатайдың жігіттерінен естіп едік. «Әне барам, міне бараммен» бұл ауылға биыл, жақында, Наурыздың жаймашуақ күндерінің бірінде жол түсті.

Алмасайдың тазылары туралы екі жыл бұрын Тарбағатайдың жігіттерінен естіп едік. «Әне барам, міне бараммен» бұл ауылға биыл, жақында, Наурыздың жаймашуақ күндерінің бірінде жол түсті.

Қымызды ауыл Саржалдың әр үйінің жанынан сауынды бие көретініміз секілді Алмасайдың әр үйінің қасынан, ауылдың кез келген бұрышынан көзімізге көлбеңдеп тазы түсетін шығар деп ойлағанмын Өскеменнен шыққанда. Бұл ойымды бізді ауыл әкімдігінде қарсы алған аяғына резеңке етік киген Ғағлан Рамазанов ағамызға айтқанымда «қазір бұрынғыдай көп ит жоқ. Оның үстіне көктемнің кезі. Иттердің көбі қорада, байлауда. Жүр, мен сендерді ит ұстайтын жігіттерге апарайын» деп елді мекеннің жоғары жағына қарай бастаған. Әуелгі көлік басын тіреген шаңырағымыздың иесі ауылдастары Мәкә деп атайтын, орта жастағы Медетхан Қабидоллаұлы үйінде ұстап отырған екі тазысын көрсетті. «Ес білгелі тазы ұстаймыз. Ағаларым да ит жүгірткен. Біздің ауылда тазы көп. Атқа мінетін жігіттердің көпшілігінде бар. Бұрын Алмасайда тазы бұдан да көп болатын. Біздің ұстап жүргеніміз сол бұрынғы тазылардың тұқымдары ғой», - деген аңқұмар ағамыз атын ерттеп жатып. Сосын «қазір жігіттерді ертіп келемін» деп бізді ауылдың жоғары жағындағы, қарлы беткейге қарай бағыттаған. Мұнда тазылардың көптігіне ауыл шетіндегі тастақ беткейге көлігімізбен келіп тоқтағанда көз жеткізгендей болдық. Тастақ төбенің маңындағы үш үйдің бірінің есік алдынан, екіншісінің қорасының артынан тазы көрдік. Бұл да түк емес екен, Медетхан ағамыз қос тазысын ертіп, біз тұрған шағын төбешікке қарай жақындағанда әр үйдің бұрышынан өре түрегелген тазыларды санап үлгермедік. Байқағаным, Алмасайдың тазыларының түстері де, тұрқы да әртүрлі екен. Көбі суыққа төзімді, жүндес келетін секілді. «Алмасайдың тазылары қысы-жазы далада жатады. Жүні қалың, суыққа төзімді. Жазықта да, тау-таста да жақсы жүгіреді. Өздері із кеседі, өздері іннен аңды қуып шығады. Аң болғанда, біздегі бары – түлкі мен қоян ғой. Қасқырды емге таппайсыз» деп әңгімесін жалғады төбе басында екі тазының иесі.

Жалаң қолмен түлкі соққан

Тастақ төбе басында атқа мініп, тазыларын ертіп келуге тиіс ауыл азаматтарын күтіп тұрғанымызда қасымызға жаяулатып үстіне әскери киім киген жігіт келді. Өзін Дастан Ахмадиев деп таныстырған замандасымыздың 6 тазысы бар көрінеді. Әкесі де, атасы да уағында ит жүгіртіпті. Бұл жігіт те Медетхан ағамыздың айтқандарын қостап, бұрын ауылда тазы көп болғандығын, заман ыңғайымен елді мекен тұрғындарының, оның ішінде жастардың көпшілігі қалаға көшіп кеткенін, мұның жеті қазына тұқымының азуына, азаюына кері әсерін тигізгенін жасырмады. «Дегенмен де соңғы буын – ауылдағы кішкене інілеріміздің тазы ұстауға ынта-ықыластары жақсы. Күзде   бізбен бірге аңға шығады. Сіздер негізі көктемде емес, күзде, алғашқы қар жауғанда келулеріңіз керек еді. Ой, нағыз кереметті сонда көресіздер. Бір адам атқа мінсе, соңына аз дегенде үш тазы ертеді. Кішкене балаларға дейін итпен жүреді» деп әңгімелесушіміз бір жағы бізді қызықтырып, екінші жағынан «келмейтін уақытта келдіңдер» дегенді емеурінімен ұқтырғандай болған.

