Күнделікті өмірде біз жиі көріп жүрсек те, сыры мен сымбатына зер салып жанымызбен үңіле бермейтін әр сәттің әдемі көрінісі Аянаттың бала қиялына қанат бітіргендей. Баябан даланы мыңбояуға шомылдырған әсем гүлдер, жазғы жазира, дүниеге жан бітірген шұғылалы көктем, сылдырап аққан тау өзені, буырқанған асау теңіз оның кенебінде қаз-қалпында көз алдыңа келеді. Небәрі 5-сыныпта оқитын Аянат бұған дейін бірнеше республикалық байқаудың жеңімпазы атанды. Былтыр ЮНЕСКО шеңберінде ұйымдастырылған балдырған суретшілер фестивалінде де ерекше көзге түсіпті. Алматыда оның әртүрлі жанрда орындалған қырықтан астам шығармасын қамтыған жеке көрмесі ашылды. Үлкен арманға қол созған кішкентай суретшінің идеясының кеңдігі, тақырыптарының тереңдігі көңіл қуантады.
– Аянаттың жұмыстарына қарап өз қатарластарының арасында деңгейі бар, болашағынан мол үміт күтуге болатын суретші деп айта аламыз. Картиналарынан өмірге, қоршаған ортаға деген балаға тән көзқарас, құштарлық пен мейірім шуағы еседі. Гүлдер, табиғат, теңіз, құстар, қала тынысы оған ерекше әсер еткен. Түс таңдауы, композициялық шешімдері бала жүректен өрілген. Кейде белгілі заңдылықтарға бағынып немесе ойлардың құрсауында қалғанына байланысты балалардың ойын, алған түстерін кәсіби суретшілер ала алмай жататын жағдайлар да болады. Баланың қасиеті – еркін, бүкпесіз, таза күйде бейнелей алуында, – дейді Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Шаттық Батан.
Балғын суретшіні мектеп табалдырығын аттаған сәттен сиқырлы өнердің сырына баулып жүрген ұстазы Раушан Нәбиқызы өрімдей қыздың дегдар салаға деген іңкәрлігі туралы ойын былайша жеткізді: «Аянаттың көзінде от бар. Ол өмірге ерекше құштарлықпен, махаббатпен қарайды. Сезімтал. Салған картиналарында теңіз бен аспанды, тау мен даланы тұтас құшағына сыйдырғысы келеді. Өзінің «Күн мен түн» деп аталған шығармасында ақ пен қараны, өмірдің көлеңкесі мен шуағын қатар қойып салыстыра бейнелейді. Суретшіні шыңға шығаратын еңбек пен ізденіс. Бұл қасиеттер кішкентай шәкіртімді қатарластарынан даралап тұрады».
Аянаттың «Мыңбояулы тіршілік» деп аталған жеке көрмесіне барып онымен әңгімелесудің сәті түсті. Төрт жасынан сурет сала бастаған ол өз картиналарында қоңыр түсті көбірек пайдаланатынын, болашақта Айша Ғалымбаева апасы сияқты әйгілі қылқалам шебері болуды армандайтынын айтады.
Періште көңілдің перизат өрнектеріне үңіліп, болашақ парасатты суретшінің қолтаңбасын көргендей марқайып қайттық. АЛМАТЫ