• RUB:
    5.05
  • USD:
    521.81
  • EUR:
    543.67
Басты сайтқа өту
Қоғам 03 Сәуір, 2019

Алғашқы медициналық көмекке – айрықша назар

1371 рет
көрсетілді

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсетудің қолжетімділігі мен сапасын арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

Министрдің айтуынша, Елбасының Жолдауын іске асыру мақсатында ми­нис­трлік Бастапқы медициналық-санитарлық көмекті дамытудың негізгі бағыттарын іске асырудың 2019-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекітті.

2019 жылы еліміздің медициналық жоғары оқу орындарындағы 5 мыңнан астам түлектің 1515-і жалпы практика дәрі­гері маманы болады. Бұл алғашқы меди­циналық көмек кадрларының тапшы­лығын түгел қамтуға жеткілікті. Биылдан бастап түлектер мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында міндетті түрде үш жылдық жұмыстарын өтейді.

 БМСК қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін ұйымдарды ірілендіру жұ­мыс­тары жүргізілуде. Алдағы үш жылда 120 млрд теңгеден астам сомаға жаңа 595 БМСК нысанын ашу жоспарланған. Бұл ретте, нысандардың жартысынан астамын мемлекет-жекешелік әріптестік шеңберінде ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар 228 БМСК нысанына күрделі жөндеу жүргізіліп, 11 мыңнан астам медициналық техникамен қамта­ма­сыз етіледі.

«Денсаулық» мем­лекеттік бағ­дар­ламасы аясында негізгі созылмалы ауруларды басқару бағ­дар­ламасы кеңейтілуде. Елбасының тапсыр­масы бойынша, ауруларды басқару бағ­дар­ламасын енгізген мамандарды ынталан­дыру мақсатында 2019 жылдың басы­нан 36 мың учаскелік медицина қызмет­кер­інің жалақысын кезең-кезеңімен 20 пайызға ұлғайту жос­парланып, оған 5,3 млрд теңге қарастыру көзделді. Бұған қоса, Е.Біртанов БМСК-ті толықтай цифрландыру процесіне тоқталып өтті.

«2018 жылдың қорытындысы бойын­ша денсаулық сақтау ұйымдарын ком­пью­терлік техникамен жабдықтау көрсеткіші 95,1 пайызды құраса, қалалар мен аудан орталықтарында интернет желісі мен медициналық ақпараттық жүйені енгізу көрсеткіші 100 пайызға жетті» деді ол. Денсаулық сақтау ұйымдарының 99 пайызында медициналық құжатты қағазсыз жүргізу енгізілді, 2 млн-нан астам адам емде­лушілерге арналған мобильдік қосым­шаны қолдануда. Цифрландырудың нәтижесінде емханаларға келу 2 есеге, кезектер саны 60 пайызға қысқарды. Аталған мәселе жөнінде Ақмола об­лы­­сының әкімі Е.Маржықпаев, Жам­был об­лысының әкімі А.Мырзах­метовтің есептері тыңдалды.

Өз кезегінде, Премьер-Министрдің орын­басары Гүлшара Әбдіқалықова биыл 2016-2019 жылдарға арналған «Ден­саулық» бағдарламасы аяқталатынын атап өтті. Сондықтан да Бастапқы меди­циналық-санитарлық көмекті дамы­тудың негізгі бағыттарын іске асыру­дың 2019-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын қабылдау қажет. Г.Әбдіқалықова әкімдер мен мемлекет­тік органдарды алдағы 5 жылда ден­сау­лық сақтау саласында негізгі басымдық БМСК сапасы мен қолжетімділігін арт­тыруға берілетінін ескере отырып, өз ұсыныстарын енгізуге шақырды.

Мәселені қорытындылаған А.Мамин Үкіметтің алдында халыққа медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету және оның сапасын жақсартудың ортақ міндеті тұрғанын атап өтті.

