• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Спорт 03 Сәуір, 2019

Үстел теннисі: Герасименко Азия кубогына қатысады

560 рет
көрсетілді

5-7 сәуір аралығында Жапонияның Йокогама қаласында үстел теннисінен Азия кубогы өтеді. Жүлде қоры 100 мың АҚШ долларын құраған айтулы жарыста қазақстандық Кирилл Герасименко да өнер көрсетеді.

Ерлер мен әйелдер арасында өтетін жарыста сары құрлықтың ең үздік 32 спортшысы ғана қатысады. Солардың арасында Кирилл Герасименко да бар. Қазіргі кезде ол әлемдік рейтингте 49 орында тұр. Соның арқасында жерлесіміз іріктеу сынына қатыспай-ақ Азия кубогында күш сынасу құрметіне ие болды.

Жалпы алғанда спорттың бұл түрінде азиялықтардың беделі өте зор және де қарқындары өте күшті. Бүгінгі таңда «ТОП-50» үстел теннисшілерінің тең жартысынан астамы сары құрлықтың өкілдері екені жоғарыда айтылған сөзімізге дәлел. Олардың арасында Жапонияның – 7, Қытай мен Оңтүстік Кореяның – 6, Тайпейдің – 3, Үндістанның – 2 және Гонконг пен Қазақстанның – 1 ойыншысы бар. Бұл аз десеңіздер, Аспанасты елінің үш бірдей өрені әлемдік рейтингте көш бастап тұрғанын да ескерген жөн. Олар ­– Фан Чженьдон, Сюй Синь және Линь Гаоюань. Төртінші орында – жапониялық Томокадзу Харимото. Сондай-ақ, 7-10 орындарға да азиялықтар жайғасып отыр. Олар ­– кореялық Ли Сан Су, гонконгтық Вон Чун Тин және жапониялық Коки Нива мен Джун Мизутани. Одан кейінгі үш орын да сары құрлық өкілдеріне тиесілі. Міне, осы деректердің өзі-ақ Азияда үстел теннисінің даму қарқыны керемет екенін айғақтап тұр.

–  Азия кубогында Кирилл Герасименконың сәтті өнер көрсетуі көп жағдайда жеребеге байланысты болмақ. Мәселен, өткен жылы ол кіл мықтылармен бір топқа түсті. Жерлесімізге әлемнің бірінші ракеткасы, қытайлық Фан Чженьдонмен айқасуға тура келді. Төрткүл дүниенің теңдессіздер тізімінде төртінші орында тұрған жапониялық Томокадзу Харимотомен де күш сынасу оңай болған жоқ, – дейді Қазақстан құрамасының кеңесші-бапкері Дмитрий Левенко.