Бұл туралы «Nur Otan» партиясы облыстық филиалында өткен «Денсаулық» бағыты бойынша партиялық тыңдауда облыстың бас дәрігері Бауыржан Ысқақ айтты. Оның мәлімдеуінше, қазіргі таңда аймақтағы медицина қызметкерлерінің үлесін 4765 дәрігер мен 14961 медбике құрайды. Ал тұрғындардың дәрігермен қамтылуы тұрғысынан алғанда, Алматы облысында 10 000 адамға шаққанда 26,9 адамға бір дәрігерден келеді екен. Сондай-ақ, облыс бойынша 1834854 адамға «Электронды денсаулық паспорты» берілген. Бұл аймақтағы тұрғындардың 90,6 процентін құраған. Қазір Жетісу өңірін 2 025 200 адам мекендейді.
- Облыс дәргерлерінің еңбегін лайықты атауымыз керек. Ақ желеңді абзал жандар жұмысының нәтижесінде өткен жылы аймақтағы жалпы өлім саны 2,8 процентке азайды. Ал нәрестелердің шетінеуі 7,1 процентке кеміді. Бұл бұрнағы кезеңмен салыстырғанда айтарлықтай жақсы көрсеткіш. Әсіресе, созылмалы, жұқпалы аурулардың алдын алуда нәтиже бар. Мәселен, қан айналым жүйесі ауруы салдарынан болатын өлім 8 процентке төмендесе, туберкулезден ажал құшқандар дерегі 12,5 процентке түсті. Дәрігерлердің кәсіби көмегінің арқасында қатерлі ісікке шалдыққандар арасындағы өлім-жітім де азайып, көз жұмғандар қатары 2,8 процентке төмендеді, - деді Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқақ.