• RUB:
    5.05
  • USD:
    521.81
  • EUR:
    543.67
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Сәуір, 2019

Күнгейде егіс науқаны басталды

1268 рет
көрсетілді

Еліміздің бау-бақшалы аймағы Түркістан облысында биыл көктемгі егіс науқаны ерте жанданды. Осыған орай Түркістан облысы Орталық коммуникациялар қызметінің көшпелі алаңында арнайы баспасөз конференциясы өтті.

Ордабасы ауданы, Төрткүл ауылдық округіне қарасты Арыстан ауылында ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында Ауыл шаруашылығы министрлігі Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаменті директорының орынбасары Ақпар Мәуленов, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Стратегиялық жоспарлау және талдау бөлімінің бастығы Саят Әсетов және Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов қатысты.

Атыз басында қайнаған еңбек күзде өтеледі деген диқандар қара жерге маңдай терлерін аямай-ақ төгіп жатыр. Мемлекеттік көмек пен ауыл шаруашылығына берілетін несиелерге ие болған тұрғындар егістік көлемін еселеп ұлғайта түскен.

Тарқатып айтар болсақ, ағымдағы жылы Түркістан облысында ауыл шаруашылығы дақылдарының алқабы 824 мың гектарды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 9,8 мың гектарға артқан. Егістерді әртараптандыруға сәйкес бидай – 174,8 мың гектарға, мақта – 121,2 мың гектарға, көкөніс, бақша дақылдары мен картоп – 124,2 мың, майлы дақылдар – 100,6 мың, дәндік жүгері – 45,9 мың, жемдік дақылдар 207,6 мың гектарға егіледі.

– Бүгінгі таңда жоспарланған жаздық дақылдардың 35 пайызы егілді. Оның ішінде жоңышқа алқаптың 86 пайызына, арпа-бидай 75 пайызға, көкөніс, бақша дақылдары 50 пайыздан астам алқапқа сіңіріліп үлгерді. Ауа райының жайлылығына байла­нысты көктемгі дала жұмыстары былтырғымен салыстырғанда  2 апта­ға ерте басталып отыр, – дейді Н.Бадырақов.

Диқандарды тұқыммен қамта­масыз ету үшін 13 арнайы тұқым шаруа­шылығы ұйымдастырылған. Жаз­дық дақылдар тұқымы толық жеткі­лікті. Аграрлық несие корпорация­сы арқылы берілетін 4,3 млрд теңгеге көктемгі дала жұмыстарын несие­лендіруге өтінім түсіп отыр. Оның 2,5 млрд теңгесін агроқұрылымдар алып, жұмыстарын бастап кетті. Қа­зіргі таңда Түркістанның ауыл шаруа­шылығы өнімдерінің ішінде көкөніс дақылдарының алатын орны ерекше. Өйткені 10 мың гектардан астам жерге ерте пісетін және пленка астында өсетін көкөністер егілді. Сәуірдің  20-25-нен бастап Нұр-Сұлтан, Ал­маты, Шымкент қалаларына қырық­қабат жөнелтілетін болады.

Ауыл шаруашылығы министрлігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, еліміз бойынша өндіріске жарамды 147 мың трактор, 79,4 мың соқа, 249 мың топырақ өңдейтін құрал бар. Ал Түркістан облысында көктемгі науқанға 18 мың трактор, 2 900 культиватор, 1 800 тұқым сепкіш, 12 900 соқа дайындалды. Айта кету керек, өңірде шамамен 55 мың ұсақ шаруашылықтарды біріктірген 627 ауыл шаруашылығы кооперативі бар.

Бүгінде күн күлімдеген түстікте 175 мың гектар алқапқа жаздық дақылдар егілді. Сәуір айының соңын ала базар сөрелеріне түсетін қызанақ, қияр дәл осы Түркістан өңіріне қарасты аграрлық аудан диқандарының бақшаларында өседі. Былтыр бау-бақша өнімдерін өндіру мен экспорттауда рекордтық көрсеткішке қол жеткізген Түркістан бұл жетістікті жаңғыртуға ниетті.

 – Қазіргі таңда мақта егілетін алқапты дайындаудамыз. Биыл мақтаның Түркияда егілетін «Лотос» деген сұрпын егуді қолға алдық. Бұл сапалы сұрыпты соңғы екі жылда сынап көрдік, нәтижесі жаман емес. Суармалы 706 гектар жердің барлығына осы тұқымды себеміз. Былтыр 200 гектар егіліп, әр гектары 48 центнерден өнім берді. Ал өзіміздің сұрыпты 240 гектарға егіп, небәрі 15-ақ центнерден өнім алдық. Екі тұқымға кететін жұмыс күші, себілетін тыңайтқыш пен дәрі-дәрмек бірдей. Айырмашылық, тұқымдардың бағасында болып тұр. Түркиялық сортқа былтыр субсидия берілген еді. Шаруалар осы ұрық түрін егетін болса, онда өнімді мол алып, еңбектерінің жемісін молынан көрер еді. Жалпы, егінге қажетті жанармай, дәрі-дәрмектер мен тыңайтқыштарды субсидиямен уақтылы алып отырмыз. Алайда, бізді алаңдатып отырғаны тұқымның бағасы. Түркияда егілетін мақта ұрығының әр килосын 1,5 мың теңгеден алсақ, өзіміздің тұқымдықты 300 теңгеден аламыз. Бір гектарға 20 килодай тұқым себілетін болса, шетелдік тұқымдықтың бағасы қанша болатынын есептей беріңіз. Сондықтан шаруаларға осы тұқымды алу үшін субсидияны көбірек қарастырса жақсы болар еді.