«Бұл қазақстандықтардың ден­сау­лығын жақсартып, өмір сүру ұзақтығы мен сапасын арттырады. Осы ретте халықтың бастапқы медициналық көмекке қолжетімділігін қамтамасыз ету – аса маңызды мәселе» деген А.Мамин, аталған жүйедегі проблемаларды, соның ішінде алғашқы буын дәрігерлері жүктемесінің ауыр екенін, себебі маман тапшылығы бар екенін атап өтті. Осыған орай Үкімет «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында жаңа әлеуметтік стандарттарды енгізіп, ауылдық жерлерде денсаулық сақтау ұйымдарының құ­рылысы бойынша өңірлік стандарттар жүйесін әзірлеуде. Үкімет басшысы мін­деттерді іске асыру мақсатында Ден­сау­лық сақтау министрлігіне және өңір­лер­дің әкімдіктеріне бірқатар бағыт бойын­ша жұмысты ұйымдастыруды тапсырды.

Біріншіден, жаңа алғашқы меди­циналық-санитарлық көмек нысандарын ашу арқылы жалпы практика дәрігерлерінің жүктемесін азайту шараларын қамтамасыз ету қажет. Сонымен қатар бұл нысандар қажетті медициналық құралдармен жарақтандырылуы тиіс. Осыған орай Қарағанды облысындағы Көктас ауылы және Жамбыл облысындағы Гродеково ауылында жүзеге асырылған тиімді жобалар атап өтілді. Премьер-Ми­нистрдің айтуынша, енді осы оң тәжірибе басқа да өңірлерде қолданылуы керек.

Екіншіден, жас мамандардың ауылдарда тұрақты жұмыс істеп, елді мекендерде қалуы үшін оларға әлеуметтік қолдау көрсету мәселелерін пысықтау қажет. Мысал ретінде Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында жас мамандарға жоғары көтерме ақы төлеу, ал Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмысы ұйымдастырылғаны аталып өтті. Премьер-Министр осындай бастамаларға көңіл бөлу керек екенін айтты.

Үшіншіден, Елбасының тапсырмасын тиімді орындау мақсатында Ден­сау­лық сақтау министрлігінің Бастапқы меди­циналық-санитарлық көмекті дамыту бойынша іс-шаралар жоспарын Үкімет деңгейіне көтеру керек. Министр­лікке бір ай мерзімде іс-шаралардың жандандырылған жоспарын әкімдіктермен пысықтап, оны бекіту үшін Премьер-Министр Кеңсесіне енгізу тапсырылды.

Мұнан кейін Үкімет отырысында ветеринарлық және фитосанитарлық қауіпсіздік мәселесі қаралды. Осы мәселе бойынша баяндаған Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров өткен жылы Халықаралық эпизоотиялық бюро (ХЭБ) тәуелсіз шетелдік сарапшылар миссиясының қорытындысы бойынша 2011-2017 жылдардағы еліміздің ветеринариялық қызметін жаңғырту нәтижелерін жоғары бағалағанын айтты. Мәселен, бағаланған 47 көрсеткіштің 14-і бойынша Қазақстан өз позициясын жақсартты, 30-ы бойынша жоғары бағасын сақтап қалды, 3-уі бойынша жақсарту жөнінде ұсыныстар берілді.

Министрдің айтуынша, ХЭБ ұсы­нымдарына сәйкес бруцеллезге қарсы күрес стратегиясы қайта қаралды, жоғары патогенді құс тұмауына қарсы күрес стратегиясына өзгерістер енгізілді. Сібір жарасы бойынша жыл сайын елді мекендерді 100 пайыз қамти отырып, сезімтал жа­нуар­ларға алдын ала вакцинациялау жүр­гізіледі.

«Қазақстан нодулярлық дерматитке қарсы күрес жөніндегі халықаралық сарапшылардың оң қорытындысын алды. Осы жылдың ақпан айында Қытайдың Бас кеден басқармасы Қазақстанды нодулярлық дерматит бойынша саламатты деп таныды, аусыл бойынша шектеулер алынып тасталды, ірі қара және ұсақ мал еті бойынша ветеринариялық талаптар келісілді, ет комбинаттарында инспекция жүргізілді, қой етін қайта өңдейтін 5 кәсіпорын тізімге енгізілді және сиыр етін қайта өңдейтін 4 кәсіпорын енгізіледі деп күтілуде. Бұл өз кезегінде қазақ­стандық ет өнімдерінің Қытай нарығына шығуына жол ашты», деді С.Омаров.

