• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Сәуір, 2019

Қарағандыда облыстық ҚХА-ның «E-medіator» веб-сайты таныстырылды

551 рет
көрсетілді

Қарағандыдағы «Достық үйінде» облыс әкімі аппараты жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен «Қарағанды облысындағы мектеп медиациясын дамыту» атты жиын өтті.

Аталған іс-шараға Қарағанды облыстық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының өкілі,  № 3 Октябрь аудандық сотының судьялары, Қарағанды облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының мамандары, кәсіби және кәсіби емес медиаторлар қатысты.

Кездесуде  мектептегі медиация қызметі туралы ғана емес, сондай-ақ отбасылық соттар туралы да мәселелер жан-жақты талқыланды. Себебі,  қазіргі таңда толыққанды емес отбасыларында тәрбиеленбеген балалар мен жасөспірімдерге айрықша көңіл бөлу керектігі күн тәртібінде өте өткір тұрған мәселе.  

– Мектептегі татуластыру қызметін дамытуда психологтар мен әлеуметтанушылардың және мұғалімдер мен оқушылардың күштерін біріктіру қажет.  Мектептер арасында жасалған ынтымақтастық өңірде бірлік пен бейбітшілікті және қоғамдық келісімді дамыту бойынша жақсы нәтиже беретіні сөзсіз, –  деді басқосуда сөз алған «Диалог» дауларды шешу орталығының басшысы Татьяна Савицкая. 

 Сонымен қатар, жиында қорған болу және қамқорлыққа алу мәселелері бойынша тегін ақыл-кеңесті Қарағанды облысының кәсіби делдалдары қауымдастығы жүзеге асыратындығы айтылды. Кәсіби медиаторлар медиация мәселелері бойынша кеңес беріп, түрлі дау-дамайларды шешуге көмектеседі. Осы мәселелер бойынша олар халық арасында жеке қабылдаулар жүргізеді немесе телефон байланысы арқылы да жәрдем береді.

Оқу орындарында қақтығыстарды болдырмау, қылмыстың алдын алу, жанжалдарға қатысушыларды әлеуметтік оңалту мақсатында Қарағанды облысының білім беру басқармасы мұғалімдерге арнайы  медиатор жаттықтырушы курсын  өткізді. Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне дейін облыстың білім беру мекемелерінде медиация қызметінің атқаратын жұмысы жоспарланды.

Жиын барысында Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының  «E-medіator»  веб-сайты таныстырылды. Онда медиация  және медиаторлардың жұмысы туралы жан-жақты ақпарат жинақталған. Семинар соңында қатысушылар Қарағанды облысының медиация институтын дамытуда күш біріктіріп, тізе қоса жұмыс істеу туралы шешім қабылдады.  

Қарағанды облысы