Жер емген диқандар үшін көктемгі егіс науқаны кезінде кездесетін кедергілер де аз емес. Соның бірі – жанар-жағармай тапшылығы.

Түйткілді мәселені шешу үшін Энергетика министрлігінің Ауыл шаруашылығы министрлігімен ке­лісімі бойынша наурыз-маусым кезе­ңіне 380 мың тонна дизель отыны бөлінді. Егістік алқаптың ұл­ғаюын ескере отырып, өңірлерге қо­сымша 5 мың тонна дизель отыны бөлінді. Алдағы уақытта отын өңір­лерге бекітілген кестеге сәйкес жет­кізілмек. Энергетика министрлігі жа­ғар­майдың 1 литрін 160 теңгеден белгі­леді. Операторлардың жеткізу құны­н есепке алғанда, өңірлердегі ор­таша баға 176 теңгеге тұрақтады. Бұл на­рық­тық бағадан 10 пайызға арзан.

Климаты жер өңдеу ісіне қолайлы Түркістан облысы үшін егістік жерді жалға алуда, тұқым сатып алуда қаржылай қолбайлау кездесіп жатады. Осы ретте салалық министрлік 2019 жылы «Кең дала» бағдарламасы аясын­да АӨК субъектілерін несиелен­діруге жылдық сыйақы мөлшерлемесі 7 пайыздан аспайтын 60 млрд теңге қаржы бөліп отыр.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді қаржыландыруға не­сие­­­лік серіктестіктері арқылы – 13 млрд теңге, екінші деңгейлі банктер ар­қылы 14 млрд теңге, тікелей несиелеу арқылы 33 млрд теңге несие берілді.

2006-2007 жылдары сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістан қаласы ау­ма­ғында азық-түлік белдеуін құру тура­лы айтқан болатын. Бүгінде облыс ор­та­лығында осы бастама жалға­сын табуда. Өңір басшысының тапсырмасына сәйкес, Түркістан қаласының айналасында радиусы 20 шақырым жерге азық-түлік белдеуін қалыптастыру жобасын іске асыру бойынша 20 мың гектар жер анықталды. Жобаның бірінші кезеңінде Түркістан-Шымкент бағытында мың гектар алқапта азық-түлік белдеуін қалыптастыру ісі басталып кетті. Жобаның негізгі мақсаты – әлемдегі озық агротехнологияларды пайдалана отырып, еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру.

Қазіргі таңда Шаға ауылдық округында 121 субъектіден тұратын Ынтымақ кооперативі құрылып отыр. Бұл мың гектар алқапта жалпы жаңбырлатып суару технологиясымен 400 гектар жерге дәндік жүгері егіледі. 400 гектарға сүрлемдік жүгері, 200 гектарға жоңышқа егіледі. Өнімді кооператив тауарлы сүт фермасына жұмсау арқылы сүтті қайта өңдеп, тауар өндірушілер арзан бағамен және жоғары өнімділікпен Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларына жеткізетін болады. Бұл жоба ғалымдардың кеңесімен жүзеге асырылады. Яғни, ол жердегі топырақтың сынамасы, макро-микро тыңайтқыштардың көлемін анықтау сала білгірлерінің қолдауымен жүр­гізі­леді. Ал келер жылы бұл жоба Түр­кістан – Қызылорда, Түркістан – Оты­рар, Түркістан – Кентау бағытындағы жалпы ауданы 14 мың гектар алқапты қамтымақ.

Түркістан өңірінде негізінен тамшылатып суару жүйесі жақсы да­мыған. Оның көлемі 65 мың гектарға жет­ті, республикадағы осы жүйенің 75 пайы­зы Түркістан облысына тие­сілі. Енді азық-түлік белдеуін қалыптас­тыру жобасы аясында жаңбырлатып суару жүйесін дамытуды жоспарлап отыр. Яғни, АҚШ, Аустралия елдеріндегі тәжірибені Түркістан облысында енгізу жоспарлануда.

Күн қабағы ерте ашылған Күнгейде егістік науқаны қызып жатыр. Еңбек майданы енді өзге өңірлерде де жанданып сала береді.

 

Түркістан облысы,

Ордабасы ауданы