Халықаралық эпизоотиялық бюрода вакцина салынбайтын аймақтағы (Қазақстанның 9 облысы) және вакцина салынатын 5 аймақтағы еліміздің аусыл бойынша саламаттылығы қайта расталды.

Иранмен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде сиыр етін, ұсақ малдың субөнімдерін, тағамдық жұмыртқаны, союға арналған малды экспорттауға қойылатын ветеринариялық талаптар келісілді. Сауд Арабиясы Корольдігімен ірі қара және ұсақ малдарды сою және өсіру үшін экспорттауға арналған вете­ри­нариялық сертификат келісілді. Бахрейнге сиыр еті мен қой етін экспорттау жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта Қытаймен шошқа еті бойынша ветеринариялық талаптар, Оманмен сиыр еті мен қой етіне, тірілей ірі қара малға арналған ветеринариялық сертификат келісілуде.

«Пестицидтер, оны сақтау, тасымалдау және қолдану жөніндегі көрсетілетін қызметтер сатып алынды. Сәуір айының екінші онкүндігінде оңтүстік өңірлерде шегіртке зиянкестеріне қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда» деді Ауыл шаруашылығы министрі.

Қазақстан осы айдан бастап Еура­зиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттермен шекараға жақын жерлерде 32 ветеринариялық және фито­санитарлық бақылау пунктін орнатуда.

Өңірлерде ветеринарлық шаралардың орындалуы туралы Батыс Қазақстан облы­сының әкімі Алтай Көлгінов, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев, Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов баяндады.

Мәселені қорытындылаған Премьер-Министр Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасын іске асыру аясында Үкімет алдында 2022 жылға дейін өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын кемінде 2,5 есеге өсіру міндеті тұрғанын атап өтті.

«Осыған орай ветеринарлық және фитосанитарлық қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз етуіміз қажет» деді А.Мамин.

2017 жылы Қазақстанның барлық өңірі аусылдан таза аймақ мәртебесін алды. Нәтижесінде, Иран, БАӘ, Сауд Ара­бия­сына мал шаруашылығы өнімдерінің экспортына қойылған шектеу алынды, тиісті шарттар келісілді. Қазіргі таңда Израиль, Қытай, Оңтүстік Корея және тағы да басқа елдермен осы бағытта келіссөздер жүргізілуде. Биыл наурызда қазақстандық фитосанитарлық қызмет 30 ұн кәсіпорнын тексеріп, олар ҚХР-ға бидай ұнын экспорттаушылар тізіміне енгізілді.

«Ветеринарлық және фитосанитарлық кедергілерді алу және өткізу нарықтарын кеңейту бойынша жұмысты жалғастыру қажет. Қазақстанның жоғары сапалы және экологиялық таза өніммен қамтамасыз ететін сенімді көзге айналуға барлық әлеуеті бар», деді А.Мамин.

Осыған орай, Үкімет басшысы Ауыл шаруашылығы министрлігіне өңірлердің әкімдерімен бірлесіп жергілікті жерлердегі тұрақты эпизоотиялық ахуалды қамтамасыз ету; мал қорымдары орындарының ветеринарлық-санитарлық талаптарға сәйкес болуы; егіс алқаптарын зиянкестерге қарсы өңдеу шараларын уақтылы жүзеге асыру; тиімді вете­ри­нарлық және фитосанитарлық бақылауды қамтамасыз ету секілді мәселелерге ерекше назар аударуды тапсырды.

«Бұл ретте, Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен өзара саудаға қатысты жа­салған келісімдер аясында тиісті рә­сімдерді жүргізу қажет» деп атап өтті А.Мамин.