Өскеменге қатынап жұмыс істейтін Дастан замандасымыздың ит жайына біршама қанық екендігін сүт пісірім мезеттегі әңгімесінен аңғардым. Аңға түсетін иттердің үйдегі, ауыл арасындағы селтеңбай иттерден тез қартаятынын, тазының қаншықтары 7 жасқа дейін шалдықпай жүгіретінін шынын айтсам, алғаш рет осы саятқұмар жігіттен естідім. «Иттердің қаны таза болу үшін басқа жақтан тазы тұқымдарын әкеп отырамыз. Алмасайдың тазыларын еліміздің жан-жағынан келіп, алып жатады. Біздің ауылдың бір тазысын боксшы Қанат Исламға сыйлапты деп естігенбіз», - дейді ол.

Жұрттың көбі жұмыста болатын жұма күні келгеннен кейін бе атқа мініп, тазы ерткен жігіттер біз ойлағандай көп жинала қоймады. «Барымен базар» деп көлігімізге отырып, ауыл ортасындағы жолмен кетіп бара жатқанымызда жаңағы тастақ төбеден әлдекімдер қол бұлғап, өздеріне қарай шақырды. Барсақ, қара шәпкісін көзіне баса киген бір ағамыз жирен қасқа атын олай да, былай да ойқастатып жүр екен. Астындағы аты тізгінді тартқан сайын көкке шапшиды. «Бағанадан бері маған неге айтпағансыңдар?! Үйде бос жатырмын ғой», - дейді бейтаныс ағамыз. Сөйтсек, алпыстан асса да, он сегіздегі жігіттей жұлқынып тұрған бұл кісі де (аты-жөні - Кәдір Шынтеміров) кезінде тазы ұстап, ит жүгіртіпті. Бір қызығы, астына мінген жирен қасқа атының да, өзінің де жас әрі қуатты кезінде түлкіні қуып жетіп, жалаң қолмен ұстаған кезі болыпты. «Итім әбден болдырды. Түлкінің де дымы құрыды. Астымдағы мына жирен қасқамен түлкіні қуып жеттім. Сенген итім соңымда қалды, мен түлкіні атпен қайырып жүрмін. Түлкіні қолыммен ұстағанымды түсірсеңдер ғой, шіркін! Сол күні Қаракөзекте үш түлкі ұстадым. Қар жауғанда келсеңдерші бір», - деді асыға сөйлейтін ағамыз.

