• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 04 Сәуір, 2019

Мәулен Әшімбаев көп балалы аналарды қабылдады

498 рет
көрсетілді

Көп балалы аналар мен әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсету, халықтың әл-ауқатын арттырып, осы бағыттағы өзекті мәселелердің оң шешілуіне ықпал ету «Nur Otan» партиясының жұмысындағы негізгі басымдық болып саналады. Өйткені бұл – Елбасы, партия Төрағасының тікелей тапсырмасы. Соған сәйкес «Халыққа көмек» жобасы қолға алынып, тың бастамалар жүзеге асырыла бастады. Сондықтан бүгін партияның республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтарды қабылдаған Мәулен Әшімбаев осы салаға ерекше назар аударды. Бұл туралы «Nur Otan» партиясының баспасөз қызметі хабарлады.

Қабылдауға еліміздің кейбір өңіріндегі азаматтар бейнеконференция байланысы арқылы қатысты. Солардың бірі Түркістан облысы Кентау қаласының тұрғыны, көп балалы және жалғызбасты ана Нағима Өмірзақова. Ол партиядан күн көріс деңгейіне байланысты мемлекет тарапынан көрсетілетін атаулы әлеуметтік көмек алуға жәрдем сұрай келген.

Ал Алматы облысының тұрғыны, 8 баланың анасы Гауһар Шалғынбаева өзінің жер телімі бар екенін айтып, енді үй салу үшін қолдау көрсетілсе деген өтінішін жеткізді. Жалғызбасты ананың бар тілегі балаларын баспанамен қамту.

Павлодарлық Елена Кукуруза да 4 баласын бір өзі тәрбиелеп отыр. Бүгінде балалары үшін алатын жәрдемақыға пәтер жалдап отырған ол партиядан баспана мәселесі бойынша қандай да бір көмек болса деген өтінішін жеткізді. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны, «Алтын алқа» иегері, жолдасынан ерте айырылған Құралай Ақаева да партиядан материалдық көмек сұрап, өтінішін білдірді.

Мәулен Әшімбаев олардың барлығына «Халыққа көмек» жобасы аясында заң шеңберінде тиісті көмек көрсетілетінін айтып, партияның бірқатар аймақтық филиалдарына нақты тапсырмалар берді. Өз кезегінде филиал төрағаларының бірінші орынбасарлары аталған мәселелерді оң шешудің тиімді тетіктерін қарастырып қойғанын жеткізді. Сондықтан көп балалы аналардың мәселелері көп ұзамай оң шешімін табады деуге толық негіз бар.

«Nur Otan» партиясы Төрағасы Бірінші орынбасарының қабылдауына келген Дархан Біләлов жұмыс таба алмай жүргенін айтты. Қуанышқа орай бұл мәселе дереу шешімін тауып, жас маман тұрақты жұмыспен қамтылды. Енді ол партияның қоғамдық қабылдау бөлмесінде жұмыс істейтін болды.

– Партия Елбасының тапсырмасымен қолға алынған «Халыққа көмек» жобасы арқылы азаматтарға нақты көмек көрсетеді. Қиындыққа тап болған азаматтар дер кезінде біздің қолдауымызды сезінуі тиіс. Сол үшін «Бірыңғай әлеуметтік терезе» жүйесін іске қостық. Қазірдің өзінде жоба өз жемісін бере бастады. Алдағы уақытта бұл бастама партияның халыққа қолдау көрсету бағытындағы жұмыстарын жаңа деңгейге шығарады деп сенеміз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Айта кетейік, «Халыққа көмек» жалпыұлттық жобасы Елбасы партияның кезекті XVIII съезінде анықтап берген әлеуметтік басымдықтардың бірі. Оның негізгі мақсаты – халықты алаңдатқан өзекті мәселелерді шешуге партия тарапынан нақты үлес қосу. Ол үшін партияның барлық филиалында жұмыс істейтін қоғамдық қабылдау бөлмелерінде Бірыңғай әлеуметтік терезелер ашылды. Сол арқылы халықты алаңдатқан барлық өзекті әлеуметтік мәселелерді дереу анықтап, жан-жақты талдап, оларды оң шешу үшін мемлекеттік органдармен, үкіметтік емес ұйымдармен және бизнес қауымдастықпен бірлесіп жұмыс істелмек.

