Бейсенбі, 1 наурыз 2012 7:30
Еліміздегі заңдылықтың сақталуында прокурорлардың ықпалы қашанда айрықша екендігі белгілі. Бұл орайда құзырлы органның тексерісі көптеген кемшіліктердің бетін ашық та, ашып та көрсетіп келеді. Соның бірі мәселен, прокурорлық тексеру қорытындысы нәтижесінде ашылған қылмыстық қудалау органы мен сараптау мекемелері тараптарынан жіберілген көптеген заң бұзушылықтар болып отыр. Міне, осы мәселелерді арқау еткен алқа мәжілісі кеше Бас прокуратурада болып өтті.
Бейсенбі, 1 наурыз 2012 7:30
Еліміздегі заңдылықтың сақталуында прокурорлардың ықпалы қашанда айрықша екендігі белгілі. Бұл орайда құзырлы органның тексерісі көптеген кемшіліктердің бетін ашық та, ашып та көрсетіп келеді. Соның бірі мәселен, прокурорлық тексеру қорытындысы нәтижесінде ашылған қылмыстық қудалау органы мен сараптау мекемелері тараптарынан жіберілген көптеген заң бұзушылықтар болып отыр. Міне, осы мәселелерді арқау еткен алқа мәжілісі кеше Бас прокуратурада болып өтті.
Оған Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Ішкі істер, Әділет және Денсаулық сақтау министрліктерінің, Кедендік бақылау комитетінің басшылары қатысты. Онда қылмыстық қудалау органдары сот сараптамасын тағайындау кезінде туындайтын мәселелер мен 2011 жылдағы сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша сот-тергеу тәжірибесі және прокурорлық қадағалаудың жай-күйі туралы кеңінен сөз болды. Алқа жұмысына Бас прокурор Асхат Дауылбаев төрағалық етті.
Қылмыстық қудалау органы мен сараптау мекемелері тараптарынан жіберілген көптеген заң бұзушылықтардың туындауына себеп болып отырған жәйт, көбіне, дер кезінде сараптама тағайындамау салдарынан қылмысты ашуға септігін тигізетін айғақтардың жойылу деректері екен. Бұған бұрын да айтылып келе жатқандай, тергеушілер мен анықтаушылардың кәсіби деңгейінің төмендігі басты проблема болып отыр. Оны сараптама тағайындау туралы қаулылар мен негізсіз тағайындалған сараптамалар көрсеткен. Осыған байланысты алқа сараптама тағайындау мен жүргізу тәртібін сапалы түрде қайта қарау және онтайландыру, сараптама мекемелері мен құқық қорғау органдарының өзара іс-қимыл нысандарын жетілдіру, сараптама зерттеулерінің тағайындалуы және жүргізілуіне ведомстволық бақылауды қамтамасыз ету қажеттігін атап көрсетті.
Сараптама жүргізудің нақты көрсеткіштерін әзірлеу, оларды негізсіз тағайындау деректерін жою, зерттеудің заманауи және нақты әдістерін жүргізу аясын белсенді түрде кеңейту, зертханалардың материалдық базасын жақсарту ұсынылды. Прокурорларға тергеу және анықтау органдары мен сараптама мекемелерінің қызметіне қадағалауды күшейту, сараптама тағайындау және жүргізу кезінде қылмыстық процеске қатысушылардың құқықтарын бұзу фактілерінің дер кезінде жолын кесу тапсырылды.
Сондай-ақ, отырыста сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша қылмыстық істерді тергеу және сотта қарау кезінде жиі орын алатын кемшіліктер талқыланды. Мәселен, қылмыстық қудалау органдары сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстар бойынша күдіктіні ұстау кезінде азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының бұзылуына жол берілетіндігі атап көрсетілді. Бір факті бойынша бірнеше қылмыстық іс қозғау жиі кездеседі, нәтижесінде аталған санатқа қылмыстың сыбайлас жемқорлыққа жатпайтын құрамдары да енеді де, қылмыстық жауапкершілікке кінәсіз адамдар тартылады.
Кейбір жағдайларда қылмыстық қудалау шеңберіне болмашы қылмыстар жасаған адамдар ілігеді, ал жүйелі сыбайлас жемқорлық қылмыстары құқық қорғау органдарының назарынан тыс қалады. Негізінен анықталған қылмыстардың санына бағдарланған қолданыстағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің тиімділігін бағалау жүйесі сыбайлас жемқорлықпен күрестің шынайы бейнесін көрсетпейді, көрсеткіштердің жасанды түрде артуына себеп болады. Осындай жәйт салдарынан сотталушыларды ақтау, істі қосымша тергеуге қайтару немесе ақталатын негіздермен қысқарту, сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстарды басқа қылмыстарға саралауға жол беріледі.
Алқа қорытындысы бойынша құқық қорғау және сот органдарына сыбайлас жемқорлық қылмыстары туралы қылмыстық істерді қозғаудың заңдылығы мен негізділігіне ведомстволық бақылауды күшейту үшін пәрменді шаралар қабылдау, тергеу сапасын арттыру, осы санаттағы істер бойынша заңсыз сот актілерін шығаруға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою, тергеу амалдарының сапалы жүргізілуіне басшылардың дербес жауапкершілігін арттыру ұсынылды. Бұған қоса әр сотталушыны негізді ақтау, қылмыстық істі қосымша тергеуге қайтару немесе қайта саралау деректері бойынша тиісті шаралар қабылдай отырып, егжей-тегжейлі қарау қажеттілігі атап көрсетілді.
Сөйтіп, аумақтық прокурорларға тергеу заңдылығына және тергеу органының сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстың жасалғаны туралы арыздар мен хабарламалардың әрқайсысы бойынша дер кезінде заңды шешім қабылдауына қадағалауды күшейту, барлық қозғалған қылмыстық істер бойынша мән-жайдың жан-жақты, толық және объективті тексерілуін қамтамасыз ету тапсырылды.
Александр ТАСБОЛАТОВ.