Аңшы ақсақалдың әңгімесі

Бүгінгі Алмасайдың жайы осылай. Кешегі Алмасай қалай еді? Алмасайдың бұрынғы, ертеректегі аңшылары не дейді? Алмасайға тазыны алғаш әкелген кім? «Негізі Алмасай деген кісінің аты. Алмасай деген кісі сол жерде тұрған, сол жерде қайтыс болған деседі. Ұрпақтары әлі де осында бар. Бұл жерде ата-бабаларымыз өмірбақи тұрған. Алмасай - Айтқұлдың жері. Айтқұл батыр адам болған. Абылайда әскербасы болған. Біз сол кісінің ұрпақтарымыз. Абылай «осы жерді сен қорғайсың» деп Айтқұлды осы маңға жіберген дейді. Жарылғап батырды Қалбатау жақты қорғауға жіберген екен. Біз содан тұрақтап қалсақ керек. Ал тазы сол кезден бері болу керек. Бұл ауылда кімдер тұрмады?! Бай да, кедей де тұрды. Бәрі тазы ұстады. Өзімнің әкем өмірбақи ит жүгіртті. Сол кездегі колхоздың бастығы Балғабай, Рахметолла ақсақал, сот боп жұмыс істеген Кәкенов деген кісі, әкем – барлығы  күздігүні бірігіп аңға шығатын. Тұп-тура бір ай. Қазанның жиырмасынан қарашаның жиырмасына дейін «тымақтық түлкі аламыз» деп кететін. Сөйтсек, осы уақыт аралығында түлкі жүні түбіттенбейді екен. Түбіттенсе тымақ болмайды дейтін. Рахметолла ақсақалды 91 жасында аңға алып шыққаным есімде. Бір жерден тазының қара қаншығын алып келіпті. Қызығып жүрмін. «Аға, жалғыз сиырымның бұзауын берем» деймін. Менің итім 11 қар басқан кәрі еді. «Бір бұзауға бермеймін. Сен мені жуас атпен далаға алып шық» деді. Өмірбақи аңшы болған адам. Үкімет оған аңщы деп карабин берген. Ол кісінің екі ақ иті болды. Алғырлығы сондай, бір қыста 80 түлкі алды. Қазақтың аңшылық тарихында мұндай жоқ шығар. Ақсақалдың екі тазысы еліктің өзін аттап бастырмайтын. Ол кісі атқа мініп шыққанша түлкіні басып жататын». Алмасайда ширек ғасыр түтін түтетіп, әкесінен өнеге алып, 10 жасынан тазы ертіп, саятшылық құрған, 15 жылдан бері Ұлан ауданының орталығы – Қасым Қайсенов кентінде тұрып жатқан, бүгінде зейнеткер Амангелді Шәркенов ақсақалмен арадағы әңгіме осылай басталды.

Қазақтың көрнекті жазушысы Қабдеш Жұмәділов «Таңғажайып дүние» ғұмырнамалық романында балалық шағындағы көшпенді өмір көріністерін суреттей келіп, жаяу жүріп бүркіт салатын көршісі Баяхметтің Сарсахметі жайында: «Балдағын белбеуіне бекітіп алған қарулы жігіт бүркітін жаяу көтеріп, елең-алаңда тауға шығып кетеді де, түске қарай бір түлкіні иығына салып, қайтып келе жатады. Бүркітін тасқа қондырып қойып, өзі қағушы болады екен. Түлкі кездеспесе амал жоқ, ал кездесе қалса қыраны құтқармайтын көрінеді. Сөйтіп жүріп ол бірер айда түлкі терісіне ат сатып алды. Кейін «Сарсахметтің жирені» атанған әлгі сәйгүлік сол маңайды тыйған жүйрік болды» деп жазғаны бар еді. Алмасайда да дәл осындай түлкіге жаяу шығатын Әуесхан деген аңқұмар ағамыз болыпты. «Біздің атпен адақтаған жерлерімізді ол кісі жаяу жүріп-ақ аралайтын. Дүрегей тазы иті болды. Аңға жете алмайтын. Бірақ керемет аңқос. Қоймай жүріп інге қуып тығатын. Әуесхан ағамыз ерінбейтін. Ін бір шақырым болса да, түнімен қазса да қазып алатын. Өзіміз де бала күнімізде аңға жаяу көп шықтық қой. Атты кім береді бізге?», - дейді саятшы ауылдастарын сағына еске алған Амангелді қария.

