• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 05 Сәуір, 2019

Браконьердің көлігі енді киік қорғайды

1030 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облыстық прокуратурасы елімізде жойылып бара жатқан киікті қорғау мәселелері бойынша баспасөз мәслихатын өткізді. Жиында 2017-2018 жылдары киікті заңсыз аулауға қарсы іс-қимыл және табиғатқа келтірілген шығынды қайтару мәселелері талқыланды.

Айта кетейік, бүгінде еліміз бойынша ақбөкеннің ең көп сақталған жері – осы Ақ Жайық өңірі болып қалды. Мұнда 2018 жылы өткен әуе санағы 135 мың ақбөкен бар екенін көрсеткен. Ал Қазақстанның 5 облысы аумағын қамтып, ақбөкеннің ең көп өсіп-өнетін аумағы саналатын Бетпақдала популяциясы өткен жылдары төтен келген індеттен мүлдем азайып, небәрі 76 мың бас болып қалды. Үстірт популяциясындағы ақбөкен саны 3,7 мың бастан аспайды. Сонда кең байтақ қазақ даласында жез киіктің жалпы саны – небәрі 215,1 мыңнан аспайды. Мамандардың пікірінше, бұл өте аз.

Брифингке қатысқан Батыс Қазақстан облысы прокурорының аға көмекшісі Бауыржан Ахметжан заңсыз киік аулап, дериваттарын саудалағаны үшін өңірде 2017 жылы – 33 адам, 2018 жылы – 55 тұлға сотталғанын айтады. Соның ішінде 2018 жылы 7 адам әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айрылып, түрме жазасына кесілген. Осы екі жылда 79 тұлғаның бас бостандығы шектеліп, 2 адамға айыппұл салыныпы.

- Осы мерзімде браконьерлерден киіктің 616 төшкесі мен 955 мүйізі алынып, 25 мылтық, 1205 оқ-дәрі, 18 пышақ пен 19 қолара тәркіленіп, жойылды. Мемлекет пайдасына 14 автокөлік, 3 қаршана мен 1 квадроцикл тәркіленді, - дейді Бауыржан Зәкиұлы.

Браконьерлерден тартып алынған 2 «Toyota Land Cruiser» мен 1 «Нива» көлігі, 1 қаршана киік қорғаушылардың балансына берілген. Сөйтіп, бұрын қарақшылардың тақымында болған көліктер енді ақбөкенді қорғауға қызмет етіп жүр екен.

Дегенмен, осы заңсыз киік аулаушылардың іс-әрекетінен мемлекетке, табиғатқа келген шығынның орны толуы қиын. Мәселен, жоғарыда аталған қылмыстардың себебінен барлығы 1,1 млрд. теңге залал келтірілген болса, сот орындаушылары әзірге сол шығынның 12 млн. теңгесін ғана өндіре алған. Прокурорлық қадағалау актілерінің негізінде 13 автокөлікке, 15 жылжымайтын мүлікке тиым салынған. «Басқа да тиісті мәжбүрлеп өндіру шаралары қабылданды» дейді прокуратура өкілі. Яғни, сотталған тұлғалардың шетелге шығуына шектеу қойылып, олар жұмыс істейтін болса, жалақысының бір бөлігі мәжбүрлі түрде мемлекет есебіне аударылады.

- Биыл Батыс Қазақстан облысы аумағында киікті заңсыз ату оқиғасы тіркелген жоқ. Оның бір себебі, өңірде қыс қатты болып, қар қалың түсуіне байланысты ақбөкен қыста Атырау облысы аумағына ойысты. Ол жақтағы әріптестеріміз жыл басынан бері заңсыз киік аулаған 1 оқиғаны анықтаған, - дейді Батыс Қазақстан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Зәкария Тұралиев.

Жалпы, заңсыз киік аулау оқиғаларының көбеюіне – Оңтүстік Азия елдерінің қара нарығында ақбөкен дериваттарының өте қымбат бағалануы себеп болып отыр. Зәкария Тұралиевтің ауынша, қара нарықта киік мүйізінің бір килограмы – 150 мың теңгеден жоғары бағаланатын көрінеді. Тиісті органдар киік мүйізінің заңсыз саудасын құрықтауға да баса назар аударады.

Прокурордың айтуынша, 2018 жылы ақбөкенге қатысты Бөкей ордасы ауданында - 2, Жаңақала ауданында - 4, Жәнібектен - 5, Қазталов ауданында – 7 қылмыс тіркелген. Айта кетейік, 2018 жылы 19 ақпанда Қазталов ауданы сотының шешімімен ұйымдасқан топ өкілдері – Н.Садықов, М.Айшев, А.Жанғабаев, А.Тайғаренов, Е.Қадыров 5-8 жылға сотталған болатын. Мұндағы топ жетекшісі Нұрғазы Садықов өзі «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК қызметкері бола тұра, қызмет бабын пайдаланып, ұйымдасқан қылмыстық топ құрған және оған басшылық жасаған. Ол топ мүшелеріне жайылған киіктің қай жерде екенін, Орал қаласынан инспекторардың тексеретін маршруттарын айтып, бағыттап отырған. Сөйтіп ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері 2016 жылдың сәуірінен бастап 2017 жылдың маусым айына дейін Қазталов, Жәнібек, Бөкей ордасы аудандары және Атырау облысының Құрманғазы ауданы аумақтарында заңсыз киік атып, олардың мүйіздерін сақтаған. Сондай-ақ топ жетекшісі Н.Садықов және топ мүшесі М.Айшев атыс қаруын, оқ-дәрілерді заңсыз иемденіп, сақтаған. Қылмыстық топ осы уақыт аралығында 500-ге жуық киіктің көзін құртып, 745 273 800 теңгенің залалын келтірген.

Сондай-ақ 2018 жылы Ақтөбе гарнизонының әскери сотының шешімімен Жәнібек ауданында әскери қызметкер сотталды. Яғни, шекара қызметінің әскери қызметкері заңсыз киік аулап, қолға түскен.

Қазақстанда бір бас киіктің құны Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығына сәйкес 3,7 млн. теңгеге бағаланған. Ал киікті заңсыз аулағаны және олардың дериваттарымен заңсыз айналысқаны үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 337 және 339-баптарымен қылмыстық жауапкершілікке тарту және 7 жылға дейін бас бостандығын айыру жазасы қарастырылған.

Батыс Қазақстан