Қоғамдық қабылдау бөлмелерінің мекенжайлары партияның ресми сайтында толық көрсетілген. Одан бөлек, азаматтар ұялы телефон, әлеуметтік желілер, ватсап мессенджері, электронды пошталар, электронды үкімет арқылы да өз өтініштерін жолдауға мүмкіндік қарастырылған. Осылайша партия әр өтінішті мұқият қарап, оның оң шешілуіне ықпал етпек.

Осыған байланысты бүгінгі қабылдауда әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы келген өтініштер де қаралып, олардың шешу жолдары пысықталды. Атап айтқанда, жас кәсіпкерлер қарағандылық Алексей Ли мен алматылық Аңсар Оңалбаев өтініштерін әлеуметтік желі мен электронды пошта арқылы жолдап, өз істеріне партия тарапынан қолдау көрсетілуін сұраған. Соған байланысты алдағы уақытта осы бағытта тиісті жұмыстар қолға алынатын болды.

Сондай-ақ қабылдауға «Кедергісіз келешек», «Мектеп асханалары» сияқты партиялық жобаларға қатысты ұтымды ұсыныстарын білдірген белсенді азаматтар да келді. Алматы қаласының тұрғыны, Халықаралық бизнес академиясы колледжінің оқытушысы Наталья Краснова мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау көрсету бағытында студенттер театрын ашқанын айтты.

– Жобаның басты мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандардың жаңа қырларын ашып, өмірге деген құлшыныстарын арттыру. Театр труппасының құрамында колледж студенттері мен «РУХ» мүмкіндігі шектеулі жандар орталығының жастары бар. Қазірдің өзінде Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларындағы сахналарға шығып, 24 спектакль қойдық. Алдағы уақытта осы игі іске партия қолдау көрсетсе дейміз, – дейді Н.Краснова.

Мәулен Әшімбаев бұл бастаманың қамкөңіл жандар үшін берері мол екенін айтып, партияның «Кедергісіз келешек» жобасы аясында осы бағытта атқарып жатқан жұмыстарына тоқталып өтті. Одан бөлек, партия Төрағасының Бірінші орынбасары театр жұмысын кеңінен насихаттау үшін «Nur Otan» тарапынан ақпараттық қолдау көрсетілетінін жеткізді.

«Мектеп асханалары» партиялық жобасы бойынша өз ұсыныстарын айта келген Тамақтану мәселелері институтының директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Ерболат Дәленов, Дұрыс тамақтану бірлестігінің төрағасы Қабыкен Закарянов және Мектептерге дұрыс тамақтану жүйесін енгізу қауымдастығының төрағасы Марат Баелов білім ошақтарындағы тамақтану жүйесіне көңілдері толмайтындарын жеткізді. Бұл мәселені ғылыми тұрғыда қайта қарап, ортақ жүйе енгізу керектігін айтқан олар жас буынның дені сау, бәсекеге қабілетті болып қалыптасуы үшін осы істің маңызы зор екеніне баса мән берді.

Бұл жөнінде «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары партияның осы бағытта қолға алған жұмыстарына назар аударып, биылдың өзінде мемлекеттік органдардың және үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен еліміз бойынша 3500 мектеп асханасының жұмысы тексерілетінін айтты.

Қоғамдық қабылдау кезінде өз ауылын ауыз сумен қамту мәселесін көтерген Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданы Қиялы ауылының тұрғыны Татьяна Иванованың да өтініші тыңдалды. Партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары қазіргі таңда бұл мәселе бойынша өңірде «Құтты мекен» партиялық жобасы аясында нақты жұмыстар қолға алынғанын айтып, барлық іс-әрекет партияның бақылауында болатынын жеткізді.

Іс-шара соңында Мәулен Әшімбаев қабылдау нәтижесі бойынша анықталған мәселелерді оң шешу үшін партияның Орталық аппараты мен барлық аймақтық және аумақтық филиалдарына тапсырмалар беріп, әр өтініштің қараусыз қалмауы керектігін ерекше атап өтті.