Бала күніміз демекші, ақсақалдың балғын шағындағы әкесінің ауылға түлкі қуып әкелген сәті әлі күнге дейін есінде. «Қар жауып қалған кез. Балалар ауылға кіре беріс жерде сырғанақ теуіп, ойнап жүргенбіз. Бір уақта қарасақ,  әкем жирен қасқа атпен түлкіні алдына сап қуып келеді. Түлкі әбден шаршаған, дұрыс қаша алмай, бұлталақтап келеді. Ауыл шетіндегі Әрін деген ақсақалдың қорасына кіріп кетті. Біз балалар қораның шөп түсіретін тесігінен қарап тұрмыз. Еркек түлкі екен. Бұрышта итке айбат шегіп, құйрығын қайқайтып тұрды. Сөйтсек бұл ауылдың ешбір аңшысына алдырмай, ауылдың ешбір итіне жеткізбей жүрген әккі түлкі екен. Иттердің бәрі шаршағаннан кейін әкем жүйрік жирен қасқа атымен қуып жетіп, қайырып әкелген ғой. Несін айтасың шырағым, Алмасайда жүйрік тазы да, жүйрік ат та көп болды ғой кезінде», - дейді бұрынғы аңшы. 

Үш күн аш жатса да, үйдегі тамаққа тиіспейтін

Саятшылықтың қыр-сырына қанық ақсақалдан Алмасайдың қазіргі тазылары жайында сұрадық. «Біздің кезімізде бір үйде екі-үш тазыдан болды. Мәселен, біздің екі итіміздің екеуі де жаман екі бөлмелі үйде төр алдында жататын. Күшік күнінен тәрбиеленген ғой. Үш күн аш жатса да, шелектегі сауып кеткен сүтке тиіспейтін. Терезенің алдында бәтер тұрады. Маңайына жуымайтын. Қазіргі иттерді кіргізші, сол сәтте тас талқанын шығарсын. Алмасайдың қазіргі тазыларының қоян, түлкі алмайтындары кем де кем. Бірақ ауылдағы тазылардың барлығын анық, таза қазақы тазы деп айта алмаймын. Қазақы тазы өте аз. Бүгінгілері кешегі мықты тазылардан қалған жұрнақтар. Жастарға айтарым, тазыны күшік күнінен тәрбиелеу керек. Ол да адам секілді. Тамағы дұрыс болса, жататын жері жайлы болса иесіне адал қызмет етеді, бабын да жоғалтпайды», - дейді ақсақал.

Алмасайдың тағы бір тумасы Бағлан Бәйтіков бүгінде Өскеменде тұрса да, туған ауылының мақтанышы саналатын тазылардың тұқымын сақтауға, қанын бұзбауға әркез ерекше көңіл бөліп жүреді. Қала шетіндегі үйінде 4 тазы ұстап отырған аңқұмар ағамыз тазының ең үлкен қасиеті жүйріктігі емес, иісшілдігі деп санайды. «Тазы өзі із кесіп, аңды өзі қуып шығуы керек. Нағыз тазы қарда ғана емес, қара жерде де із кесуі қажет. Тазының негізгі қасиеті - осы. Осы қасиетін жоғалтып алмауымыз керек. Ит ұстайтын жас жігіттерге үнемі осыны айтамын. Қазір жастар түлкіге кәнден салу деген мода шығарып алды. Түлкі інге кіріп кетсе, әлгі кәнденді қоса кіргізіп, байғұсты алып шығады. Даланың тағысына да мүмкіндік беруіміз керек қой. Күнде ұстай берсек сай-саламызда аң қала ма? Кейде уатсапта жас жігіттер «итім биттеп кетті» деп жазып жатады. Бұрын шалдар үйдің қасындағы көңге қазыққа иттерді байлап қоятын. Сөйтсе ит биттемейді екен. Тауықтар да сол көңге аунап жататын. Сосын жылқының қылын қиып-қиып сары майға байлап, иттің қоясын түсіретін. Осының бәрін кейінгі буын – жастар ескерсе дейміз», - дейді Бағлан Бәйтіков.

Шығыс Қазақстан облысы,

Ұлан ауданы,

Алмасай ауылы

Суреттерді түсірген Тілеубек ШАЯХМЕТ